Жарысқа еліміздің 25 қаласынан бөлек, Ресей, Украина, Беларусь елдерінен 300-ден астам ойы мен қолы жүйрік интеллектуал азамат қатысты.
– Жарыс WCA (World Cube Association) ұйымы бекіткен 18 ереженің 16-сы бойынша өтті. Қатысуға ниет білдіргендердің басым көпшілігі өздерінің бақтарын алғаш рет сынап отыр, жас ерекшеліктері де әртүрлі. Ең кіші үміткеріміз 6 жаста болса, ересегіміз – 51-де. Осының өзінен-ақ рубик текшесіне деген қызығушылықтың қарқын алып келе жатқанын көруімізге болады, – дейді «Kazakstan speedcubing federation» ҚБ президенті Арман Машимов.
Жалпы, зияткерлер сайысы Семейде дәл осындай ауқымды түрде 4-ші мәрте өткізілген екен. Соның екеуі халықаралық дәрежеге дейін жетті. Жастар арасындағы саламатты өмір салтын насихаттау мен халықтың рубик текшесіне деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен шараға Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі үнемі қолдау білдіріп келеді.
Қазір ресми емес ақпаратқа сүйенсек, елімізде Рубик текшесімен әуестенушілердің саны 10 мыңнан асып жығылады.
Жарысқа алғаш рет қатысушылардың бірі Гүлсара Ағаділова Рубик текшесімен осыдан 9 жыл бұрын танысқан. Бүгінде қаладағы медициналық мекеменің бірінде еңбек ететін 51 жастағы спидкубер бақ сынап көруді жөн деп тапқан.
– Шараның дәл осылай жоғары деңгейде ұйымдастырылатынына сенбеп едім. Керемет әсердемін. Рубик текшесін құрастырудың жас ерекшелікке кедергісі жоқ. Керісінше пайдалы жақтары мол деп санаймын. Бүгін алғаш рет қатыса отырып, болашақта да жиі бағымды сынап тұрамын деген шешімге келдім, – дейді ол.
Жарыстың алғашқы 2 күнінде қатысушылар үшін іріктеу кезеңдері өтіп, ақтық сын қаланың орталық алаңында ұйымдастырылды. Барлығы 16 медаль мен «Cubing Semey Open-2019» кубогы сарапқа салынды.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»