Руханият • 01 Шілде, 2019

Би-аға ауданында Тур Хейердал атындағы халықаралық фестиваль өтті

464 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жалпы Қостанай облысында ежелгі технологиялар мен мәдени коммуникациялар туралы халықаралық «Desht-Thor» фестивалі екінші рет өтіп отыр. Ол Бейімбет Майлин ауданына қарасты және Лисаков қаласына да жақын жердегі археологиялық қорғанды 30 жылға жуық қазып жатқан белгілі археолог Эмма Усманова басқарған археологиялық экспедиция жобасы бойынша жергілікті атқару органдары мен демеушілердің көмегімен жүзеге асырылды.

Би-аға ауданында Тур Хейердал атындағы халықаралық фестиваль өтті

Фестивальге Ресей мен Қазақстандағы жетекші қолөнер орталықтары мен клубтарының өкілдері қатысып, ежелгі бабалар қолданған қаруларды, құралдар мен тұрмыстық заттарды, ежелгі дәуірдегі тері мен киізден жасалған киімдерді жасап көрсетті. Көрермендер ежелгі киімдер дефилесін де тамашалады. Онда Ұлы дала тұрғындары: андроновтықтар, сақтар, қыпшақтар, алтынордалықтардың жаңғыртылған киімдері көрсетілді.

«Өркениет бірден келе қалған жоқ. Біздің дәуірімізге дейінгі ежелгі бабалар жылы әрі тұрмысқа қолайлы заттарды жасай бастады. Археологиялық қазбалардан олар қолданған киімдердің жұрнақтары табылып жатады. Олардан қалған мұра жалпы адамзатқа ортақ. Мысалы, Қазақстандағы Ұлы дала мен Украина халқының мәдениетінде ежелгі бабалардан қалған мұраның ұқсасатығы таңқалдырады. Павлодар қаласындағы «YMAI» ғылыми-зерттеу лабораториясы ежелгі бабалар мұраларын жаңғыртуда үлкен жұмыстарды қолға ала бастады» – дейді лаборатория меңгерушісі Татьяна Крупа. Бұл фестивальдің ұйымдастырылуына археология саласындағы ғылыми жұмыстар нәтижесі мен көзқарастар тоғысы себеп болыпты.

– Әрбір археологты табылған олжадан кейін көп ой мазалайды. Олар «табылған сүйек ежелгі дәуірлерде қалай киінді, қалай тамақтанды, қалай өмір сүрді?» деген ойларға жауап іздейді. Челябі облысындағы Оңтүстік Урал университетіндегі «Археос» тарихи жобалар орталығының ғалымдарымен, Ханты-Мансийскідегі «Халық көркем қолөнері мен кәсіпшілігі» орталығы мамандарымен келісіп, осындай фестиваль өткізуді ойластырғанбыз. Фестиваль Қостанай облысы өңіріндегі археологиялық ескерткіштерді насихаттауды да мақсатының бірі етіп отыр. Мұны ұрпақ білуі тиіс, – дейді археолог Эмма Усманова.

Фестивальде қолөнершілер ежелгі адамдар қолданған құмыралар, тоқыма бұйымдарын, тастан  құралдар жасап көрсетті. Сонымен қатар фестиваль қонақтары Новоильин ауылындағы археологиялық қазба орнына саяхат жасады.

Қостанай