10 Сәуір, 2013

Кәсіпкер құқы. Ол қалай қорғалуда?

268 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кәсіпкер құқы. Ол қалай қорғалуда?

Сәрсенбі, 10 сәуір 2013 1:37

Өркениетке ұмтылған елімізде аймақтардың барлық салада жан-жақты дамуы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының камтамасыз етілуі, мемлекет мүддесінің қорғалуы – заңдылықтың сақталуына байланысты. Алматы облысының прокуроры Ғабит МИРАЗОВ осы орайда ой бөліседі.

– Ғабит Төреұлы, еліміз тәуел­сіздігін алғанда қол жет­кізген жетістігіміздің бірі – адам құқықтары мен бос­тан­дықтарын қамтамасыз ету болса, прокуратураның басты міндеті оны бақылауда ұстау емес пе?

 

Сәрсенбі, 10 сәуір 2013 1:37

Өркениетке ұмтылған елімізде аймақтардың барлық салада жан-жақты дамуы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының камтамасыз етілуі, мемлекет мүддесінің қорғалуы – заңдылықтың сақталуына байланысты. Алматы облысының прокуроры Ғабит МИРАЗОВ осы орайда ой бөліседі.

– Ғабит Төреұлы, еліміз тәуел­сіздігін алғанда қол жет­кізген жетістігіміздің бірі – адам құқықтары мен бос­тан­дықтарын қамтамасыз ету болса, прокуратураның басты міндеті оны бақылауда ұстау емес пе?

– Облыстық прокуратураның негізгі күші азаматтардың құ­қық­­тары мен бостандықтарын қам­тамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті бұзбауға, сон­дай-ақ аймақтағы әлеуметтік-эко­но­микалық тұрақтылықты сақтауға жұмылдырылды. Елба­сы­ның «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан хал­қы­на Жолдауына сәйкес, елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында мемлекеттік органдар жұмысында заңдылықтың сақталып, мүмкіндігінше жас­тар­ды молынан қызметке тарту жөнінде тиісті орындарға ұсы­ныс енгіздік. Мемлекеттен бө­лінген қаражатты қымқыруға жол бермеу шаралары атқарылуда. Нәтижесінде жұмысшыларына айлық жалақыларын дер кезінде төлей алмай қарызға батып отырған кәсіпорындар саны заңға сәйкес қысқартыла келіп, облыстағы он үш кәсіпорынның бесеуі қалды. Сөйтіп, жұмысшыларға берешек­ айлық жалақының, яғни 811 млн.­ теңгенің 466 млн. теңгесі бүгін­гі күнге дейін төленсе, ендігі бере­ше­гі алдағы уақытта төленеді. Со­ның ішінде «Трансстроймост» ак­ционерлік қоғамының 1113 жұмыскердің алдындағы берешегі 194 769 289 теңге болды. Бұл кә­сіп­орындарда еңбек еткен аза­­мат­тардың конституциялық құ­­қықтары қорғалып, адал еңбек­те­рінің өтеуін толығымен алғанша прокурорлық қадағалауда болады.

Криминагендік жағдайға келсек, жасалған қылмысты тәптіштей тізіп, тәртіпті күшейту жұмысы есе­ленгенде облыста тіркелген қыл­мыс саны 12,5 мыңнан 20 мыңға өсті. Бұл көрсеткіштің өсуі қылмыстарды тіркеу тәртібінің дұрыс жолға қойылғандығының дәлелі болады. Ағымдағы жылы нәзік жандыларға қатысты қылмыс көрсеткіші 43,1 пайызға өсіп отыр. Тіркелген зорлық 19,2 пайыз. Мал ұрлығы бойынша 1876 қылмыс тіркеліп, көрсеткіш 52,0 пайызға артты.

Қоғамда белең алған осындай қылмыстардың жолын кесу үшін әкімдіктермен, полицейлермен бірлесе отырып құқық бұ­зушылықтың алдын алу шараларын жасаудамыз. Басты мақ­сат – түзеу мекемелерінен босап келген азаматтарға баса назар аудара отырып, пәтерлер бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу. Бұл міндет учаскелік полиция инспекторларының мойнында. Белгіленген штаттық кестеге сай учаскелік инспекторлар саны жетіспесе де статистикалық мәлімет бойынша олар 752 қылмысты ашқан, соның ішінде 102 қылмыс жеке тұлғаларға қатысты болса, 17-сі аса ауыр дәрежедегі қылмыс. Сондай-ақ, 27467 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. Облыстық әкімдік азаматтарды еңбекке орналастыру және тағы басқа шараларды атқаруда. «Еңбекақыны уақтылы төлеу» атты арнаулы бағдарлама аясында төрт мыңнан астам азаматқа 500 млн. теңге көлемінде айлық жалақылары төленді.

– Конституциямыз бен рес­пуб­лика заңдарына сәйкес, біртұтас мемлекеттік биліктің барлық тармақтарымен келісе жұмыс істей отырып, оларға құқықтық әдістермен ықпал ету және мемлекеттік тәртіптің қатаң сақталуын қадағалау барысы қалай жалғасуда?

– Бұл – өте жауапты жұмыс. Біріншіден, функциялық міндетімізге сай құқық пен Конс­титуция үстемдігін қамтамасыз ету парыз. Екіншіден, мемлекет мүддесін қорғау тұрғысында маңызды тапсырмаларды мүлтіксіз орындау, әлбетте азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тағы бар. Осы құндылықтарды мүлтіксіз орындау барысында прокурорлық қадағалау актілері бойынша­ әлеуметтік-экономикалық құры­лым­ға баса назар аударылуда. Бұл сала қызметкерлері тарапынан 30 мыңнан астам заң бұзушылық анықталып, 2,5 мың қадағалау актісімен 24 мың азаматтың конс­титуциялық құқығы қорғалып, 1,9 млрд. теңге мемлекеттік бюджетке қайтарылды. Кәсіпкерлік субъектілерін қорғау барысында бизнес құрылымдарын тексеруге бағытталған 454 тексеру жұмысы тоқтатылды. Сөйтіп, төл міндетімізді адал атқарумен қатар, мемлекеттік мекемелер әрекеттеріне құқықтық тұрғыдан да ықпал етілуде. Мемлекеттік «Ауыз» су бағдарламасын орын­дау барысында бірқатар заң­сыздықтарға жол берілгені анық­талып, әкімдіктердің лауазым­ды тұлғаларына қатысты 4 қылмыстық іс, 18 әкімшілік іс қозғалды. Мемлекеттік сатып алу құрылымы бойынша сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша облыстық құрылыс басқармасының бастығы және осы басқармада еңбек еткен төрт бөлім бастығы құрықталды. Сондай-ақ, облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы бастығының орынбасары мемлекеттік тапсырысқа орай сатып алу барысында мемлекеттік бюджеттен 8,5 млн. теңгені қымқыруымен тоқталмай, тағы да мемлекеттік бюджетке 8 млн. теңге шығын келтірген.

– Құқық қорғау органда­ры­мен бірлесе отырып, ұйым­дас­қан қылмысқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай ша­ралар атқардыңыздар?

– Былтырғы жылы экономика саласында облыс бойынша 286 іс тіркелді. Мемлекетке келтірілген зиянның біраз бөлігі қайтарылды. Прокуратура органдары тарапынан экономикалық қылмыс бойынша 17 қылмыстық іс қозғалды. Облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті тергеу басқармасымен бірлесе «Хизб-ут-Тахрир» діни экстремистік партиясы идеяларымен әрекет еткен 8 тұрғынға қарсы 12 қылмыстық іс қозғалды. Кеден маңындағы құрылымдарда ұйымдасқан қыл­мыс­тық топ құрамында есепте тұрған 26 адам ұсталды. «Қорғас» кеден бекетінен құқық қорғау органдарына көп уақыттан белгілі кесте бойынша контрабандалық тауарлар өткізбек болған топтың жолы облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) органымен бірлесе әрекет ету нәтижесінде кесілді.

– Кәсіпкер құқығы қалай қорғалуда, олардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасы қандай дәрежеде?

– Прокурорлық қадағалаудың талдамалы тәжірибесі көрсет­кен­дей, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар қызметкерлері арақа­ты­насының күрделілігі бүгінгі қоғамда сақталып тұр. Мұны жай және логикалық тұрғыда күрделі факторлар бойынша заңдылықты қолдану мен құқықтық кезең деп екіге бөлуге болады. Прокура­ту­ра органдары тарапынан жүр­гізілген жұмыстың негізгі мақ­саты – мемлекеттік органдар та­рапынан лицензиялау, рұқсат беру, бақылау және тағы басқа жұмыстарын жүргізу барысында кәсіпкерлерге әкімшілік салмақ салуды төмендету, тоқтату болып табылады. Былтырғы жыл­дың сегіз айында прокура­тура органдары 74 тексеру жүргізіп, 1223 заң бұзушылықты анықтады, яғни құзырлы органдар 766 рет кәсіпкерлерді заңсыз тексеріп, әр сала бойынша 186 тұлғаны жауап­кершілікке тартқан. Бұл заң­сыздыққа прокурорлар араласып, 348 азаматтың конституциялық құ­қығы қорғалды.

Прокуратура органдары тарапынан жүргізілген тексерулер нәтижесін сараптасақ, мемлекеттік органдар кәсіпкерлер жұмысына заңсыз кірісіп, құқықтарын бұзу фактілерінің өсуі – жекелеген кәсіпкерлердің құқықтық сауатының төмендігі, қажетті құ­жаттарға құлықсыз қарауы се­беп болып отыр. Ал осы мәсе­ленің екінші қырын зерделе­сек, 2012 жылдың бірінші жарты­жылдығында облыстағы тексеру құқығына ие мемлекеттік ор­гандардың 15666 тексеру шаралары жоспарланыпты. Жөн. Бірақ мемлекеттік органдарда қалыптасқан дәстүр бойынша кәсіп­керлерге әкімшілік қысым көр­сету арқылы құқықтары бұ­зылған. Бір ғана мысал келтірсем, Талдықорған қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау ме­кемесі бір кәсіпкердің со­ңы­на түсіп, үш рет тексеру жұмысын жүргізіп, ешқандай заң бұзушылық таба алмаған соң енді тоқсан сайын есеп беріп тұруға мәжбүрлеген. Бұл жерде негізгі мәселе мемлекеттік органдағы қалыптасып, қатып қалған шенеуніктік кеудемсоқтықпен қайтсем кәсіпкерді тұқыртып, бір нәрсе аламын деген мақсат жатыр. Әрине, заңгерлік тұрғыда дәлелденбеген факторлар (қажет болса нақты дәлел де табылады) сан рет қайталап тексеру және кәсіпкердің алтын уақытын алу, жүйкесін жұқарту болып тізбелене береді. Нәтижесінде сол кәсіпкердің құқықтық сауаттылығы танылып, прокуратура органына дейін жетіп конституциялық құқығын қорғай алуын үлгі тұтқан дұрыс.

Әңгімелескен

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.