Қоғам • 02 Шілде, 2019

Аш бала мен тоқ бала

636 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бәрі де осы жүйке дегеннен шығады. Алматыда қазір жүйкесі ең жұқарғандар да, әділетті және әділетсіз айыппұлдардан шар­­шап жүргендер де – жүргізушілер. Жо­лақ­ты басып кетсең де – айыппұл, кө­ше ше­тіне тоқтасаң да – айыппұл, қыл аяғы камера алдында «құлағыңды қасы­саң» да айыппұл төлейсің.

Аш бала мен тоқ бала

Жуырда ғана тұмсығымен кірсе, көп машина сыятын көше шетіндегі автопаркингтің бірін көлденеңінен мүгедек-жүргізушілер тоқтайтын тұраққа айналдырған екен. Бұл жерге бұрын тоқтап жүргендер, әрине, одан хабарсыз-тұғын. Осы арада өзіме қатысты айтатын болсам, түбіндегі кезексіз банкоматтан бар болғаны 2 минут ішінде ақша алып үлгергенше, осыны аңдып тұрған МАИ қызметкерлері жетіп келіп, қолыңдағы қаражат жалақыға дейінгі ең соңғы тиын-тебенің екенін, бұл тұрақтың тәртібі өзгеріп кеткенін білмей қалғаныңды айтып, ескерту беруін өтініп, өлердегі сөзіңді айтқаныңа қарамай айыппұл жазып бергені. Соңына дейін шайқасуға уақыт жоқ, ал мұндай жайттың жүйкеге әсер етпей қоймайтыны түсінікті.

Қолыңдағы барыңнан айырылып, ішің ашып келе жатсаң, дәл сол тұрақта, дәл сол МАИ қызметкерлері басқа жүргізушілерді де зарлатып жатқанын көресің. Әлбетте, заңның аты – заң, тәртіптің аты  – тәртіп. Бұған да көндік. Ал енді Алматыда үш жылдан бері AParking белгісі бар паркоматтар жұмыс істейді. Әрине, қомақты инвестиция салынған бұл жобаның артықшылықтарын  да жоққа шығаруға болмайды. Жүргізушілерден жол жағалағандар бұрынғыдай 100 теңгеден жабайы түрде ақша жинамайды.

Бірақ осы ақылы паркоматтар жүргізуші­лердің жүйкесін айтпағанда, шағын және орта бизнесті айтарлықтай тұралатты десек те болады. Сонда әлеуметтің өмірін жақсартуға, ыңғайлы етуге емес, керісінше, күйзеліске түсіруге, қажытуға бағытталған қадамдар қайда апарады екен бізді?

Орталықтағы ақылы паркомат тұрған көшелердің көбіндегі дәмхана, шағын-маркет, басқа да халыққа қызмет көрсететін орындардың көпшілігі жабылды. Ақылы паркомат қойылған көшелерде кеңсесі, жұмыс орны орналасқан жүргізушілердің барлығы да алты квартал айналып жүріп, үй үйдің арасынан тұрақ іздейді.

Сөзіміз айғақты болсын. Ораза айының аяқталғанына да көп болған жоқ. Бірнеше апта күндіз редакция айналасындағы асхана, дәмханаларға бас сұқпаған екенбіз. Тек сол аралықта «ЦУМ» дүкенінің айналасында бірнеше дәмхана жабылып үлгеріпті. Орталықта, көпшіліктің аяғы қалың жерде бизнес деген, керісінше, өркендеуі керек еді ғой?

Қала әкімдігінің өз көздегені бар болса да, Алматы кәсіпкерлері тоқтауға, көлік қоюға тыйым салынатын жаңа жол белгілері мен велосипедке арналған жолақтар кәдімгідей шығынға ұшыратып отырғанын айтудай айтып келеді. Белсенділері бірігіп, біраз әрекет етіп те көрді. Мемлекетіміздің басты доноры болып саналатын мегаполис іскерлерін де түсінуге болады. Орта және шағын бизнесті дөңгелетіп отырған алматылық кәсіпкерлер бюджетке аз салық төлемейді.

Әрине, Алматыдай үлкен қалалардың көшелерін өркениеттің көшіне ілестіріп, заманауи тұрғыда өзгертетін кез келген де болар. Бірақ оның баламасы қандай бол­мақ? Әкімдерде ешқашан жұмысқа қалай жетемін, көлігімді қайда қоямын, амалсыздан кідірген жерлерімдегі айыппұлдарды қалай өтеймін деген мәселе болмайтыны белгілі. Сондықтан тоқ бала аш баланы қайдан түсінсін?!

Алматы жүргізушілерінің арасындағы сыбысқа сенсек, қала билігі жүргізушілерге көлік қоятын жер тапқызбай, оларды мүм­кіндігінше қоғамдық көліктерге отырғызу үшін барлығын жасап жатқан көрінеді. Бұл ақиқат та шығар. Өйткені қазір орталық көшелерге емес, қуыс көшелерге де ақылы пар­коматтар қойыла бастады.

Ал енді ойланайық. Адамдардың барлығы да жақсы өмір сүру үшін жанталасады. Үй салады. Шамасы жеткендер коттеджге көшеді. Бала-шағасымен балабақшаға, емханаға, азық-түлікке жаяу бармас үшін ішпей-жемей қаражат жинайды, немесе несиемен көлік алады. Қысқасы, адамдар өзінің отбасының жағдайын жасауға ұмтылады. Қазір машина байлықтың белгісі емес. Баяғыдай «мінерге аты жоқтың» керіне түспеу үшін, бір үйге бір көлік керек. Қысқасы, мына қарбалас заман­да көліксіз күн көрудің, бәріне үлгерудің басқа тайм-менеджменті жоқ.

...Сонда Алматыны «жаяу жүргіншілер қаласына» айналдыру идеясы қаншалықты ақылға қонымды? Көпшіліктің тағдырын еш­қашан қоғамдық көлікке отырып көрмеген шенеуніктер шешуі керек пе?


Соңғы жаңалықтар