Руханият • 02 Шілде, 2019

Қайталанбас қолтаңба

602 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қылқаламның құдіреті ықылымды тірілтеді, өшкенді жандырады. Бүгінде есімі елге танымал суретші Аманат Назарқұлдың шығармашылығы көне түркі сарынын қайта жандандырған, қилы замана белестерін, адамзаттың дамуына айрықша әсер еткен тұлғалардың келбетін айшықтаған көркем бір әлем деу­ге болады.

Қайталанбас қолтаңба

Әулиеата топырағында дүние­ге келіп, Алматы көр­кемсурет училищесін, одан В.Суриков атындағы Мәскеудің бұрынғы мемлекеттік ака­демиялық көр­кем­сурет институтын тәмам­да­ған талант иесі өзінің өзгеше әлемі арқылы көр­кемдік кеңіс­тікті байыт­ты. Қылқалам шебе­рінің «Қор­­қыттың үш бұлағы», «Баба­лар рухы», «Үш грация», «То­мирис», «Түнгі жолаушы», «Аралды аңсау» атты туынды­лары қазақ көркемсурет өне­­­рінің озық үлгілерінің бірі деу­ге болады. Талант иесінің өнер туындылары Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Прези­­денті Нұрсұлтан Назар­баев, Мәскеу мэрі Юрий Лужков сын­ды саяси қайраткерлердің де жеке коллекциясында сақтаулы тұр. Ал Аманат Назарқұлдың «Заратуштра», «Таудағы қыз», «Тәңірі», «Құс» сияқты туын­ды­­ларының өзін талант таби­ғилығын, қиял құдіретін көр­сететін дүниелер деуге болады.

Жалпы, шынайы таланттың бойындағы батылдықтың өзі әуелі ұлтының барын бағалап, тарихын, жоғын түгендеуден бас­талады. Әйтпесе құрғақ қиялдың, ар­зымас арманның болашағы бұлыңғыр, тағдыры солқылдақ болмақ. Аманат Назарқұлдың шы­ғармашылығы орындалу стилі жағынан бөлек, айтар ойы жағынан батыл. Өзінің қаламын ішкі және сырт­қы дүниемен тең байланыс­тыратын, табиғи талантына қо­са тәуекелі арқылы дүниенің төрт құбыласын бірдей көретін қуат­қа ие. Сондықтан да оның шығармашылығының негізгі өзегі түпсіз қиял емес, бабалар рухын қайта жаңғыртуға бет алған батыл көзқарастың иесі ретінде көрінеді.

Аманат Назарқұлдың шығар­ма­­­шы­­лығы әрдайым халықтың назарында деуге болады. Ол әр­ жылдары республикалық жә­не халықаралық көр­мелерге қа­ты­сып, жүлделі орындарға ие бол­ған суретші ретінде белгілі. Ал 2001 жылы Астана қаласында жа­ңадан ашылған Қазіргі заман музейінде, 2002 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Мәдениет орталы­ғында жеке көрмелер өткізіп, шығармалары халықтың шынайы ықыласына ие болды. Биыл асқаралы алпыстың бел­есіне көтеріліп отырған Ама­­нат Назарқұл өзі дүниеге кел­ген Тараз топырағына арнайы келіп, шы­ғармашылық есеп берді. Жуырда Жамбыл об­лыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйым­дастыруымен облыстық көрме залында Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру», «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақа­ла­лары және «Туған жерге туыңды тік!» акциясы аясында белгілі суретші-монументалист, Қа­зақстан Суретшілер одағының мүшесі Аманат Назарқұлдың «Күн Шы­ғыстан» атты жеке шы­ғар­­машылық көрме кеші өт­ті. Жиынға Әулие­ата өңіріне бел­гілі суретшілермен қатар, өнер­сүйер қауым да көптеп қаты­сып, талант туындыларына риза­шы­лық­тарын білдірді.

Көрмеге суретшінің қырыққа тарта графикалық жұмыстары және майлы бояумен жасалған «Күн Шығыстан», «Кентавр сұ­луымен», «Катарсис» сияқты, сонымен қатар басқа да монументальды туындылары қойылып, көп­тің қызығушылығын тудыр­ды. Көрме атауының өзінің сө­реге қойылған туындылар се­кіл­­ді ерекшеленіп тұрғанын айта кету керек. Бұл ретте Аманат Назар­­құлдың да өз айтары бар. Жал­­пы, ғаламдық деңгейдегі алып­тардың тіршілік туралы фи­ло­­софиясы Күннің Шығыстан шы­ға­тынын дәлелдеуге құ­рыл­ған. Яғни, дүниеге таралатын нұр атаулы шығыстан басталады.

Талант иесінің тағдыры, жал­­пы шығармашылық жолы кімді де болсын қызықтырмай қоймайды. Мәселен, сурет салу ала қағазды шимайлау емес, керісінше бекзат өнер еке­нін ұғы­н­дыруда Ама­нат Назар­құл­дың ұстанған ұс­танымы бөлек. Ол бізбен сұх­батында барлық өнер­дің бала­лықпен байланысты екенін айтты. «Менің суретшілік қасиетім ерте оянды. Ес білген сәтімнен бастап мені сурет өнері өзіне баурап алды. Суретті бес жасымнан бастап сала бастадым. Әйтпесе маған суретші болу үшін ешкім де бағыт берген емес. Әлі есімде, үшінші класта оқып жүр­генімде ағам Талғат өскенде кім болатынымды сұрағанда, суретші болатынымды айтып жауап бергенмін. Алғаш рет көпфигуралы «Аман­гелді Имановтың қазақ халқын көтеріліске шақыруы», «Майданға» деген композиция салдым. Сонымен қатар, бала күнімнен жылқының суре­тін салуға құштар болдым. Сөй­тіп арада жылдар өтіп, арман алға жетеледі. Алматы, Мәс­кеу сияқты ірі қалаларда білім алуға мүмкіндік туды. Түрлі тақы­рыпта сурет салдық. Ал бүгінгі көрмеге кейінгі үш жыл­да салған туындыларым қо­йыл­ды. Мұнда көне түркі тарихына қатысты көптеген дү­ниелер бар. Тарих тұлғалар арқылы жасалады. Мәселен, әл-Фараби, Еділ батыр, Қорқыт, Сұл­тан Бейбарыс сияқты ұлы тұлғалар біздің тарихымыз. Тарихымызды, сонымен қатар та­рихи тұлғаларымызды кейінгі ұр­паққа таныту мақсатында бір­қатар жұмыстар жасадым. Енді осындай циклдар бойынша тағы да көптеген жұмыстар атқару жос­парда бар», дейді Аманат Назарқұл.

Қашанда туған жеріне ту тік­кен, дүниеге келген жерін жұ­мақ санайтын азаматтың абы­ройы да асқақ болмақ. Ал, туған топыраққа еткен еңбек, ол үшін төккен тер заманалар мен дәуір­лердің алдында да ерлік болып қала бермек. Суретші Аманат Назарқұлды көпшілік мүсінші ретінде де жақсы біледі. Бұл тұрғыда оның қолтаңбасы Тараз қа­ла­сында да қалыптасқан. Кө­не шаһарда Аманат Назар­құл­­­дың авторлығымен 2013 жы­лы қоладан Төле би ескерт­кіші тұрғызылды. Еңселі ес­керт­­кіштің ашылу рәсіміне та­раз­дық жұртшылықпен бір­ге Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев та қатысқан болатын. Со­ны­мен қатар 2016 жылы Та­раз қа­ласында Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына орай «Гүлденген Қазақ­стан» атты архитектуралық ме­мориал ашылды. Бүгінде бұл нысандардың бәрі де Тараз қа­ласының сәулеттік келбетін арттырып тұрған туындылар қатарында.

Аманат Назарқұл әрбір туын­­дысында қазақ халқының та­ри­хын, мәдениетін, салты мен дәстүрін дәріптеп жүр­ген суретші. Ұлттың ұлы кө­шін заманауи өнер түрінде ха­лық­қа ұсынған қайраткер. Мә­се­лен, ол студент кезінде әй­гілі жазушы Шыңғыс Айтматов­тың шығармаларын ерекше жақсы көріп оқығанын, кейін қалам­гердің өзімен дидар­ласып, араласқанын айта­ды. Жыл­­дар өткен сайын жазушы­ның тұлғалық болмысы су­ретшінің көңіл түкпірінде ірі­лене түскен. Өзі де «Ақ шаршы» картинасында дүниені Айт­­матов дүниетанымы тұрғы­сынан бағамдап, бүгінгі заманауи ғылым мен кешегі өткен тарихтың аражігін өзінше көр­кем бейнелегісі келгенін әңгі­мелейді. Сонымен қатар «Дала мұңы» графикалық композиция­сында ұлы даламыздың көркі мен киесі болып саналған киік жануарының тағдырын бей­нелейді. Сол арқылы өмір мен өнер­дің түрлі құбы­лыс­тарын өзара қабыстыруға әрекет жасайды.

Сурет өнері шексіз мүмкін­діктерді көрсететін көркем әлем.­ Мұнда ең әуелі тағдыр бар.­ Ал тағдырдың қай кезде­ де тура жолды таңдайтыны бел­­­гілі. Өнердің бекзат рухы өмір­дің өзіндей шынайылықты талап етеді. Қылқалам иесінің қайта­ланбас қолтаңбасы ұлттың ұлы тари­хына қосылған еңбек болып қала бермек. Шебердің қолынан шыққан шығарманың да шындығы мол, ақиқаты ай­қын, мақсаты биік болмақ. Ғалам мен адамның тағдыры жайлы парасат биігінен көз салған сурет­шінің сыйы оның туындыларында тұнып тұр.

 

Жамбыл облысхамихы