Қазақстан • 02 Шілде, 2019

Атқарылған жұмыстарға орай есеп берді

453 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов халық алдында осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Атқарылған жұмыстарға орай есеп берді

Білім беру саласының мамандары, ата-аналар мен студент­тер алдында сөз алған ведомство басшысы осы есеп беру­дің форматы бұрынғыдан бөлектеу болғанын атап өтті.

– Біз министрліктің қо­ры­тынды есебі алдында бар­лық білім басқармаларына жұ­мыс­тарын қорытындылап, нәтижесін көпшілік алдында жариялауды тапсырғанбыз. Облыстар мен ірі қалалардағы білім басқармаларының басшылары есеп берді. Алдын ала мәлімет бойынша, оған 45 мыңға жуық ата-ана, педагог, үкіметтік емес ұйымдар өкілі, мектептің қамқоршылық кеңесі және БАҚ өкілдері қатысты, – деді А.Аймағамбетов. Оның айтуынша, министрдің есебі қарсаңында вице-министрлер, департамент басшылары ашық есік күнін өткізген.

Министр өз есебін жалпы білім берудің баспалдағы саналатын мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласынан бастады.

– Бүгінде елімізде мектепке дейінгі 10 314 білім беру ұйымы бар. Онда 881 мыңдай бала тәрбиеленіп жатыр. Деген­мен, кезекте әлі 181 мың бала бар. Бұл – бірінші мәселе. Екінші орында балабақшалардың сапасы тұр. Осы екі маңызды мәселеге баса назар аударамыз, – деді А.Аймағамбетов. Бұдан бұ­рын да айтылғандай, 2020 жылға қарай балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбиемен 100 пайыз қамту жоспарланған.

– Бұл тұрғыда мемлекет-жекеменшік әріптестік тетігі жақ­сы жұмыс істеуде. Жеке бала­бақшаларды жаппай ашу үшін санитарлық ережелер мен нормалар жеңілдетілді. Нәти­же­сінде біз 95 пайыз қамту­ға қол жеткіздік, – деді министр. Осы орайда ол сыбайлас жемқорлық жағдайларын және кезектіліктің қайталануын бол­дырмау мақсатында балабақ­ша­ларға жолдама беру қызметі ав­томаттандырылғанын айтты. Жиында айтылғандай, кадр­лардың сапалық құрамын жақ­сарту үшін тәрбиешілер білік­тілігін арттырудың бірыңғай жа­ңар­тылған бағдарламасы әзір­леніп, енгізілуде. Мектепке дейінгі ұйымдардың 20 пайы­зын­да ерекше білім беру қа­жет­тілігі бар балалар үшін жағ­дай жасалған. Оларға бала­бақ­шаға бірінші кезекте орналасу құқығы берілді.  Осындай нәти­желерге қарамастан, аталған сала­да ат­қарылуы тиіс бірқатар жұ­мыс бар. Айталық, бала­лар­дың қауіпсіздігі, мектепке дейінгі білім берудің сапасы, 1-3 жастағы балалардың бала­бақ­шамен қамтылуы, тәрбиешінің жалақысы өзектілігін жойған жоқ.

Ал орта білімге тоқталсақ, 3186234 оқушы 7389 мек­тепте білім алып жатыр.

– Шетелдік тәжірибе білім сапасының артуы педагогтардың біліктілігіне тікелей байланысты екенін көрсетті, – деді министр. Соған сәйкес, мұғалімдердің 80 пайызы біліктілікті арттыру курсынан өткен. Оқушылардың 73 пайызы жаңартылған білім мазмұнына көшті. Ал 200 мың педагог жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ бергені үшін 30 пайыздық үстемемен айлық алады. Білім беру маз­мұнын жаңарту жұмыстары 2020 жылы аяқталады.

А.Аймағамбетовтің айтуынша, әрбір үшінші оқушы қосымша біліммен қамтамасыз етілген. Ал инклюзивті білім беруді енгізуде Қазақстан ТМД елдері арасында алдыңғы қатарда. Ерекше қабілеті бар балаларды оқытуға арналған нормативтік құжаттар, бағдарлама, үлгілік оқу жоспары әзірленді.

– Бірақ бұл да жеткіліксіз, себебі мұндай оқушылармен жұмыс істейтін педагогтардың кәсібилігін көтеру керек. Мы­салы, 25 баланың ішіндегі 2 ерек­ше оқушыны қалай бағалау қажет, онымен қандай қарым-қатынас орнатуға болады? Міне, осының бәрі маңызды. Сондықтан бірқатар маңызды шешім осы бағытта болмақ, – деді ол. Жыл сайын мемлекет тарапынан 100 мектеп салынады, оған жекеменшік мектептерді қосыңыз. Үш жылдың ішінде 352 мектеп ашылған. Бірақ бұл апаттық жағдайдағы – 31, үш ауысымдағы 128 мектеп мәселесін түбегейлі шешуге жеткіліксіз. Осы түйткілдің түйінін тарқатуда екі маңызды бағыт қолға алыныпты.

– Біріншісі – бұрынғыдай бюд­жет есебінен мектеп салуды жалғастыру, екіншісі – өз ер­кімен қаржыландыратын жомарт ин­весторлардың қолдауымен жекеменшік мектептердің санын арттыру, – деді ведомство басшысы.

Бас педагог атап өткендей, кәсіптік және техникалық білім беру саласында елеулі өзгерістер бар. Ондағы бағдарлама маз­мұ­ны 50-ден 80 пайызға дейін жұмыс берушілердің талабына қарай өзгертілмек. Бұл оқуды практикамен байланыстырып, еңбек нарығында жақсы нәтиже көрсетуге ықпал етеді.

– 246 мамандыққа модульдік-құзыреттілік бағдарламасы әзірленді. Егер түлек бұрын бір ғана біліктілік алып шығатын болса, осы бағдарлама арқылы 3 түрлі біліктілікке ие болуы мүм­кін, – деді А.Аймағамбетов. Ми­нистр көптеген колледждің материалдық-техникалық базасы нашар екенін жасырмады. Биыл Жастар жылы аясында қолға алынған «Жас маман» жобасы бойынша 3 жыл ішінде 180 колледж жаңартылады. Әр өңірден 10 оқу орнын қамту жоспарланған.

– Ведомствоның басым бағытына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру де жатады. Біз көп жылдан бері ЖОО-ларға академиялық, қар­жылық еркіндік беру жөнінде ай­тып келеміз. Міне, былтыр ғана 4 шілдеде тиісті заңға қол қойылды. ЖОО-лар осы оқу жылынан бастап жаңа талапта жұмыс істейді, – деді бас педагог. Ол сондай-ақ университеттерге түсу үшін бөлінетін мемлекеттік гранттар санының 3 жыл ішінде едәуір ұлғайғанын, соған сәйкес үкімет тарапынан ЖОО-ларға қойылатын талаптардың күшеюі заңды екенін жеткізді. – Магистратураға қабылдау талаптары өзгерді. Болашақ магистрант грантты жеңіп алады, сол арқылы өзі қалаған уни­вер­ситетті таңдайды. Яғни, грант бұрынғыдай ЖОО-ға емес, студентке беріледі. Докторантурада айтарлықтай өзгерістер жоқ. Ма­ңыздысы, докторантурадан үмітті талапкердің қолында IELTS сертификаты болуы керек, деді А.Аймағамбетов.

Ал ғылым саласындағы негізгі нәтиже ретінде Елба­сы­ның тапсырмасымен Жас­тар жылының аясында жас ғалымдардың жобасына бөлін­ген қаржы көлемі 3 млрд-қа ұл­­ғай­ғанын жеткізді. Бұдан бөлек, министр балалардың құ­қы­ғын қорғау мәселесіне, бала­лар үйі тәрбиеленушілер саны 30 пайызға, жетім балалар саны 10 пайызға қысқарғанына тоқ­талды. Осындай іргелі істер мен жүйелі жұмыстарға қарамастан, алда ата-аналар, сарапшылар, мамандар мен министрлік өкіл­дері бірлесіп, 2025 жылға де­йінгі мемлекеттік бағдарлама әзір­леу­ге атсалысу керектігін айтты.