Руханият • 02 Шілде, 2019

«Семсер» әдеби байқауы өз мәресіне жетті

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы «Жастар жылының» аясында «Мәдениет порталының» ұйымдастыруымен өткен республикалық «Семсер» әдеби байқауы өз мәресіне жетіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Hilton Garden Inn» қонақүйінде әдеби сыйлықты табыстау рәсіміне арналған кеш өтті.

«Семсер» әдеби байқауы өз мәресіне жетті


«Мәдениет порталы» ашық түрде өткізген әдеби байқау екі айға жалғасып, бас-аяғы 300-ден астам автор өз туындыларын бәйгеге қосқан. Сараптай келе 220-ға жуық қаламгердің шығармалары байқау талабына сай келіп, дүйім жұрттың көз алдында, яғни онлайн түрде бақ сынады. Байқауда оқырман қауымға көркем шығармаларымен танылып үлгерген қаламгерлер ғана емес, бейтаныс жас таланттар да бой көрсеткенін айта кеткен жөн. Бәйге қорытындысына келетін болсақ, «Үздік әдеби сын» аталымы бойынша Бағашар Тұрсынбайұлы мен Айнұр Найманбаева жүлдегер атанса, Тұрсынбек Башар Сағат Әшімбаев атындағы арнайы сыйлыққа ие болды. «Үздік проза» аталымы бойынша Қанат Тілеухан, Нұрлан Хавдай жүлделі орындардардан көрініп, Мирас Мұқаш Саттар Ерубаев атындағы сыйлыққа қол жеткізді.

«Үздік поэзия» аталымының жүлдесіне Қуаныш Оспан мен Марлен Ғилымхан лайық деп танылса, Олжас Қасым Мағжан Жұмабаев атындағы сыйлықпен  марапатталды.

Порталда ең көп оқылған ақын Ақмарал Қалпақова мен «Менің құрбыларым» роман-миниатюрасының авторы Айсұлу Әлмешке Фариза Оңғарсынова атындағы сыйлық берілді. Ал әдеби байқаудың Бас жүлдесін қанжығасына байлаған Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ақын Ақберен Елгезекке «Семсер» әдеби сыйлығы табысталып, сақтардан қалған ақ семсер тарту етілді.

Әдеби бәйге туралы, аталған аламанға қазылық еткен Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Алдан Смайыл айтып берді. «Бұл өзі бұрын мен көп кездестірмеген конкурс болып отыр. Бұрынғы дәстүрлі байқаулар сияқты емес, ақ конвертпен поштамен жібере салып, ол оқылды ма, оқылмады ма, тіпті жетер жеріне жетті ме, жетпеді ме, біле алмай пұшайман болып отыратын. Онлайн әрі ашық түрде өткен соң мұнда ешқандай бармақбасты, көзқысты әрекеттер болмады. Жеңімпаз атанған шығармалар әділ бағасын алды деп ойлаймын», деді ол.

Әдеби доданың бас демеушісі – табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу, энергетика, логистика және маркетинг салаларында әлемдегі ең ірі әрі тараптандырылған компаниялардың бірі – Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы екені атап кеткен дұрыс.


Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»