24 Сәуір, 2013

Күбісіне қарай піспегі

360 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күбісіне қарай піспегі

Сәрсенбі, 24 сәуір 2013 1:43

Ресей бизнесмендері БТА Банктен М.Әбіләзов үшін 70 млн. доллар көлемінде ақша әкеткен.

Жақында Ресей Ішкі іс­тер министрлігінің тергеу департаменті «Дело» лизингілік компаниясы иелерінің бірі Дмитрий Пак пен кәсіпорынның бас директоры Олег Царевке қатысты тергеуді шегіне жеткізді. Мәскеудің «Коммерсантъ» газетінің жазуына қарағанда, осы тергеудің арқасында бұл екеудің айрықша ірі көлемде алаяқтық жасап, мемлекеттің ақшасын талан-таражға салғандары ақи-тақи айғақталған көрінеді.

Сәрсенбі, 24 сәуір 2013 1:43

Ресей бизнесмендері БТА Банктен М.Әбіләзов үшін 70 млн. доллар көлемінде ақша әкеткен.

Жақында Ресей Ішкі іс­тер министрлігінің тергеу департаменті «Дело» лизингілік компаниясы иелерінің бірі Дмитрий Пак пен кәсіпорынның бас директоры Олег Царевке қатысты тергеуді шегіне жеткізді. Мәскеудің «Коммерсантъ» газетінің жазуына қарағанда, осы тергеудің арқасында бұл екеудің айрықша ірі көлемде алаяқтық жасап, мемлекеттің ақшасын талан-таражға салғандары ақи-тақи айғақталған көрінеді. Бұл тандем өзара тізе қоса жұмыс жасай отырып, қағаздағы қаншама қаржыны қолма-қол ақшаға да айналдырып үлгеріпті. Тек берекесіз тірлікке осы білектерін түріп, белсене кіріскен осы екеудің күш салуымен ғана БТА Банк лизингілік компанияға өзі берген 70,3 миллион доллар мен 16 миллион рубль (506,8 мың доллар) несиені талап ету құқығынан айырылып қалады.

Бір қызығы, қазір қуғында жүрген қазақстандық банкир Мұхтар Әбіләзовтің бұрыннан ауыз жаласқан ағайыны болып табылатын Дмитрий Пак пен оның қолбаласы Олег Царев ақшаны алып кетудің барлық тәсілдері мен айла-амалдарын осы әуезесі жоғары әріптесінен күнделікті сабақ алу арқылы жүзеге асырғанға ұқсайды. Тергеудің бір болжамы бойынша, 2009 жылы сол кездегі жеке меншіктегі БТА Банктің әлі иесі болып табылатын Әбіләзов қызметкерлерге өзінің бақылауындағы компанияның мейлінше құнды активтерін бөліп шығаруды тапсырады. Сонда бұлардың арасында Ресейдің «Дело» компаниясының ондаған миллион доллар кредиті де судың бетіне қалқып шыға келеді. Сол аралықта аталмыш лизингілік ұжым БТА Банктен жалпы құны 70 миллион доллардан асатын ұзын саны 70 кредит алып үлгерген екен.

Бұдан әрі қазақстандық банкирдің тікелей тапсырмасы бойынша «алты жалған келісім дайындалады». Оның мәні «Делоның» осы қарыздарының бәрін жабу сырттағы басқа ұйымдарға өт­кізіледі. Бұған қоса, банктің займ­шының атына бұл операция­ны мақұлдаған кепілдемесі де жі­беріледі. Аспандағы ақшаның ауаға ұшып, буға айналып, жоқ болып кетуіне құралған бұл сызбаны бұдан да әрі шатастыра, күрделендіре түсу үшін оны ойлап табушылар (негізінен М.Әбіләзов деп түсініңіз – Р.И.) қарызды бір-біріне кезекпе-кезек жолмен өткізілетін жүйесін жасап, бірнеше офшорлық компанияны қатарға тартады. Нәтижесінде кредиттер бойынша барлық төлемдерді алатын Ригадағы «Балтикумс» банкі осы мақсатта арнайы шотын ашып берген Кипрдің «Кимос» атты компаниясы болып шығады.

Бірақ бұл қулықтың құйрығы бір-ақ тұтам еді. Сол 2009 жыл­дың өзінде-ақ Ресей банкінің жаңа басшылығы БТА-дан ақша ұрланғаны жөнінде, соның ішінде «Дело» жауапкершілігі шектеулі қоғамына қатысты да талаптар болды, арнайы мәселе көтерді. Осының негізінде бұл мәселе төңірегінде бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Сол бойда манағы Дмитрий Пак қамауға алынды. Бірақ кепілдігін төлегеннен кейін тұтқыннан босатылды. Ал Олег Царев 2012 жылы ұсталды. Қазір ол үй қамақта отыр. Ал тергеу нәтижелері осыдан бірер күн ғана бұрын айыптау қорытындысын бекіту үшін прокуратураға өткізіліпті. Бұл тұста Пак өзінің айыбын мойындай қоймапты. Мұның есесіне жандайшабы біраз нәрсені мойнына алған сияқты.

Бұл іс бір жағынан айранды біреудің ішіп, шелекті екінші біреулердің жалағанына ұқсайды. Біреулердің қолымен осылай от көсеп, қымқырылған ақшаның басым бөлігін қалтасына басып кеткен Мұхтар Әбіләзовтің бұл тірлігі оның жеке басының мүддесі үшін ешкімді де аямайтынын тағы да байқатып береді.

Қазақта «Екі қу намаздыгер мен намазшамда жолығады» деген сөз бар. Тегінде, бұлардың миллионның ішінен бірін-бірі тауып алып жүргендері де бекер емес қой. Піспектің де күбісіне қарай сайланып келетіні де рас-ау.

Руслан ИГІЛІК.