Тарих • 03 Шілде, 2019

Ұлтшыл күрескер (соңы)

1989 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

(Соңы. Басы 124-нөмірде)

Бұл кездері Түркістанның азаттығы үшін эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұловтың жасаған батыл іс-әрекетіне жоғары баға берді. Ол 1923 жылы жарияланған «Түркістанда ұлт­тық қозғалыс» атты мақаласында Тұрар Рысқұловтың бастамасын «өзбек, қазақ, қырғыз, башқұрт және татарлар­ды біріктіретін тәуелсіз Түркістан мем­­­­­лекетін құру жолында жасалған әрекет» деп бағалап, бұл әрекеттің шы­ғыс халықтары арасында үлкен серпіліс туғызатынын қуана хабарлады.

Ұлтшыл күрескер (соңы)

Сондай-ақ, 1927 жылы «Иені Түркістан» журналында жариялаған бір мақаласында «Мұс­бюроның 1920 жылы болған ІІІ конференциясында түрік қауымдарының басын біріктіру әрекеті «пантүрікшіл» деп айыпталды. ...Түрік ұлыстарының өз қалауы бойынша бірігіп, Орталық Азияда ұлттық түрік республикасын құру әрекетіне қарсы Мәскеу күш қол­данып, Қызыл Армия арқылы тұсау сал­ды», деп дұрыс атап көрсетті. Бар ғұмырын Түркістанның тұтастығы жолында сарп қылған Мұстафа Шоқай, сонымен қатар «Яш Түркістан» журналында жарияланған «Кеңестік Орта Азия Федерациясынан Түркістан ұлт­­тық тәуелсіз мемлекетіне» атты мақа­ласында Тұрар Рысқұлов және оның серіктері жайында былай деп жазды: «...ұлттық намысы мен иманын жоғалт­паған түркістандық коммунистер федерация идеясын көтерген болатын. ...Большевиктер түркістандықтардың ұлыс­тық өмірден ұлттық мемлекет құ­руға қарай жылжуына барынша ке­дер­­гі жасайды. Біз бұл арада Тұрар Рыс­­құлов басшылығында Түркістан коммунистерінің әрекеттерін, яғни олардың Түркістанда тәуелсіз мемлекет құруға қарай жасаған ұмтылыстарын оқырмандардың естеріне сала кетуді жөн көріп отырмыз. 1919 жылы партия конференциясында Түркістан ком­мунистері Мәскеудің «ұлттық шека­раға бөлу» деген сұмпайы саясатынан бұрын «тәуелсіз Түркістан мемлекетін» құру идеясын көтерген еді. ...Біз Түр­кістан ұлттық коммунистерінің бүгінгі большевиктік «Орта Азия федера­циясы» бағдарламасының әрбір түркіс­тан­дық­тың қасиетті ұлттық міндеті болып табылатын біртұтас тәуелсіз Түркістан мем­лекеті мұратына қарай жақындата түсетініне ешбір шүбә келтірмейміз». Мақалада айқын айтылғандай, Мұстафа Шоқай Тұрар Рысқұловтың идеясын тәуел­сіз Түркістан мемлекетін құру әре­кеті деп бағалады. Осы орайда айта кетуге тиіспіз, Түркістанның қос бәйте­регі Мұстафа Шоқай мен Тұрар Рыс­құловтың өмірлік мұрат-мақсаты мен күрес жолы осы «тәуелсіз Түркістан мем­лекеті» идеясы төңірегінде тоғысып жатқан еді. Бір мақсат жолында бірі шетте жүріп алысса, екіншісі күші басым билікпен іште жүріп жағаласты. 

Орайы келгенде айта кетерлік жайт, қолымыздағы деректерге қарағанда, Мұстафа Шоқай мен Тұрар Рысқұлов негізінен 1917 жылдан бері таныс бо­ла­тын-ды. Өткенге сәл шегініс жасар болсақ, 1917 жылы тамыздың 30-күні Ташкент қаласында орыс шаруа­лар кеңесі мен қазақтар кеңесінің бір­­­­­лес­­кен мәжілісінде «Қазақ және орыс шаруалары өкілдерінің Түркістан өлке­­лік атқару комитеті» құрылады. Барлығы 12 кісіден құралған бұл комитетке қазақтардың атынан Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов және тағы төрт кісі енеді. Өзі Самарқанда жүргеніне қарамастан қос төрағаның бірі болып сайланған Мұстафа Шоқай, Ташкентке келгеннен кейін серіктерімен кеңесіп, өз келісімін береді. Жаңадан құрылған коми­тетте жер және жер төңірегіндегі Түркістанның тұрғылықты халқы мен келімсектер арасындағы қарым-қатынас мәселесі талқыланады. Комиеттің мұ­сыл­ман мүшелері келімсектерден жер­гілікті халыққа қарсы қарулы шабуыл­дарын тоқтатуды талап етеді. Сонымен қатар комитет отырыстарында Ресейден жаңа қоныстанушылардың келуіне тосқауыл қоюдың шараларын ойласты­рады. Міне осы кезде, яғни 1917 жы­лы жаз айларында Тұрар Рысқұлов Түркістан Комитетінің құрамындағы жер­­гілікті ұлт өкілдерімен де байла­ныста болды. Бұл кезде Түркістан Комитетінде Әлихан Бөкейханов және Мұхаметжан Тынышпаевпен бір­ге Мұстафа Шоқайдың белсенді мүше болғаны баршаға аян. Ал Коми­тет мү­шесі, кейіннен Түркістан автономия­сы­ның алғашқы үкімет басшысы бол­ған Мұхам­метжан Тынышпаев Тұрарды тіпті 1915 жылдан бері білетін еді. Комитетте Тұрар Рысқұловты Комитеттің Сырдария облысына жетек­ші өкілі етіп тағайындау туралы сөз болады. Көп ұзамай Тұрар партия қа­тарына өтеді. Осыдан бастап мүдделес кісі­лердің күрес тәсілін өзгертіп, екі бағытта жұмыс істеуіне тура келеді. 

Басмашылдық қозғалысы мен ұлттық ұйымдар арасында қандай байланыс бар еді?

Орталықтың әртүрлі айыптауларына қарамастан, Тұрар Рысқұлов ұлт тағдыры талқыға түскен шақта бұғып қала алмады. Ол 1920 жылы қыркүйек айында Бакуде өткен Шығыс халықтары құрылтайында сөйлеген сөзінде «Шы­ғыста таза коммунистік төңкеріске иек артуға болмайды. Төңкеріс ұлттық және ұсақ буржуазиялық сипатта болып, уақыт өте келе халықтық қозғалысқа айналады. Шығыста жұмысшы табы әлсіз болғандықтан, халыққа буржуазиялық демократтар жетекшілік жасауы тиіс» деп атап көрсетеді. Тұрардың сөзін өзбек ұлтынан шыққан қайраткер тұлға Нарбутабеков қолдағанымен, жалпы құрылтай жұмысы большевиктердің бақылауында өтеді. Құрылтайға Тұрар Рысқұловпен бірге барған Зәки Валиди, өз естеліктерінде атақты Әнуар паша қатысқан құрылтай жұмысынан кейін көп жайттың өзгергенін жазады. Құ­рыл­тай кезінде «Түрік коммунистік партия­сының» жетекшісі Мұстафа Супхи Сойсаллыоғлымен жасырын кездесу өтеді. Баку құрылтайынан кейін көп ұзамай кезегімен Зәки Валиди, Төреқұл Жанұзақов және Әнуар паша басмашылар сапына өтіп кетеді. 

Осылайша, ұлт зиялыларының толы­ғуымен бірге, Мұстафа Шоқайдың сөзі­мен айтқанда, басмашылық қозға­лы­сының екінші кезеңі басталды. Ұлт-азаттық қозғалысы кең ауқымды қам­тыды. Басмашылық қозғалысына Әнуар паша қосылғаннан кейін, мүлдем жаңа сипат алды. Түркістандық ұлт зиялылары Әнуар пашаға үлкен үміт артты. Түркістан халықтарының ұлт-азат­тық күресі саналған бас­­­­ма­­шылық қозғалысы жер-жер­дегі астыртын ұйымдармен байланыс­та болды. Мәселен, 1921 жылы ақпан айында башқұрт, қазақ, өзбек және түрікмен ұлттық ұйымдарының өкіл­дері Бұхараға келді. Мұнда Түркіс­тандағы негізгі үш ұйымның, атап айтқанда Алашорда, жәдитшілдер және социалистік бағыттағы «Ерік» партиясының біріккен бағдарламасы қабылданды. Зәки Валидидің есте­ліктерінде айтылғандай, Алашорда өкілдері Хайретдин Болғанбаев, Дінше Әділов және қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің қатысуымен қабылданған бұл бағдарламада тәуел­сіздік, демократиялық республика, ұлт­тық армия, ұлттық экономика, халық ағарту ісінің жаңа жолға қойылуы, ұлт мәселесі және діни бостандық сияқты барлығы жеті баптан тұратын ауқымды мәселелер қарастырылған болатын. Дегенмен, сұңғыла саясаткер ғана емес, дәуірінен озық туған ойшыл да бола білген Тұрар Рысқұлов, басмашылық қозғалысының түпкілікті жеңіске же­те алмасын білді. Бұл мәселеде қос бәй­терек қарапайым халықтың қанға бөгіп, қызыл қырғынның құрбаны боларына қауіптеніп, қабырғасы қайысты. Сондықтан басмашылық қозғалысының бел ортасында жүрген Зәки Валиди, өз кезегінде «Рысқұлов басмашылық қозғалысындағы әскерді аман сақтап, оларды келешек «Мұсылман Қызыл Армиясы» қатарына қабылдауды, осылайша ұлттық армия жасақтаудың қажеттілігін жақтайтын еді» деп жазды. 

Бұл кезеңде Тұрар Рысқұлов және басқа да халықтың ұлтшыл ұлдарының жанқияр еңбектері нәтижесінде көптеген астыртын ұйымдар құрыла бастады. Ұлт зиялылары, Алашорда және Түркістан үкіметтерінің бұрынғы мүшелері және талантты ақын-жазушылар Ташкентке топтаса бастады. Сондықтан жасырын ұйымдардың қайсібірі әдебиет үйірмесі ретінде, енді бірі бірлестік болып құрылып жатты. Астыртын ұйым мүшелері кейде әдебиет кештерінде жолығып, бас қосатын, ал кейде үйлердің қалтарыстарында, дәліздерде, подвалдарда, вагондарда кездесіп, хабарласатын еді. Негізін Мұстафа Шоқай қалаған осындай астыртын ұйымның ең үлкені «Түркістан Ұлттық Бірлігі/Туркестанская национальная объединение» деп аталды. Аталмыш ұйым 1920 жылдан бастап, 1921 жылы толық құрылып бітті. Ұйымның құрылуына Түркия Республикасының да өзіндік үлесі болды. Атап айтар болсақ, 1921 жылы шілде айының соңына таман Түркиядан Мұстафа Кемал Ататүріктің тапсырмасы бойынша Ұлттық Мәжі­ліс­тің мүшесі Мұстафа Супхи Сойсаллыоғлы Бұхараға келді. Оның ұсынысы бойынша «Түркістан Ұлттық Бірлігі» құрылып, оның төрағасы болып Зәки Валиди сайланды. Тамыз айының 3-5 күндері комитеттің алғашқы отырысы болып, комитет бұдан былай «Орта Азия ұлттық мұсылман ұйымдарының одағы» деп аталды. Айта кету керек, бұл одаққа көп еңбек сіңіргендердің бірі – Тұрардың жақын серігі, қырғыз халқының аяулы перзенті Төреқұл Жанұзақов еді. Ұйым кейінірек «Түркістан Ұлттық Бірлігі» болып қайта құрылды және Мұстафа Шоқай ұйымның Еуропадағы өкілі болып сайланды. Ал 1921 жылы 18 қыркүйекте Зәки Валидидің ұйытқы болуымен VІІ Түркістан Ұлттық құрылтайы өтті. Тағы да Валидидің естелігіне жүгінер болсақ, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұ­хаметжан Тынышпаев және Тұрар Рысқұловтың хабары болғанымен, түрлі себептермен құрылтай жұмысына қатыса алмады. Григорий Сафаров сияқты большевиктер тарапынан «пантүрікшіл», «басмашылардың рухани көсемі» деп айыпталған Тұрар Рысқұловтың орталықтың пиғылынан қаймықпай, Зәки Валидимен және түрікшіл-ұлтшыл топтармен байланысын астыртын жалғастыра бергенін байқаймыз. Тұрар Рысқұлов түрікшілдік идеясын және жаңадан құрылып жатқан Түркия Республикасымен байланыс орнатуды ерекше қолдады. Белгілі тұ­рар­танушы Ордалы Қоңыратбаев атап көрсеткендей, түрік халықтары ком­мунистерінің ІІ Жалпыресейлік кеңе­сінде «пантүрікшілдік» идеясының түрік халықтары үшін орасан зор пайдасы бар екеніне тоқталған Рысқұлов Түркия туралы былайша ой өрбітеді: «Біздің айтайын дегеніміз Түркия, империалистік Түр­кия, ол енді жоқ. Шығыстың орасан зор халқын соңынан ертетін жаңа Түр­кия бар. ...Қазір Кемал­дық Түркия түрік халықтарының қозғалысына бас­шылықты кеңестік Ресей жасай алмайды деп мәлімдегісі келіп отыр. Біз олардың айт­қанының дұрыс екенін мойындауымыз керек».

Жалпы, бұл кезеңде барлық ұлтшыл топтар мен астыртын ұйымдардың бір-бірімен байланысы болғанын аңғару қиынға соқпайды. Мәселен, татардан шыққан қайраткер тұлға Мирсаид Сұлтанғалиевтің Башқұртстандағы партия жетекшілерінің бірі Адигамовқа жазып, алайда И.В.Сталиннің қолына түскен хатында да «Валидимен байланыс құр» деген сөйлем бар еді. Ал Валидимен байланыс құру – бас­машылық қозғалысымен байланыс орнату екені айтпаса да түсінікті жайт. Сон­дай-ақ қулығына құрық бойламайтын Сталин, Сұлтанғалиевтің Тұрарға жазған жасы­рын хаттарын да білетін еді. 
 
Эмиграцияда жалғасқан күрес

Алғашқыда большевиктік билік ұзаққа бармайды деп ойлаған ұлт зия­лылары, жаңа үкіметтің алысқа шабар кең тынысын сезгеннен кейін ұлт­тық күрестің ауқымын кеңейту мақ­­­сатында шет елдерге жастарды жіберуді көздеді. Өйткені шет елдерге шығудың басқа амалдарды таусылғандықтан, тығырықтан шығар жол ретінде осы бағыт таңдап алынды. Бұл үшін Бұхара Халық Республикасы үкіметінің тө­рағасы Файзулла Хожаев пен Тұрар Рыс­құлов бастама көтеріп, 60-қа таяу оқушыны Түркия мен Германияға жіберу үшін дайындады. Осы мақсатта 1922 жылы «Көмек» атты ұйым құрылды. Мүнаууар Қари бастаған жәдитшілдер мен ұлт зиялылары аталмыш ұйымға үлкен көмек көрсетіп, халықтан қаржы жиналды. Осы жылы Ташкент қаласында әдеби кеш өтіп, мұнда оқушылар үшін 7500 сом қаражат жиналды. Алманияға жіберілген оқушылар арасында Әзімбек Бірімжанов, Тахир Шағатай, Абдулуахап Оқтай, Ибрахим Яркин сияқты кейінірек Еуропада құрылған «Түркістан Ұлттық Бірлігінің» мүшелері бар болатын. Уәли Қаюм да осы топтың ішінде еді. Оқушыларды Мәскеу қаласына дейін Мұстафа Шоқайдың жақын серігі Убайдулла Хожаев ертіп апарды. Оқушылар Алманияға жеткеннен кейін, Мұстафа Шоқай оларға басшылық жасады. Мұстафа Шоқайдың сөзімен айтқанда, «Алманияда оқыған түркістандық жастар шынында Түркістан ұлт-азаттық күресінің алдыңғы сапынан көріне білді. «Яш Түркістан» соларға және Түркиядағы жастарға арқа сүйеп дүниеге келді. Осы жастардың белсене ат салысуының арқасында ол өз ісін жалғастыра білді». Оқушылардың жай-күйімен танысу мақсатында 1922 жыл­дың соңына таман Бұхара Халық Республикасы үкіметінің төрағасы Фай­зулла Хожаев Алманияға барып қайтты. Ал Тұрар Рысқұлов Түркістан АССР-і Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы ретінде 1923 жылы Алманияға барып, оқушылармен кездесіп, жүздесіп қайтты. Осы жолы оның Алманияда жүрген Мұстафа Шоқаймен кездесіп-кездеспегені жөнінде қолымызда мә­лімет жоқ. Тумысынан талантты әрі идеялас екі саясаткердің сақтық үшін кездеспеуі, бірақ жең ұшынан жалғасып, жасырын хабарласуы да мүмкін. Өйткені Тұрар Рысқұловты қырағы көздер қас қақпай қадағалап отырғаны белгілі. Оның үстіне, Тұрар өз мақаласында оқушылардың Еуропадағы түрік тектес эмигранттармен, яғни Мұстафа Шоқай сияқты түркістандықтармен кездесетінін, алайда олардың оқу­шы­лар­ға ешқандай кері әсері жоқ еке­нін жазған болатын. Сондықтан онсыз да орталықтың «сенімінен шығып кеткен» Т.Рысқұловтың бұл сапары ақыр аяғында үлкен дауға ұласты. Тұрар Рысқұловтың 1938 жылы «сотында» тағылған айыптар негізінен оның 1919 жылдан бері үкіметке қарсы «Иттихат ва таракки» ұйымына мүше болғаны және осы 1923 жылдан бастап Алманияға жұмыс істегені төңірегінде болған еді. 

Алмания сапарында эмиграциядағы шовинистердің және сапардан кейін Мәс­кеулік шовинистердің аяусыз сы­нына іліккен Т.Рысқұлов, 1924 жы­лы Прав­да газетіне «Эмиграция в Тур­кес­тане» атты мақала жариялады. Атал­мыш мақаласында ол Мұстафа Шо­қай­дың эмиграциядағы «Дни» газе­тінде жарияланған «В новом Тур­кес­­тане» және «Наследие Ленина в Тур­кестане» атты мақалаларына жауап жазды. Аталмыш мақаласында дерек­терге көбірек жүгінген Тұрар Рысқұлов, Шоқайға қарсы ғайбат сөз қолданбайды. Тұрардың тағы бір мақаласы «Еңбекшіл Қазақ» газетінің 1924 жылғы №231 санында жарық көрді. «Түркістан туралы Ресей қашқындары» деп аталатын мақала «Правда» газетіне жарияланған мақаланың аудармасы іспетті еді. Бұл мақалада да ол Мұстафаның «Жаңа Түркістан» журналында жарық көрген мақаласын талдайды. Біз бұдан Тұрардың Мәскеу  алдында ақталуға мәжбүр болғанын байқаймыз. Сондай-ақ әйгілі Сұл­тан Ғалиевтің сотымен тұстас келген бұл кезеңде Мұстафа Шоқайдың да Тұрар Рысқұлов пен түркістандық шәкірт­терге қарсы бағытталған сталин­дік қаһар­лы сынды ескеруіне тура кел­ді. Сон­дықтан ол Рысқұлов туралы сөз болғанда «Сталиннің фавориті», «боль­шевиктердің Түркістандағы сенім­ді өкілі» сияқты сөздерді қолдана бас­тады. Шоқай мұндай сөздері арқылы «Рысқұлов шынында Сталинге берілген, адал большевик, менің онымен қатысым жоқ» деген ұғым қалыптастырып, Түр­кістанның қайраткер ұлын төніп келе жатқан қауіп-қатерден қорғаудың бір амалын қарастырғаны еді. Кейінірек, түркістандық шәкірттердің бір бөлігі елге оралғаннан кейін де Шоқай оларды қорғау мақсатында былай деп жазды: «Мен мынаны айтуға тиіспін: Түркістанда болып жатқан оқиғаларды күнбе-күн біліп отыру мүмкіндігім жоқ болғандықтан, Түркістандағы жас өркенге еліміздегі ұйымдар жайлы бағыт беретін ондай аңқау адам емеспін. Егер мен осылай еткен болсам, онда екі түрлі ауыр қателік жі­берген болар едім. Біріншіден, саяси және әлеуметтік мәселелерде қателік жі­бер­ген болар едім. Екіншіден, саяси күрес пен ұйымдастыру тәжірибесі кемшін бір жас түркістандықты тура жендеттердің тұзағына түсірген болар едім». Сонымен қатар эмиграциядағы Керенский бастаған орыс және армян шовинистері Шоқайға да тиісіп, оны «Дни», «Возрождение», «Последние новости» сияқты газеттердің беттерінде «пантүрікшіл» деп айыптай бастағаннан және осы бағытта жазылған арандатушы мақалалар көбейіп кеткеннен кейін, Мұстафа Шоқай бұларға арнайы жауап жазды. Тіпті, «Последние новости» газетінің бас редакторына жазған хатында Мұстафа Шоқай өзінің Тұрар Рысқұловпен ешқандай байланысы жоқ екенін алға тартты. Аталмыш хатында ол Рысқұловтың большевиктер тарапынан «фашистік Алманияның агенті» ретінде айыпталып жатқанын, шын мәнінде Рысқұлов келген 1923 жылы Алманияда әлі фашистік биліктің орнықпағанын да ескертіп өтті. Мұстафа Шоқай, осылайша шовинизмнің тегеурінді шабуылына тойтарыс беріп, одан Рысқұлов пен өзін арашалап алуға ұмтылды. 

Түйіндей айтқанда, Түркістан ұлт-азаттық қоз­ғалысы елде және эмиграцияда бір бағытта жүрді. Қолына қару алып, бас­машылық қозғалысына қатысушылар, пар­тия қатарындағы ұлт жанашырлары және эмиграциядағы қайраткер тұлғалар іштей үндесіп, бірлесіп жатты. Оның бір шетінде Тұрар Рысқұлов бастаған топ тұрды. 


Дархан ҚЫДЫРӘЛІ