Тарих • 02 Шілде, 2019

Ұлтшыл күрескер

2085 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Биыл ұлтымызға қызмет етудің ұлық үлгісін көрсеткен, сонысы үшін қызыл империяның қасап қырғынына ұшыраған Алаштың ардақты ұлдарының бірі, мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толып отыр. Әрине, Тұрар туралы, оның бүгінгі «Егемен» – кешегі «Еңбекші қазақ» газетіне басшылық жасағаны және басқа да қайраткерлік қызметі туралы көп жазуға болады. Біз бүгінгі мақаламызда оның бұрын аса айтылмаған қыры – жасырын ұлттық ұйымдармен байланысы туралы әңгімелеуді мақсат еттік.

Ұлтшыл күрескер

Рысқұлов жасырын ұйымға мүше болған ба?

Түркістан ұлттық автономия­сы боль­шевиктік билік тарапы­нан күштеп құлатылғаннан кейін, тәуелсіздік идея­­­­сының төңі­рігіне топтасқан ұлттық ұйым­дар бұл кезеңде негізінен үш ба­ғыт­­та күрес жүргізді: Кеңес өкі­метіне қарсы қарулы көтеріліс ұйым­дастыру, үкімет аппараттары мен партия қатарында жасырын күрес жүргізу және ұлттық майданның ауқымын кеңейту. Бұл туралы Мұстафа Шоқай: «...Дұшпанға қарсы қарулы күресті партия, үкімет ап­паратта­ры ішіндегі күрес­термен байланыстыру­ керек. ...Мемлекеттің іштей бірік­кен күштерін өздерінің ұлттық тәуелсіздігі жолында Ресейге қар­сы күресіп жатқан басқа да халық­тардың күресуімен үй­лес­тіру лазым. Тығырықтан шы­ғудың бұдан басқа жолы жоқ. Тек осы­лай еткенде ғана бостандыққа жету мүмкін болады», деп жазған еді.

Заки Валидидің естеліктеріне сүйе­нер болсақ, құрамына Түр­кістан, Баш­құртстан, Бұхара, Хиуа өлкелік партия комитеті мү­шелерін тартуды көздеген және «Шығыс социалист партиясы» деп аталған бұл жасырын ұйымға баш­құрт Зәки Валиди, татар Илияс Алкин, Мир­саид Сұлтанғалиев, өзбек Низам Хожаев, қазақ Ахмет Байтұрсын пен Тұрар Рысқұлов мүше болған еді. Олар әуелгіде партия ретінде жасақталып, Ко­минтерннің құрамына енуге әре­кет жасағанымен, Компартия бұл партияның құрылуына тү­бе­гейлі қарсы болғандықтан, жа­сырын ұйым ретінде жұ­мы­сын жалғастыра берді. Түр­кістан тарихының білгірі, про­фессор А.Беннигсен 1920 жыл­­­­дың көктемінде Мирсаид Сұл­тан­ғалиев, Зәки Валиди, Тұрар Рыс­құлов және т.б. көр­некті тұл­­ғалар­дың жасырын ұйым құрып, Ке­ңес өкіметіне қар­сы астыртын күрес жүр­гіз­генін жазады. Ав­тордың айтуынша, бұл жасырын топ үш бағытта жұмыс жүр­гізген еді: Партия қатарында, үкі­мет аппараттарында басшылық қыз­меттерде бола жүріп, тәжірибе жи­нақ­тау; жаңа кадрлар даярлау мақ­­­сатында оқу ордалары мен бі­лім ошақтарын қолға алу; Бас­машы­лық қозғалысы сияқты кеңес өкі­метіне қарсы ұлттық топтармен бай­ланыс орнатып, ұлттық мемлекет құрудың алғы­шарттарын даяр­лау.

Қалай болған күнде Тұрар Рысқұлов­тың жасырын топтың мүшесі болғаны анық. Расында, Түркістанның тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін Орталық партия комитетіне қарсы аянбай кү­рескен Тұрардың уақыт өте келе жасырын ұлт­тық ұйым­дармен байланыса отырып, ұлт-­азаттық майданның рухани діңгегіне айналғанын аңғару қиын­ға соқпаса керек. Профессор А.Беннигсеннің сөзімен айтқанда, коммунистік партия қатарына өткенімен Тұрар Рысқұлов өмір бойы ұлтшыл болып қалған еді. Ал бұл екі идеяның бір арнада тоғыспайтыны айдан анық болса керек.

 

Ырыққа көну ме, ымыраға келу ме?

Түркістан автономиясы не­бәрі екі айдай өмір сүріп, 1918 жылдың ақпан айын­да большевиктер тарапынан күштеп таратылды. Міне, осы кезде Түр­­­кістан ұлтшылдарының ба­сы­­лымы «Ұлығ Түр­кістан» га­зетінде үндеу-мақала жариялан­ды. «Бүгінгі міндеттеріміз» деп аталатын ма­қа­ла Қоқандағы жайт­­тан кейін Түр­кістандағы жағдайдың мүлде ауыр­лай түс­кенін, халықтың қу­ғын кө­ріп, жұрт­тың аштан қы­рыл­ғанын баяндай келе, елінің ер­теңіне алаңдайтын ойлы азамат­тарды ұйымдасып, жаңа үкі­метке мүше болуға, осылайша ұлы Түр­­­кістанның тағдырына араша түсуге шақырды.

Міне, Тұрар Рысқұловтың сая­сат сахнасына шығуы дәл осы кезеңмен тұстас келеді. Ға­лым О.Қоңыратбаевтың сөзі­не сенсек, Рысқұлов партия қата­рына 1917 жылы емес, 1918 жы­­­­лы қыс айларында, яғни Қо­­қан­­дағы қызыл қырғыннан және би­лік большевиктердің қо­лы­на толықтай өткеннен кейін мүше­лікке қабылданған. Соны­мен қатар Тұрар Рысқұловтың партиялық жарналарды уақы­тында төлемегені үшін партия қатарынан шыға­рыл­­ға­нын ес­керер болсақ, Рыс­құ­лов­тың партияны әс­петтеп, әсте құр­меттемегенін, оны тек хал­қына қызмет ете білу үшін ғана таң­дап алғанын айқын аңғарамыз. Оның үстіне, бұл тұста тек Рыс­құлов қана емес, Ресейдің қол астындағы түркі халықтарының көптеген саяси жетек­шілері де большевиктік билік­пен ымыраға келген еді. Әсіресе, боль­ше­вик­термен істесуге құлық біл­дір­ген­дер арасында ұлт-азаттық қоз­­­ға­лысының көрнекті өкілдері мен жәдитшілдер аз емес-тін. Мәселен, Ре­сейдегі мұсылман ұлт­тардың рухани жетекшілері, жәдит­шіл Рызаеддин Фахред­динов пен Мұса Жаруллах Би­гиев Қазан төңкерісін үлкен үміт­­пен қарсы алғанын жасырған жоқ. Ал Мирсаид Сұлтанғалиев, Мол­ланұр Вахитов, Ғалымжан Ибра­гимов бастаған татар зиялылары мен өзбек Мүнәууар Қари, Убайдулла Хожаев, Файзулла Хожаев сынды жәдитшілдер партия қатарына өтумен ғана шектелмей, үкімет мүшелері болып, жауапты қызметтер атқарды.

Бұл тұста қалың дұшпан мен қау­лаған оттың ортасында қал­ған ұлт зия­лы­ларының халық тағдырына араша түсерлік амалы таусылғандай еді. Қылышынан қан тамған, Алашорданы тара­тып, Шоқай сынды ерлерді өлім­ге қиған адмирал Колчак пен ақ генерал, атаман Дутовтың түр­кі жұртының тәуелсіздігіне төзіммен қарап, олардың тұтас­тығына көз жұма алмайтыны да шын­дық еді. Міне, сондықтан, жұр­­ты үшін жанын беруге дайын алаш ардақ­тыларының жаңа үкіметпен ымыраға келуін ең әуелі шарасыздықтан туған әре­кет ретінде қарастыру керек.

Тәуелсіздіктен айырылып, ша­ра­сыз қалған түркістандық зиялыларды большевиктермен ымыраласуға итермелеген­ негізгі себептердің бірі – боль­ше­виктер мен партия жетек­шісі В.И.Лениннің ұлттар жө­нін­дегі, соның ішінде Ресейдің қол астындағы бодан ұлттар жа­йындағы пікірлері болса керек. Өйткені Ресейде великорустық шовинизм белең алып тұрған бұл кезеңде дәл большевиктер сияқты бодан ұлттарға «жанашырлық» танытқандар жоқтың қасы болатын. В.И.Ленин 1913 жылы «Просвещение» журналында жа­рық көрген «Ұлт мәселесі жөнін­дегі сын заметкалар» атты әй­гі­лі мақаласында «Кімде-кім ұлттар мен тілдердің тең пра­волылығын мойындамайтын болса және қорғамайтын бол­са, ұлттық езгіге немесе пра­восыздық атаулыға қарсы күрес­пейтін болса, ол марксист емес, ол адам, тіпті, демократ та емес», – деп атап көрсеткен бо­ла­тын. Пролетариат «күн кө­семі» 1914­ жылы жарық көрген «Ұлттардың өзін өзі билеу правосы туралы» атты мақаласында өзін ұлт­тардың шынайы жанашыры ретінде көрсетуге тырысты. Бұл ұстаным большевиктер би­лік басына келген алғашқы кезеңде де өз жалғасын тапты. 1917 жы­лы 2 қараша күні Ре­сейді ме­кен­деген халықтарға ерік­ті түр­де өзін өзі билеу құқын бер­ген «Ресей халықтары құқық­тарының декларация­сы» жаряланып, 1917 жылы 20 қа­ра­ша күні В.И.Ленин мен И.В.Сталин қол қойған «Халық комиссарлары кеңесінің Ресей мен шығыстың барлық еңбекші мұ­сылмандарына үндеуі» жарияланды. Бұл үндеу әрбір мұ­сылманның жүрегінен берік орын алардай әсерлі жазылған еді: «...Ресей мұсылмандары, Еділ бойы мен Қырым татарлары, Сібір мен Түркістан қырғыздары (қазақтары) және сарттары, За­кавказье түріктері мен татарлары, Кавказ чешендері мен тау ха­лықтары, Ресей патшалары мен қанаушылары тарапынан мешіттері мен ғибадат ету орын­дары қиратылып, діні мен әдет-ғұрыптары тапталып келген, барша жұрт! Бұдан былай сіздердің діндеріңіз бен әдет-ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлт­тық және мәдени мекемелеріңіз еркін деп, оларға ешкім қол сұқпайды деп жа­рия­ланады. Өздеріңіздің ұлттық өмі­ріңіз­ді еркін және ке­дергісіз құра беріңіздер».

Расында, бұл үндеу Ресей қол ас­тында езілген жұрттарға ғана емес, барша шығыс халықтарына ерекше есер еткен еді. Тіпті татар Сұлтанғалиев «шы­ғыстың мұсылман халықтары отар­­лық езгіде жаншылған пролетар ха­лық» деп жазса, түрікшілдік идея­сы жетекшілерінің бірі Зия Гокалп «Ресейдегі түріктер не істеу керек?» ат­ты мақаласында «пат­шалық Ресейдің күйреуімен бірге Тұран даласындағы түрік­тер­дің толық тәуелсіздік алатын кезі келді» деп қуанышпен хабар­лады.

 

М.В.Фрунзе бұл ше­шімдерді «пантүрік­шіл­дік», «па­нисламшылдық» және «бур­жуазиялық ұлтшылдық» деп қара­лады. Ол 1920 жылы 14 сәуірде «күн көсем» В.И.Ленинге жазған хатында Т.Рысқұловқа төмендегідей баға бер­ді: «олар белгілі бір коммунистік емес эле­менттерден құралған және тек объек­тивті жағдайдың ықпа­лымен ғана ком­мунистік туды көтеруге мәжбүр болған адамдар». 


Осы тұста Түркістанның тұ­тас­тығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғалар ортақ дұш­панға қарсы большевиктік би­лікті қолдану керек деп ойлайтын еді. Мәселен, татар зиялы­сы Ханафи Мұзаффар 1922 жы­­лы жарияланған еңбегінде дүние­жүзілік империализм­ге қарсы большевизмді қолдану қажеттігіне баса назар аударды. Ол «Біз үшін бас­ты мәселе ұлтымыздың өмір сүруі. Сон­дықтан, еуропалық им­периа­лизмге қар­сы больше­виктік би­­­лікті барынша қол­дануға күш салу қажет. Ал коммунизм­ идея­сының ұзаққа бармасы анық». Жаңа үкіметті қолдап, оның қаз тұрып кетуіне қызмет жа­са­ған, алайда Сталиннің тұза­ғы­на да бірінші болып іліккен Мир­саид Сұлтанғалиев та: «Мен большевиктердің жанында өз ұлтымды сатып, оның қанын сору үшін жүрген жоқпын!» деп жазған болатын. Сондықтан, ұлтының қасіретті тағдырына қа­бырғасы қайысып, жаны ауыр­­ған, осы үшін жанқиярлық жа­­­сап, билік­пен күресіп, тым бол­­­мағанда оның саясатымен іштей келіспей кеткен тұл­ғалар тәуел­сіздік жолында жанын қи­ған азаттық шейіттері.

 

Міне, осылайша Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарының өзінде большевиктік биліктің жымысқы саясатын жақсы түсінген Тұрар Рысқұлов, енді астыртын күрес жолын таңдап алған еді. Бұл орайда, Ыстанбұл қаласында шы­ғатын «Себиулрешад» газетінде жарияланған «Большевиктердің кім екені енді бел­гілі болды. Алайд­а Ресейдегі мұсыл­ман­дардың олармен келісіп, ымыраға келіп істесуден басқа амалы да жоқ» деп жазғ­ан сөздері еске түседі. 

 

 Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығы жолындағы күрес

Большевиктер Ресейдегі өкі­мет тізгінін толық қолына алып, жер-жерде билік жүргізе баста­ғанда бастапқы ние­тінен тайқып шыға келді. От пен оқ­тың арасында жүріп оқиғаларға куә бол­ған Зәки Валидидің естеліктеріне жү­гінер болсақ, біршама деректерге ұшы­расамыз. Мәселен, 1919 жылы Зәки Валиди мен Тұрар Рысқұловтың арасында Ле­ниннің великорустық шо­ви­низмі жайында әңгіме болады. Әңгіме барысында өзінің бастан өткерген жағдайы мен В.И.Лениннің жақын серіктерінің бірі Г.А.Петровскийден естіген жайт­ты тілге тиек еткен Зәки Валиди, Лениннің саясатта өте тұрақсыз екендігі және оның ұлттық мәселеде І Петрден өт­кен шовинист екендігін айтады. Бұ­дан кейін сақ қимылдаған Тұрар Рыс­құлов көп уақыт өт­пей өте құпия құжат­тар­ды қол­ға түсіріп, бұларды сыртқы дү­­ниеге шығарып, жария­лау үшін Зәки Ва­ли­диге береді. Ко­минтерн отырысынан кейін өзге ұлт өкілдеріне бе­рілмей, тек славяндарға ғана жасырын үлес­тірілген бұл құжаттарда боль­­­ше­виктердің Ауғанстан, Иран, Түркия және араб елдері сияқ­ты шығыс мемлекет­терде тап­тық төңкеріс ұйымдастыру мақ­сатында түрлі айла-шарғыға барып, туыстық белгілер мен тілдерді ажырату, діни алауыз­дық пен ұлтшылдықты қоздыру және арандату сияқты жасырын тапсырмалар берілген екен. Міне, осылайша Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарының өзінде большевиктік биліктің жымысқы саясатын жақсы түсінген Тұрар Рысқұлов, енді астыртын күрес жолын таңдап алған еді. Бұл орайда, Ыстанбұл қаласында шы­ғатын «Себиулрешад» газетінде жарияланған «Большевиктердің кім екені енді бел­гілі болды. Алай­д­а Ресейдегі мұсыл­ман­дар­дың олармен келісіп, ымыраға келіп істесуден басқа амалы да жоқ» деп жаз­ғ­ан сөздері еске түседі.

Ташкент қаласында 1919 жы­лы «Ит­тихат ва таракки» атты жасырын ұйым құрады. Зәки Валиди естеліктеріне сүйен­­сек, бұл ұйымның құрылуында Тұ­­рар­ Рысқұловтың зор ықпалы бол­ған. Осы жылы Ташкентте Тұрар Рыс­құлов, Садуллах Тұрсынхожаев және Низам Хожаевтың ұйытқы болуымен басқосу өтеді. Нәти­жеде, Садуллах Тұр­сын­хо­жаев, Абиджан Махмуд, Убай­дул­ла Хожаев сияқты Түркістан ав­то­­номия­сы үкіметінің бұрынғы мү­ше­лері тарапынан астыртын ұйым құ­рылады. Османлы мем­лекетіндегі «Иттихат ва таракки» партиясын не­гіз­ге алып құрыл­­ған бұл ұйымның же­тек­­шілерінің бірі, «Иттихат ва таракки» партиясының өкі­лі, кавказдық Емин Ефендизаде еді. 1917 жылы қос төңкерістің ара­­­сын­да «Түркістан адеми­ ­мер­­­­­­­­­­­кезиет» партиясының құры­луына мұрындық болған және Түр­­кістан автономиясы тұсында Мұс­тафа Шоқаймен тізе қосып, бірге жүрген Ефендизаде, боль­шевиктік билік орныққаннан кейін Рысқұловтың жанына кел­ді. Ұлт-азат­­­­тық қозғалысының көр­некті жетек­ші­лерінің бірі Зәки Валиди кейінірек: «Тұрар Рыс­құловты көре алмайтын едік. Өйт­кені оны үкімет мұқият қада­ғалай­тын еді. Дегенмен, Дінше сияқты сенімді адам­дары арқылы ол бізге хабар жібе­ріп, тапсырма беріп отыратын еді», деп жазды.

Тұрар Рысқұлов отаршылар­дың езгісінен толық құтылуды және ұлт­тық тәуелсіздік пен Түр­­кіс­­танның тұтасты­ғын басты мақ­сат етіп алған еді. Осы мақсат жолында, 1920 жылы 17-20 қаңтар кү­ндері өткен Түркістан Коммунистік пар­­тия­сының V конференциясы мен Мұс­бюроның төтенше ІІІ конференция­сында Рысқұлов әй­гілі баяндамасын жасап, онда мұсылман түрік халықтарын со­ңы­нан ілестіре алатын партия құру қажеттігіне тоқталады. Тұ­рар осы конференцияда ТКП-ның атауын «Түрік халықтарының Коммунистік партиясы» деп атау­ды, Түркістан Республикасын «Түрік Кеңес Республикасына» айналдыруды және оның құра­мына Қазақстан, Татарстан, Баш­құртстан, Әзербайжан сияқ­ты түрік жерлерін қосуды, осы­ған орай жаңа Конституция қабыл­дауды ұсынады. Бұл ұсыныс ар­қылы Рысқұлов Түркістанды Ресейдің құрамынан толық бөліп алуды көздеген еді. Қайсар ұл­дың қаймықпай жасаған ұсы­нысы қызу қолдау тауып, кон­фе­ренцияға қатысып отыр­ған, атағынан ат үркетін орыс боль­шевиктерінің өзін оң шешім қа­былдауға мәжбүрлейді. Алай­­­да бұл шешімдерге отар­шыл­­­дық пиғылдағы орталық пен большевиктік биліктің ке­лісуі екіталай еді. Расында, со­лай­ да болды. 1920 жылы 23 ақ­панда М.В.Фрунзе бұл ше­шімдерді «пантүрік­шіл­дік», «па­нисламшылдық» және «бур­жуазиялық ұлтшылдық» деп қара­лады. Ол 1920 жылы 14 сәуірде «күн көсем» В.И.Ленинге жазған хатында Т.Рысқұловқа төмендегідей баға бер­ді: «олар белгілі бір коммунистік емес эле­менттерден құралған және тек объек­тивті жағдайдың ықпа­лымен ғана ком­мунистік туды көтеруге мәжбүр болған адамдар». Түркістанның тұтастығы мен тәуелсіздігі жолында жа­сал­ған бұл идеяға кезінде ұлт­тар теңдігі жайын­да үндеу қабыл­дап, бүкіл шығыс жұрт­шы­лығына үйіп-төгіп уәде берген В.И.Ленин мен орталық партия комитеті өре түрегеліп, конференция шешімдеріне қар­сы шықты. Өйткені Тұрар Рыс­құлов 1920 жылы 25 мамыр күні Компартия Орталық коми­теті мен В.И.Ленинге жазған қо­сымша баяндамасында Түр­кіс­танның мемлекеттігін қал­пына келтіру, Мұсылман Қы­зыл Армиясын құру, шет елдермен дипломатиялық және экономикалық байланыстар орнату, Түрккомиссия мен шовинистік рухтағы орыс коммунистерін Түр­кістаннан алып кету сияқты талаптар қойған еді. Коммунистік партия жетекшілері Рысқұ­ловтың әрекетінен шошынып, оны дереу «пантүрікшілдікпен» айып­тады. «Рыс­құловшылдық» деген атау пайда болған осы кезеңде бір белсенді тіпті, ек­пінін баса ал­маған күйі «Валидов пен Рыс­құлов сияқты ұлтшылдарды жер­гілікті жұмысшы табының дұш­паны және халық жауы ретінде әшкерелеу қажеттігін» айтады. Бұл жайында кейі­нірек Зәки Валидов (Тоған) былай деп жазды: «1920 жылы 4 ақпанда болған бас қосуда Тұрар Рысқұлов пен «Иттихат ва таракки» партиясының өкілі Емин Ефендизаденің Түркістанда Түрік респуб­ликасын құру, «түрік ұлттық армия­сын» жасақтау және ішкі мәселелерді Түрік рес­публикасының еркіне қалдыру сияқ­ты ұсыныстары өтпей қалды. Большевиктер Рысқұловқа сенуден қалды».

Сондай-ақ мұсылман ком­мунис­терінің жетекшілерінің бірі Мирсаид Сұлтанғалиев орта­­лықтың отаршылдық пи­ғыл­дағы бұл шешіміне қарсы нара­зылық білдіреді. Бірақ орталық партия комитеті М.Сұл­танғалиев пен өзге де Түр­кіс­тандық мұсылман ком­мунис­тер­дің пікірлерін құлаққа ілген жоқ. Мұның есесіне, 1923 жылы Мирсаид Сұл­­танғалиевтің ісі қаралып, әйгілі «сұл­танғалив­шілдік» деген атау пайда болған кезде Тұрар Рысқұлов та идеялас серігіне араша түсіп, «Сталин қателеседі!» деп ашық айт­қан еді. Өйт­кені, Тұрар Рыс­құлов пен Мирсаид Сұл­тан­ғалиев бас­таған мұсылман ұлт­ зиялылары өздерінің алдына отар­шылдардың езгісінен құтылып, ұлттық тұтас­тық пен толық тәуел­сіздікті мақсат етіп алған еді.

 

(Жалғасы бар)


Дархан ҚЫДЫРӘЛІ