Абай театрынан рухани азық алдым
– Кейбір өнерпаздар «кішкентайымнан өнерге жақын болдым. Содан осы жолға бірден келдім» деп айтады. Сіз де актерлікті бала жасыңыздан таңдадыңыз ба?
–Шынымды айтсам, «актер болсам» деп ешқашан ойлаған жоқпын. Мені өнерге бір құдіретті күш өзі жетектеп алып келгендей. Жас күнімнен әкеме жақын өстім. Кешкілік әкем мені құшақтап жатып, әңгімелесетін. Болашақ армандарым туралы сұрайды. Бірде сондай әңгіме үстінде: «Балам, сенің өнерге жақындығыңды байқаймын. Кинорежиссер болсаң қайтеді? Ол сенің қолыңнан келеді. Осыған бағыңды бір сынап көрші», деді. Отбасымызда өнерге жақын ешкім жоқ. Алайда «әкем мұны неге айтты екен?» деп ойладым. Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, бір-екі шағын спектакль қойған едік. Сондағы ойнаған рөліме көпшілік риза болған. Бірақ оған балалық қызығушылық деп қарадым. Орта мектепті бітіргеннен кейін әскерге алындым. Одан оралған соң ауылда жұмыс істедім. Бір күні газетте Алматы ет-консерві комбинаты жұмысшылар қабылдайтынын жазыпты. Онда: «Төрт айлық курсымыз бар: жатақхана беріп, бір мамандыққа үйретеміз. Тегін тамақ беріледі» делінген. Содан әке-шешемнің рұқсатын алып, Алматыға келдім. Осы ет комбинатында үш жылға жуық еңбек еттім. Тағы бірде республикалық басылымнан: «Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институты ашылады» деген хабарландыруды көрдім. Оның ішінде театр және кино актері бөлімі бар екен. Соны оқып, бала күнімдегі әкемнің сөзін есіме алдым. Осы оқу орнына бағымды сынап көргім келді. Батыл қадам жасап, құжатымды тапсырдым. Алғашқы консультацияға барған күні алдымнан Қазақстанның халық әртісі, профессор Асқар Тоқпанов шықты. Асекең жылы жымиып:
– Әзірше, не көрсете аласың? – деді.
Қысылып, қымтырылып анекдот айтып бердім. Сол сәтте ол кісі көзінен жас аққанша күлді. Менің әзіліме риза болып, емтиханға қалай дайындалу керек екенін түсіндірді. Сөйтіп, сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түстім. Мұнда мен КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Ыдырыс Ноғайбаев, профессор Рәбиға Қаныбаева, Гүлжанат Жанысбаева секілді өте білікті ұстаздардан дәріс тыңдадым. Тәлім-тәрбиесін көрдім. Театр өнерінің тереңіне бойладым. Менімен бірге Сағи Әшімов, Болат Әбділманов, Жанат Байжанбаев, Бақыт Исабекова, Сәкен Рақышев секілді талантты қыз-жігіттер оқыды. Қазір олардың есімдерін жалпақ жұрт біледі. Бәрі де белгілі өнер қайраткерлері. Институтта оқып жүріп, жарымды жолықтырып, отбасын құрдым. Зайыбымның есімі – Раушан. Оның да мамандығы актриса. КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның шеберханасында оқыған.
– Еңбек жолыңызды туған жеріңізге оралып, Абай театрынан бастапсыз. Алматыда қалуға мүмкіндік болмады ма?
– Әрине, болды. Тіпті маған институтта оқытушы болуға ұсыныс айтылды. Бірақ өзім театрды қаладым. Министрлік жолдамасымен Раушан екеуміз Семей театрына орналастық. Сол жолы осында бір топ талантты жас келді. Өнер ұжымы жылы қарсы алды. Көрермен бізбен бірге жаңа леп келгендей сезінді. Абай театры – еліміздегі бірегей өнер ордасы. Тарихы да бай. Театрдың көркемдік жетекшісі – Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев ағамыз еді. Өте талғампаз. Әр рөлге жауапкершілікпен қарайды. Алғашқы өнер жолым сәтті басталды. Жас болсам да бірқатар басты рөлдерді ойнадым. Мәселен, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысында» – Ақан сері, М.Бажиевтің «Қожамжасында» – Қожамжас, Р.Сейсенбаевтың «Түнгі диологінде» – Адай, М.Хасеновтің «Махаббат неге оянбады» қойылымында – Мұрат секілді кейіпкерлер бейнесін сомдап, көрермен ықыласына бөлендім. Тәжірибемді шыңдадым. Әбілқасым Жаңбырбаев, Күләш Сәкиева, Бекен Имақанов сияқты аға буынмен сахнаға бірге шықтым. Солардың үлгі-өнегесін көрдім. Бұл театрда үш жыл ғана істедім. Алайда бар саналы өміріме жететін рухани азық алдым.
– Әуезов театрына қашан келдіңіз?
– Бұл киелі қарашаңырақта қызмет істеу – арманым болатын. Соны іске асыруға бел байлап, әкемтеатрдың көркемдік жетекшісі, көрнекті режиссер Әзірбайжан Мәмбетовке келіп, өтінішімді айттым. Жалпы, ол кісі салқынқанды адам. Бірден ішін бермейді. Артық ештеңе айтқан жоқ. Көркемдік кеңеске жіберді. Кеңес мүшелерінің бәрі ығай мен сығайлар. Атақтарынан ат үркеді. Сәбира Май-
қанова, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов... Кілең өнері аңызға айналған тұлғалар. Солардың алдында өнерімді көрсетіп, театрға қабылдандым. Сол күні қуанышым қойныма сыймады.

Әзекеңнің өнегесі бөлек
– Сол жылдардағы Әуезов театрының ортасы қандай еді? Соны айтасыз ба?
– Өз басым әкемтеатрдың сол кезеңін «алтын дәуір» деп бағалаймын. Шынында, өнер ордасының сол шақтағы аурасы, ортасы бөлек еді. Қазақ театрының іргетасын қалаған корифейлердің көзі тірі болатын. Солармен бірге сахнада өнер көрсетіп, батасын алдым. Олардың бір-біріне ілтипаты, құрметі ерекше. Аға, орта, жас буын өкілдері арасында жарасымды сыйластық орнаған. Театрдың ішкі өз заңдылығы бар. Мысалы, екі актерге бір рөл беріледі. Алғашқы құрамда аға буын актері, екінші құрамға жастарды шығарады. Осындағы алғашқы рөлім – «Шоқан Уәлиханов» спектакліндегі немістің бейнесі. Мұны белгілі актер Әшірәлі Кенжеев екеуміз кезектесіп ойнадық. Оны Әзірбайжан Мәмбетов сахналалады. Әкемтеатрдың дәуірлеген тұсы Әзекеңмен тікелей байланысты. Шын мәнінде, ол кісі – реформатор тұлға. Ұлт режиссурасына тың өріс ашты. Әзекең басқарған жылдары Әуезов театрының абыройы аспандады. Қазақ театры одақ көлемінде танылды.
Қазір ойласам жиырма жылға жуық өмірім әкемтеатрда өтіпті. Осы аралықта үлкен-кішілі 80-нен аса рөлдерді ойнадым. Жұлқынып тұрған жаспыз. Режиссер ұсынған кез келген кейіпкерді сомдадым. Әсіресе эпизодтағы шағын бейнелермен көп шықтым. Сахна майталмандарымен бірге өнер көрсетіп, театр әлемінің қыр-сырын үйрендім. Әзірбайжан ағадан бастап, Райымбек Сейітметов, Жанат Хаджиев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Әубәкір Рахимов, Есмұхан Обаев, Болат Атабаев, Қайрат Сүгірбек секілді айтулы режиссерлермен жұмыс істедім.
– Мәмбетов режиссерлігінің «құпиясы» неде деп ойлайсыз?
– Әзекең режиссер ретінде актерге барынша еркіндік береді. Қыспайды. Бірақ сыртынан бақылайды. Ол кісі Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі болған жылдары Чеховтың «Ваня ағайын» қайта сахналады. Сонда профессор Серебряковті ойнадым. Ғалым болса да жағымсыз бейне. Кейіпкерімнің образын біразға дейін таба алмадым. Қатты қиналдым. Дайындықта Әзекеңе ойымды айтып едім, «ол өмір сүруден шаршаған адам», деді. Осы бір сөзден Серебряковтің образын шығардым. Кейін бұл рөлім республикалық театр байқауында «Үздік ер адам бейнесі» аталымын жеңіп алды.
Әзірбайжан ағамыздың әр қойылымы – айтулы бір оқиға саналушы еді. Режиссер ретінде адам жанына терең үңілетін. Дайындықта әрбір сөзге бойлап, «кейіпкер оны неге айтты, қандай астары бар?» деп мұқият мән береді. Актерге бір рөлді сеніп тапсырады. Егер ол оны көңілінен шығара алмаса, келесі адамға береді. Ал актер бойынан жаңашыл ізденіс көрсе, бірден шабыттандырды. Әрбір спектакльді әбден иін қандырып, сахнаға шығарады. Жұмысқа өте талапшыл, қатал. Алайда өмірде жұмсақ адам.
Әзекең Қаллеки театрында да соны із қалдырды. Өнер ұжымына талантты жастарды тартты. Мұнда «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ана – Жер-Ана» секілді классикалық туындыларды қойды. Актер классикалық шығармалармен өседі. Осы жағынан алғанда, ол кісінің өнегесі бөлек. Қазіргі Қазақ ұлттық өнер университетінен театр бөлімін ашуға мұрындық жасады. Алғаш театр факультеті ашылғанда 7 бала оқыса, қазір 300-ден аса жас білім алады. Осының бәрі – біртуар тұлғаның еңбегі. Ақиқатында, Әзекең – ұлы адам. Қадірін енді түсініп жүрміз.
– Алматыдан Астанаға келгенде М.Горький атындағы орыс драма театрына қызметке орналасыпсыз. Осыған тоқталасыз ба?
– Ел ордасы Алматыдан Арқаға көшкен жылы зайыбым Президент әкімшілігінде қызмет атқаратын. Сондықтан ол Астанаға алдымен келді. Мен Әуезов театрындағы жұмысымнан шыға алмадым. 2005 жылы Юрий Ханинганның шақыруымен Горький театрына жұмысқа қабылдандым. Мен екі тілде еркін рөлдерді ойнай беремін. Мұнда да бірнеше бейнелерді шығардым. Әсіресе Мольердің «Тартюф» қойылымындағы Тартюф пен М.Шахановтың «Шыңғысхан» драмасындағы Қайырханды ерекше айтар едім. Бұл театрда көп істеген жоқпын. Бірде жаңа премьера көруге Әзекең келді. Мені көріп, «Мұнда неғып жүрсің. Орыс актері болып кеттің бе?» деп қатуланып сұрады. Содан кейін мені Қаллеки театрына шақырып алды.
Сахнада адамның шынайы бейнесі жоғалып барады
– Қазір елімізде біраз театр бар. Онда қаншама премьера қойылады. Бірақ Мәмбетов туындыларындай «жарылыс» жоқ. Бұған не дейсіз?
– Бұған жауап беру қиын. Қазір кейбір режиссерлер қысқа уақыт ішінде бір спектакльді әзірлеп, сахналайды. Арасында музыканы ойнатып, ән салғызады. Билетеді. Сөздің салмағын ешкім безбендемейді. Бүйте берсек, театр болашақта «шоуға» айнала ма деп қорқамын. Театрдың негізгі миссиясы – адам жан-дүниесін ашып көрсету. Сахнадан адамның шынайы бейнесі жоғалып барады. Көрерменді тебірентетін, мұңайтатын қойылымдар азайды. Мысалы, Чехов шығармалары әлем театрларында жиі қойылады. Себебі оның кейіпкерлерінің бәрі өзін-өзі іздейді. Қазіргі адамдардың басындағы жағдай. Осыны көрермен
театрдан көргісі келеді. Бүгінде елімізде талантты режиссерлер жетеді. Бірақ талғампаз жұртшылықтың көңілінен шығатын шығарма сирек. Адам жан-дүниесін ақтарып тастайтын психологиялық драмалар жетпейді. Бүгінгі жас режиссерлердің арасынан Фархад Молдағалиевтің болашағынан үміт күтемін.
– Классикаға айналған қойылымдарға эксперимент жасау «дәстүрге» айналып барады. Осы жайында айтып өтсеңіз?
– Әрине, уақыт бір орында тұрмайды. Алға жылжып дамиды. Бүгінгі спектакльдерге заманауи шешімдер қажет екені анық. Алайда халқымыздың асыл қазынасына айналған классикаға эксперимент жасауды қаламаймын. Кейбіреулер сол арқылы атын шығарғысы келетін секілді. Мұны жастар жақсы қабылдайды. Ал егде жастағылардың ұғуы қиын. Өйткені қойылымның сыртқы мазмұны керемет. Жалт-жұлт еді. Әсем музыкамен бірден елітіп алады. Бірақ шығарманың тереңіне ешкім бойламайды. Мәселен, кезінде Жанат Хаджиев «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» сахналады. Оны жұртшылық жылы қабылдады. Мұны Әзірбайжан аға да қойған еді. Бірақ Жанаттікі Әзекеңнің дүниесіне мүлде ұқсамайды. Жаңаша жол тапқан. Бірақ онда қазақтың исі бар еді. Ал бүгінгі эксперименттік туындылардан ондай ерекшелікті көрмейсің. Ұлттық бояу жоқ. Классиканы сахналау оңай емес. Оған жан аямай еңбек ету керек. Әсіресе Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов драмаларындағы бейнелі көркем тіл қандай! Соны көрерменге шеберлікпен жеткізе аласың ба? Ұлттық құндылықты көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Әйтпесе бай қазынамыздан айырыламыз. Мен өнердегі жаңалыққа қарсы емеспін. Бүгінгі жазылған туындыларға тәжірибе жасай берсін. Дегенмен классиканың тұпнұсқасын өзгертуге болмайды.
– Ұзақ жылдан бері театр сахнасында жүрсіз. Қаншама бейнені сомдадыңыз. Солардың ішінен табиғатыңызға жақын рөлді айтасыз ба?
– Жаныма жақын рөлдерім көп. Оның ішінде неше түрлі кейіпкерлер бейнесі бар. Жалпы, комедиялық шығармаларды жақсы көремін. Кейде күлкілі кейіпкерлерді ойнағанда халық соған мәз болып күлсе, содан керемет шабыт аламын. Әуезов театрында да комедиялық қойылымда ойнадым. Әрбір кейіпкер бейнесі актердің ішінен туады. Айталық, әкемтеатрда К.Гоцийдің «Турандот ханшайымында» – Әртауым императорды сомдадым. Осы бейнем өзіме ұнайды. Одан кейін Қуанышбаев театрында А.Дударевтің «Кеш» драмасында Василийді (Мульти) ойнадым. Бұл шығарманы Фариза Оңғарсынова аударған. Режиссер Болат Ұзақов сахналады. Осы туындыны қойған режиссерге алғысым шексіз. Мұнда жұртта қалған үш қарттың өмірі баяндалған. Балалары қалада тұрады. Ауылға келмейді. Былайша айтқанда, бүгінгі өмір бейнесі. Осындағы Мультик бейнесі табиғатыма сондай жақын. Үш қария бір-бірімен күнде ұрысып, татуласады. Қойылым соңында Гастрит қайтыс болғаннан кейін Мультиктің айтатын монологі бар. «Тағы бір адамның жарығы сөнді. Кеш те таяды. Осы өмірде күлдік, жыладық, азап шектік. Сол үшін күн саған рахмет! Соңымыздағы ұрпағымыз соғыс көрмесе екен, көбейсін!» дейді. Осы қойылымды көруге зайыбым барған еді. Соның қасында 14–15 жастағы бала отырыпты. Сол «спектакльден шыққаннан кейін ауылдағы атама хабарласамын» деп солқылдап жылапты. Осылай жылаған бала үшін театрда ойнауға болады.
Шәкірттерімнің өнеріне тәнтімін
– Киноға неге сирек түстіңіз?
– Соған өзім де таңғаламын. Нәтінде, сыртқы келбетім келмеді ме, киноға жолым болмады. Әйтпесе көркем фильмдерге түсуден бас тартқан жоқпын. Бұрын «Тоғыспаған тағдырлар» сериалына түстім. Онда шағын рөлді ойнадым. Одан кейін де бір-екі сериалға шақырды. Бірақ режиссер талабымен келісе алмадым. Киноның өз ерекшелігі бар. Оны миллиондаған адам тамашалайды. Бірден елге таныласың. Бұл да өнер адамы үшін сәттілік деп ойлаймын.
– Жанқалдыбек Төленбаев екеуіңіздің шеберханаларыңыздың негізінде құрылған «ЖАН» иммерсивті театры туралы сөз ете кетсеңіз?
– Бұл өнер ордасының іргетасы осыдан екі жыл бұрын қаланды. Театр репертуарында үш қойылым бар. Аз уақыт ішінде «ЖАН» осы туындыларды 31 рет сахналады. Барлық қойылым аншлагпен өтті. Тек қана бас шаһарда оны 12 600-ден астам адам тамашалады. Театрдың шығармашылық құрамын 32 жас актер құрайды. Бәрі де шетінен өнерлі. Соның дені – менің шәкірттерім. Шамам келгенше жас таланттарды қолдағым келеді. Осы театрды сол үшін аштық. Қазір ұжым жас болса да көрермен ықыласына бөленіп үлгерді.
– Біраз жылдан бері Қазақ ұлттық өнер университетінде шәкірт тәрбиелейсіз. Актерлік мамандықта оқитын жастарға көңіліңіз тола ма?
– Жиырма екі жылдан бері жоғары оқу орнында оқытушы болып қызмет атқарып келемін. Бүгінгі жастардың танымы, көзқарасы басқаша. Заманауи ойлайды. Әрине, театр бөліміне дарынды жастар көп түседі. Кейде олар қазақ театрының іргетасын қалаған тұлғалар, режиссерлер, бірегей сахна шеберлері туралы білмей жатады. Мен оған түсіністікпен қараймын. Оларға кітап оқымайтын актердің жаны терең болмайтынын айтып отырамын. Жалпы, актер болу қиын. Адамның таланты бірден ашылмайды. Біреудің дарыны ерте, біреудікі кеш бүр жарады. Жастар өте қабілетті. Өнерлі. Жаңа технологияны жетік меңгерген. Шет тілдерінде еркін сөйлейді. Біраз шәкіртім Қаллеки театрында жемісті жұмыс істеп жүр. Солардың сахнадағы өнерін көріп, марқайып отырамын. Еңбегімнің босқа кетпегеніне шүкіршілік етемін.
– Өмірде өкінішіңіз бар ма?
– Өкінішім жоқ. Тағдырыма ризамын.
Әңгімелескен –
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»