Қоғам • 03 Шілде, 2019

Заңды тұлғаларды тіркеуді құзырына алды

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құзырына заңды тұлғаларды тіркеу функциясы өтті. Бұдан бұрын халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қабылданған құжаттар өңдеу үшін Әділет министрлігіне жіберілетін. Бұл туралы facebook-тегі ресми парақшасында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева мәлімдеді.

Заңды тұлғаларды тіркеуді құзырына алды

«Енді біз заңды тұлғалардың құжаттарын қабылдап қана қоймай, өңдеп, мемлекеттік тіркеуге қоятын боламыз. Бұл қызметті атқару үшін Әділет министрлігінің аймақтық бөлім­шелерінен 98 қызметкер бізге ауысты, оған қоса біз 197 қыз­мет­­керімізді оқытудан өткіздік», делін­ген хабарламада.

Жаңадан енген өзгерістерге сәйкес заңды тұлғаларды, атап айт­қан­да акционерлік қоғамдарды, мем­ле­кеттік кәсіпорындарды, бар­лық коммерциялық ұйымдарды мемле­кеттік қайта тіркеу, тарату, филиал­дар мен өкілдіктерді есептік (қайта тіркеу) тіркеу қызметтері, құжаттар­дың қолданыстағы заңнамаға сәй­кестігі туралы құқықтық сараптаманы мемлекеттік корпорация қыз­меткерлері жүргізеді. 

Сонымен қатар мемлекеттік кор­пора­цияның мамандандырылған ХҚО-лар  қызметіне өзгерістер енді. 1 шілдеден бастап ондағы ІІМ қыз­мет­кер­лерін «Азаматтарға арналған үкіметтің» мамандары алмас­тырады. Көлікті тіркеуге қою немесе алу, жүргізуші куәлі­гіне өті­ніштерді  корпорация маман­дары қабылдайды, онда жүргізі­летін емти­хандарды да авто ХҚО қыз­мет­керлері өткізеді. Өз кезегін­де, барлық қабылданған өтініш­тер ІІМ-нің арнайы құрылған кеңсе­леріне өңдеу үшін онлайн түрде жіб­еріліп отырады. Бұл осы салада­ғы жем­қорлық әрекетін тыйып, мемле­кеттік қызметтердің сапалы әрі жылдам көрсетілуіне әсер етуі тиіс. 

«Бұл ауқымды өзгерістер мем­ле­кеттік қызметтердің сапалы көр­сетілуіне оң ықпал етуі тиіс. Корпо­рация­мыздың құзырына өткен мін­дет­тердің өсуі – бізге деген сенім­нің артқаны деп білемін», деп атап өтті өз парақшасында Әсемгүл Балташева.