Аймақтар • 03 Шілде, 2019

Иман һәм «Интернет-карта»

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қоғамға дендей енген әлеуметтік желінің пайдасымен қоса зияны да бар. Мысалы, жат діни ағымның жетегінде кеткендердің 88 пайызына осы әлеуметтік желі әсер еткен. Монитордың арғы жағында отырған адамның пиғылын аңғармай, «ұстаз тұтқандардың» қатары көп.

Иман һәм «Интернет-карта»

Атырау облыстық дін істері бас­қар­масының үш маманы әлеу­мет­тік желілерде таратыла­тын дес­труктивтік бағыттағы материал­дарға мониторинг жүргізіп отырады. Осы мақсатта арнайы дайын­дал­ған «Интернет-карта» жобасы ар­қылы қауіпті діни ақпараттар авто­мат­­тандырылған түрде жиналып, сарап­талады. «Интернет-карта» псев­­досалафизм идеологиясы таралуын бақылауға, қауіпті аккаунттар­ды, деструктивті діни ағым ұстанушылар таратқан уағыздардары анықтауға, жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді», дейді облыстық дін іс­тері басқармасының басшысы Қай­рол­ла Көшқалиев. Өткен жылы экстре­мис­тік мазмұндағы 301 сайт пен ак­каунт анықталса, биылғы алты айда әлеуметтік желіні теріс бағытта пай­даланған 24 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынған.

Дін саласында білікті маман­дар­дың тапшылығы әлі де бар. Қазір об­лыс­та 79 имам қызмет етеді, оның 26,6 па­­йызы ғана жоғары білімді. Осы ол­қы­лықтың орнын толтыру мақ­сатын­да облыс әкімдігі арнайы жобаны іске асырып келеді. 2017 жы­лы жергілікті меценаттардың қол­дауы­мен діни бағытта білім алатын атыраулық 18 студентке оқу гранты тағайындалды. Өткен жылы 44 студент грантпен қамтылды. Бұл ба­ғыт­тағы жұ­мыстар биыл да жал­ға­са­ды. Жоба нәтижесінде жоғары білім­ді имамдардың көрсеткіші біраз артқан. 

Өңірлік коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте облыстық дін істері басқармасының басшысы «Жусан» операциясы кезінде Сирия жерінен елімізге оралған 51 атыраулық туралы да айтты. Оның ішінде 26 бала бар. «Отты нүктеге» кеткендердің қатарында әйел азаматтардың саны басым екені ойлантады. Қазір олар Ақтаудағы оңалту орталығында.

Теріс ағымның қағидаларын сана­ларына құйып алғандармен жүр­­гізіліп жатқан жұмыстарды нәти­жесіз дей алмаймыз. Атырауда дін бас­қармасы, ақпараттық талдау ор­талығы, «Шапағат» оңалту орта­лығы, Қазақстан Мұсылмандары діни бас­қармасының өкілдігі бірлесіп атқар­ған шаралардың арқасында жыл басынан бері 35 адам жат ағым­нан дәстүрлі діни бағытқа оралды. Шетелдерде күмәнді жоғары оқу орындарында оқыған үш студент елге қайтарылды. Бірақ әлі 25 жас шекараның арғы жағында «күмәнді» білім алып жүр...