Аймақтар • 03 Шілде, 2019

Алматы әкімі Алатау ауданындағы ахуалмен танысты

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың алғашқы жұмыс аптасын қала аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайларымен танысудан бастағанын бұдан бұрын да хабарлаған едік. Осы бағыттағы жұмыстарын жалғастырған жаңа әкім Президент тапсырмасына сәйкес оңтүстік астананың «шеті жоқ қала» принципі бойынша дамитынын атап өтті.

Алматы әкімі Алатау ауданындағы ахуалмен танысты

Қала әкімдігі Баспасөз қызметінің мәліметі бойынша,Алатау ауданына жұмыс сапарымен барған Бақытжан Сағынтаев көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй салудың қарқынымен, энергетикалық кешендерді модернизациялау барысымен танысты. Өртке қарсы қызметті дамыту, балалардың ойын алаңдарының, әсіресе батуттардың қаупсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін де талқылады. Қала тұрғындары үшін автобус желілерін дамыту мәселесі де өзекті. Осыған байланысты  қалада екі жүз автобусқа арналған №3 автопарк және жеке тасымалдаушының 130 автобустық базасы салынуда. Әкім кәсіпорын басшыларымен бағыттарды субсидиялау, жылжымалы составты жаңарту және жүргізушілер мен басқа мамандық иелерін дайындау мәселелері талқылады.

Автобустар жаңарып, қалалықтардың сапалы қызметке деген сұранысы артуда, демек тасымалдаушылар қызметінің жоғары болуына қатысты мәселе қозғаған қала басшысы колледждермен бірлесе жұмыс істеп, жүргізушілердің, механиктердің, электриктердің, және басқа да мамандық иелерінің жетіспеушілігін шешу қажеттігіне тоқталды.  

Бүгінде Алматыда әлеуметтік жағынан аз қамтылған топты тұрғын үймен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту мәселелері де шешімін тауып келеді. Осы орайда қолға алынған Алғабас мөлтек елді мекеніндегі тұрғын үй құрылысының барысымен танысқан қала басшысы мөлтек аудандарды орталықтандыру принципі бойынша дамыту әрі қажет барлық әлеуметтік инфрақұрылымдардың жақын орналасуы тиіс екендігін атап көрсетіп, тұрғын-жай аумағында сквер, емхана, тіпті дүкен қарастырылмағандықтан, кейінгі жобалардың бірінші қабаттарына әлеуметтік нысандардың орналасуын қарастыруды тапсырды.

Қала басшысы сонымен қатар ауаның ластануын азайтуға қатысты шаралармен танысып, тиісті қызметтерге қысқа мерзім ішінде нақтылы ұсыныстар беруді тапсырды.