Қазіргі уақытта шаруашылық қанатын кеңге жайған кәсіпорынның мал қоралары мен басқа да өндірістік үй-жайлары 20 гектар жерді алып жатыр. Бұл жерде отызға тарта адам еңбек етіп, тарықтырмайтын көлемдегі тәп-тәуір жалақы алады. Заманның талабына сай құрылған шаруашылық америкалық технология бойынша жұмыс істейді. Малға жем беру толықтай механикаландырылған, ал суару ісі автоматты жүйеге көшірілген.
Жақында «Жәке» шаруа қожалығы Өзбекстан тарапымен келісімге келіп, сол елге биыл семіртілген 28 мың бұқа жеткізетін болды. Тапсырыс берушінің шарты бойынша, әрбір жануардың салмағы 400 килодан кем тартпауы тиіс екен.
Бұл шаруашылықта бордақыға байланған кездегі малдың бастапқы салмағы 200-250 кило болады. Жүз күннің ішінде құнарлы жемнен ауызы босамаған ірі қараның әрқайсысы 600-700 килоға дейін салмақ тартып, семіретін көрінеді. Айта кететін бір жайт, жемшөпті егіп, оны қайта өңдеуге дейінгі жұмыс толықтай шаруашылықтың өзіндік техникасымен атқарылады екен.
– Екі жыл ішінде біз өндіріс көлемін 5,5 мың басқа дейін ұлғайттық. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 мың басқа дейін жеткізуіміз керек. Келесі жылы қуатын толық күшіне қосуды жоспарлап отырмыз. Сол кезде жылына бордақыланған 40 мың бас бұқаны сатуға шығарамыз, – дейді кәсіпорын өкілі Алмас Сыздықов.
Аталған шаруа қожалығы қазіргі таңда мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған түрлі бағдарламаларды тиімді пайдаланады. Мысалы, кәсіпорын алдағы уақытта «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Ресейден 5 мың бас, Польшадан 2 мың бас тұқымы тәуір ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында асыл тұқымды малдардың генетикасын жақсарту жұмыстары да қолға алынған.
Таяуда облыс әкімі Ерлан Қошанов шаруасы шалқыған шаруашылыққа барып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Әңгіме барысында облыс басшысы өңірге ет өңдеу комбинатының өте қажет екенін баса айтты.