14 Мамыр, 2013

«Бардак»

373 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Бардак»

Сейсенбі, 14 мамыр 2013 2:54

Жақында «Нұр Отан» ХДП Алматы калалық филиалы жанын­да­ғы Жемқорлыққа қарсы күрес қо­ғамдық кеңесі генерал Рүстем Қай­­даровтың төрағалық етуімен кезекті мәжілісін өткізді. Онда Алма­ты қаласы бойынша сот акті­ле­рін орындау департаментінің жұ­мысы қаралды.

Жақында «Нұр Отан» ХДП Алматы калалық филиалы жанын­да­ғы Жемқорлыққа қарсы күрес қо­ғамдық кеңесі генерал Рүстем Қай­­даровтың төрағалық етуімен кезекті мәжілісін өткізді. Онда Алма­ты қаласы бойынша сот акті­ле­рін орындау департаментінің жұ­мысы қаралды. Аталған департа­мент­те басшының тұрақтамауы (бір жылда үш бастық ауысқан), өт­кен жылы Қаржы полициясы­ тарапынан департаменттің 9 қыз­меткеріне қылмыстық істің қоз­ға­луы, прокурорлық қадағалау акті­сі­мен 168 лауазымды тұлғаның тәр­тіп­тік жауапкершілікке тартылуы, 65 адамның жұмыстан босатылуы (оның ішінде жұмыс өтілі үш жылдан жоғары 46 сот орындаушы), бү­гінгі күні 19 сот орындаушының орны бос тұрғаны қоғамдық кеңес оты­рысының негізгі тақырыбына айналды.

«Ауруы» асқынған сала

2012 жылы Сот актілерін орындау департаменті сот орындаушыларының өндірісінде жалпы сомасы 837 185 385 376 теңгені құрайтын 105735 (оның ішінде 10982 іс алименттер бойынша), ал 2011 жылы жалпы сомасы 611 196 521 947 теңгені құрайтын 92286 атқарушылық құжат болған. Бұл мәліметтер 2012 жылы өндірістегі құжаттардың саны 2011 жылмен салыстырғанда 13449 құжатқа немесе 13 пайызға ұлғайғандығын көр­се­­теді. Ал 2012 жылы аяқталған өнді­рістегі істердің саны – 42917 (али­менттерді есептемегенде), сомасы – 201 494 045 506 теңге, яғни, жалпы сомасы 152 373 024 854 теңгені құраған 45776 іс қаралған 2011 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 9 пайызға аз. Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша, орындалған атқарушылық құжаттардың 9 пайызға төмендеуіне бірнеше фактор әсер еткен. Мәселен, аймақтық бөлу қағидаты бойынша штаттық кестенің өзгеруі ешқандай оң нәтиже бермеген. Сондай-ақ, атқарушылық құжаттардың жалпы санының 13,5 мыңға ұлғаюы да осы факторға негіз болып отыр. Әкімшілік, коммуналдық және банктік қарыздарды өтеу туралы атқарушылық құжаттардың көптеп түсуінің де кері әсері байқалады. Аймақтық бөлімдер бойынша жеке статистикалық есептер­дің болмауына байланысты заттай айғаққа сәйкес статистикалық есеп бо­йынша жан-жақты сараптама жүргізу мүмкін болмаған. Атқарушылық құ­жаттар мәліметтер базасына толық кө­лемде енгізілмеген, ал атқарушылық құжаттарды тіркеуді есепке алу журналдары мүлдем жүргізілмеген.

Біз жоғарыдағы мәліметтерді қо­ғамдық кеңестің тексеру қорытын­ды­сынан келтіріп отырмыз. Осы орайда бұл саланың жұмысындағы кемшіліктер Алматы қалалық прокуратурасының басқарма бастығы Б. Шәрібаев тарапынан да үлкен сынға ұшырағанын айтып өткіміз келеді. Прокурордың айтуынша, бұл кемшіліктер борыш­кер­лердің өз қарыздарын өтеу қабіле­тінің жоқтығынан, соттардың талап-арыздарды қамтамасыз ету бо­йын­ша, ал тергеу органдарының қыл­мыстық жауапкершілікке тарты­латын тұлғалардың мүлкін анықтау және тыйым салу бойынша шара қол­данбағандықтарынан, сот орын­даушылардың сот актілерін ор­ын­­дауға құлықсыздығынан туындап отырған тәрізді. Сондай-ақ, кә­сіби біліксіздік, кадрлардың тұ­рақ­­тамауы, сот орындаушылар жала­қы­ларының төмендігі, сыбайлас жем­қорлық, әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы мен сот орындаушылардың қорғалмауы да осы сала қызметіндегі кемшіліктерге негіз болып отыр. Сот орындау органдарындағы мате­риалдық-техникалық базаның төмен­дігі, бұл саланың басқа мемлекеттік органдармен, мәселен, мүлікті тір­кеу, борышкерлерді іздеу, қоғам­дық тәртіп пен қауіпсіздікті қамта­масыз ету мекемелерімен байланы­сы­ның жоқтығы, сот актілерін орында­мағандарға жауапкершіліктің жеңілдігі де осы сала жұмысына кері әсер етері сөзсіз. Тағы бір алаңдататын мә­селе – департаменттің лауазымды тұл­ға­­ларының жемқорлыққа біртабан жа­қындығы. Сондықтан сыбайлас жем­қорлық тақырыбы әл-әзірге күн тәртібінен түседі деуге сенім аз.

Сонымен, қоғамдық кеңес отырысында әңгіме болған бұл тақырып арқылы Алматы қаласы сот актілерін орындау департаментінің жұмысының қандай дәрежеде екеніне көз жеткіз­ген­дей болдық. Көпке түсінікті бір ауыз сөзбен «бардак» деп бағалауға болады.

Не істеу керек?

Осы күнгі отырыс кезінде қоғамдық кеңес мүшелері Алматы қалалық сот актілерін орындау департаментінің жұмысын сынап қана қоймай, ты­ғы­рықтан шығудың жолын да қарас­тырғандай болды. Кейбіреулер жеке сот орындаушылардың қызме­тіне көңіл бөліп, осы салаға баса назар аудару қажеттігін, жеке сот орын­даушылардың санын арттыруды, жеке сот орындаушылар институтын ны­ғайтудың қажеттігін тілге тиек етті.

Алматы қаласы бойынша жеке сот орындаушылардың өңірлік алқасының төрағасы А. Қайдаров өз пікірін былай өрбітті:

– Жеке сот орындаушылары, ең бас­тысы, өздері үшін жұмыс істейді. Олардың табысы істен өндірілген со­маның он пайызын құрайды. Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша 46 жеке сот орындаушылары қызмет істейді, олардың өндірісінде бес мыңнан астам атқарушылық құжаттар бар. 2011 жылдың қыркүйек айынан бері жұмыс істей бастаған жеке сот ор­ындаушылар институтына жеке тұлғалардың да, заңды тұлғалардың да сенімі артып келеді. Алдағы уақытта Алматы қаласында екі жүзге жуық жеке сот орындаушы болады деп жоспарлап отырмыз. Бұл қоғамдық кеңестің бүгінгі отырысында сын сойылына ұшыраған сот орындаушылық қызметтің жақ­саруына оң әсер етеді деген сенімдемін.

Ал «Атамекен» қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Ж.Сүлеймановтың айтуынша, орындау өндірісі жүйесі ең артта қалған және тиімсіз мемлекеттік жүйе болып отыр. Басқа мемлекеттік салалардың жұмысы күннен күнге жақсарып отырса, орындау өндірісі жүйесінің қызметі кері кеткен. Бұған сот орындаушыларына өз мін­деттерін орындау үшін көптеген өкі­леттіктер қарастырылған 2010 жыл­ғы орындау өндірісі туралы жаңа заң­ның қабылдануы да, заңдарға сот орындаушылардың талаптарын орын­дамағаны үшін борышкерлерге артылатын жауапкершіліктің артуын қарастыратын өзгертулердің енгізілуі де өз септігін тигізген жоқ.

Орындау өндірісінің мұндай мүшкіл халінің бірнеше себебі бар, оның ішінде, сот орындаушыларына тапсырылатын істердің көптігі (орта есеппен Алматы қаласында бір сот орындаушыға жылына 1000 істен келеді), төмен материалдық-техникалық база, сот орындаушыларының мардымсыз жалақысы. Бүгінгі таңда аталмыш кемшіліктерді жою қиын немесе тіп­тен мүмкін емес. Барлық ішкі ре­сурс­тардың таусылғандығын, жаңа шешімдердің қажеттілігін орындау өндірісі өкілдерінің өздері де мойындап отыр. Орындау өндірісі жақсармады және жақсармайды, керісінше, бұл жүйедегі жағдай одан сайын нашарлайды, өйткені, жылдан жылға орындалатын құжаттардың саны, соған сәйкес әрбір сот орындаушысына артылатын жұмыс көлемі де ұлғаяды. Кейбіреулер орындау өндірісінде қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін сот орындаушыларының жалақысын кө­бейтуді ұсынады. Алайда, бұл шешімді дұрыс деп ойламаймын, өйткені, жалақыны көбейткеннен сот орындау­шысына артылатын жұмыс көлемі азаймайды. Орындау өндірісінің тиімділігін арттыру үшін соттан орын­дау құжатын электронды пошта арқылы алудан бастап, борышкерлермен және өндіріп алушылармен қарым-қатынас орнатуға дейін оны толық автоматтандыру керек деп ойлаймын. Бүкіл орындау өндірісін салықтық құқықтық қатынастағы сияқты электронды форматқа өткізу керек. Сонда сот орындаушысы борышкерді қуып әуре болмай, тек компьютердің бір түймесін басу арқылы борышкерге хабарлама немесе қаулы жібере алады. Электронды құжат орын­дал­маған жағдайда сот орындаушысы электронды пошта арқылы сот шеші­міне ыждағатсыз қарайтын борышкерге әртүрлі жазалау шараларын қолдана алады. Осылайша, сот орындаушысының борышкерді іздеуге, оған өз талаптарын орындатуға кететін уақыты бірнеше есеге азаяды, қағаз құжаттардың көлемі, оларды жоғалтып алу қаупі едәуір төмендейді, сот орындаушысының өндіріп алушылармен және борышкерлермен бетпе-бет кездесулерінің азаюынан жемқорлық заң бұзылушылықтардың саны кемиді. Орындау өндірісін автоматтандыру заңға өзгерістер енгізуді және материалдық, ұйымдастырушылық шығындарды талап етеді. Бірақ автоматтандыруға күш салу жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, орындау өндірісінің тиімділігін ғана емес, халықтың мемлекетке деген сенімін арттырады.

Тобықтай түйін

Қоғамдық кеңес отырысында сынға ұшыраған Алматы қаласы бойынша сот актілерін орындау департаментінің бастығы А.Апиев те сөз сөйледі. Өзінің айтуынша, ол Әділет министрінің ұсынысымен осы саланы жөндеу үшін Қарағандыдан келген екен. Бұл департаменттің тізгінін ұстағанына көп уақыт бола қоймаған. Дегенмен, біз осы мақаланы дайындау барысында А.Апиевке жолығып, оның да пікірін білгіміз келді. Не істеу керек, қалай істеу керек, қашан істеу керек деген сияқты сұрақтарға жауап аламыз ғой деген ниетіміз болған-ды. Есік аузында тұрған күзетші ғимарат дәлізіндегі «окошкада» отырған қызға жолығыңыз деді. Ол жерде отырған қыз «бастықтың қабылдауына қатысты мәселені мен шеше алмаймын, «начальницаға» жолығыңыз» деді. Ал ол жерде «начальницасы» жоқ екен. «Ол қайда?» деген сұрағымызға әлгі қыз «начальница» жоғарыда отырады, қашан төменге түсетінін білмеймін» деді. Дегенмен, бастық қыз да келді, құжатымызды көрді, бірақ ләм-мим үндеген жоқ. Сонымен, күзетшінің алдынан бір қайтып, «окошкадағы» қыздың алдынан тағы қайтып, «начальницасынан» жауап ала алмай, департамент бастығымен кездесуден күдер үзіп, кері қайттық. Мақаламыз аталмыш департаменттің қызметі жөнінде болса да, оның бастығының бірауыз пікірін бере алмағандығымыз сондықтан. Ал, осы бір «ауру» саланы сауықтырудың жолы туралы айтамын дейтін адам болса, сұхбаттасуға әзірміз.

Шарафаддин ӘМІРОВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы.