Аймақтар • 04 Шілде, 2019

Амангелді ауданы жас мамандарды жаңа баспанамен қарсы алды

859 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Амангелді ауданының орталығында сегіз пәтерлік үй бой көтерді. «Ұлттық домбыра күні» және «Елорда күніне» орайластырылған мереке аясында осы үйден енді келіп жатқан жас мамандарға пәтер кілті тапсырылды. Кілтті аудан әкімі Әмірхан Асановтың қолынан алғандардың бірі Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай педагогика университетінің түлектері Ләззат Өскен мен Ерболат Дүйсенбаевтар болды.

Амангелді ауданы жас мамандарды жаңа баспанамен қарсы алды

«Біз университетке «Серпін» бағдардамасы бойынша Шымкент қаласынан келіп түскен едік. Төрт жыл оқып, математика пәнінің мұғалімі мамандығын алдық. Енді өз қалауымызбен Амангелді ауданына келдік. Алдымыздан жап-жаңа баспана дайын тұр екен, қатты қуандық. Бір бөлме болғанмен іші кең, ыстық су, суық суы келіп тұр, орталықтан жылытылады» дейді Ләззат Өскен. Айтпақшы Ләззат пен Ерболат бұл баспанаға тамыз айында жас отбасы болып оралады, оған дейін Шымкентке ата-аналарына барып, тойын өткізіп келеді екен.

Амангелді ауданында мамандар тапшылығы қатты білінеді. Аудан бойынша 8 пәннен 23 мұғалім жетіспейді. Ал жалпы басқа мамандықтарды қосқанда ауданға 40-тан аса маман керек.

Жас мамандарға арналған 8 пәтерлі үйді аудан кәсіпкерлері жұмылып салып берді. Оған негізінен мұғалімдер орналастырылатын болады. Жаңа оқу жылына дейін әлі бес жас маман осы үйдің тұрғынына айналады.