Екі басшының арасында не байланыс бар?
Сенбі, 18 мамыр 2013 2:59
Қазір Оңтүстікте екі күннің бірінде елді елең еткізерлік жайттар орын алуда. Алдымен ауыз су мәселесінен бастасақ… Осыдан бір айдай уақыт бұрын облыстық прокуратура өңірдегі «Ақбұлақ» бағдарламасының орындалуына байланысты тиісті басшыларға ауыр айыптаулар тақты. Тіпті, прокуратура өкілдері таратқан парақшаларда ауылдарға су құбырын тартуда су құрдымға кеткен қаржылар сомасы бірнеше миллиардты құрайтыны нақты көрсетілген еді.
Сенбі, 18 мамыр 2013 2:59
Қазір Оңтүстікте екі күннің бірінде елді елең еткізерлік жайттар орын алуда. Алдымен ауыз су мәселесінен бастасақ… Осыдан бір айдай уақыт бұрын облыстық прокуратура өңірдегі «Ақбұлақ» бағдарламасының орындалуына байланысты тиісті басшыларға ауыр айыптаулар тақты. Тіпті, прокуратура өкілдері таратқан парақшаларда ауылдарға су құбырын тартуда су құрдымға кеткен қаржылар сомасы бірнеше миллиардты құрайтыны нақты көрсетілген еді. Бірақ артынша облыстық энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, миллиардтарды түгендеп, қалай жұмсалғанын түсіндіріп, кінәліні басқа жақтан іздеді. О баста жер асты су қорларын дұрыс зерттемеуден бүгінде бірнеше ауылға тартылған ауыз су кермек татып кеткен. Қазір ол ауылдарға суды тазартатын қондырғылар орнатылуда.
Осымен Оңтүстік халқы біршама уақыт тыншыған сияқты еді. Осы аптаның дүйсенбісінде дүрбелең қайтадан басталды. Бұл жолы қарымсаққа қолды қаржы полициясы салды. Оңтүстік Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Әбілсейіт Рабаев қамауға алынды. Тағылған кінә өте ауыр. Бұл іс бойынша кем дегенде тағы үш шенеунік күдікті ретінде танылып отыр екен. Бұлар жөндеуді қажет етпейтінін біле тұра Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ тас жолын қалпына келтіру жұмыстарына бюджеттен 131 миллион теңге бөлген. Бұл іспен қазір республикадан келген қаржы полициясының қызметкерлері айналысуда.
Енді кеше Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Болатбек Нәжмединұлы Әлиев қызметінен босатылды. Бұл лауазымды тұлға дәл осы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жұмысына жетекшілік ететін. Әрине, әкім орынбасары жұмсақ креслосынан оңайлықпен айырылғысы келмейтіні белгілі. Оның үстіне Болатбек Нәжмединұлы осы қызметінде жүріп қаншама қиындықтарды, қаншама ақпараттық шабуылдарды бастан өткерді десеңізші. Бірқатар ақпарат құралдары оның өткен еңбек жолдарына шолу жасап, бұрын құқық қорғау саласында жүргенде істі болғанын қайта-қайта көзге шұқып көрсете берді. Шынында бір кездері кеден саласында жүргенде бірқатар келеңсіздіктерге ұрынып, қызметінен қоштасқан ба?! Бірақ, оны қаралайтындай дәлел аз болды ғой деймін, Болатбек барлық «диірменнен» дін-аман шықты. Әйтсе де осыдан кейін «Әлиев» деген тегін алып тастап, оның ресми түрде «Болатбек Нәжмединұлы» деп құжат ауыстырғанына да көп бола қойған жоқ еді. Міне, осындай тартыстан кейін Болатбек Нәжмединұлының аяқ астынан жұмыстан кету туралы арыз жазғанын қалай түсінуге болады? Біздіңше әкім орынбасарының орнынан кетуін Әбілсейіт Рабаевтың жоғарыдағы «тірлігі» тездеткен, тіпті мәжбүрлеген сияқты. Бір кездері Болатбек те облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы қызметін атқарған. Дәл сол кездері Рабаев оның қол астында жұмыс істепті. Жап-жас жігіттің кейіннен бағы жанып, Болатбек Нәжмединұлы облыстық әкімдікке қызмет ауыстырғанда бұл оның орнын басып, басқармаға бастық боп қалады. Қалай айтсақ та, әкім орынбасарының қызметімен қош айтысуы мен басқарма басшысының «былығы» арасында бір байланыс бар сияқты. Әрине, ақ-қараны айыру құқық қорғау органдарының, ал, мәселенің мән-жайын білу алдағы күндердің еншісінде.
Апта ортасында барлық сайттарда Шымкент қаласының әкімі Қайрат Молдасейітов өз еркімен жұмыстан кетеді екен деген ақпараттар жарық көрді. Артынша қала әкімінің сырқаттанып қалуына байланысты, қысқа мерзімді демалысқа шыққаны белгілі болды. Қайрат Құсейінұлының бұл қызметіне келгеніне бір жылдан енді асты. Тағы да осы аптада облыстық спорт және туризм басқармасының бастығы Полат Қырықбаевтың Астанаға ат ауыстырғанын естіп білдік. Әрине, бұл екі азаматтың да жоғарыдағы жол дауына ешқандай қатысы жоқ. Бәрі өмірдің заңы ғой. Біреулер бизнесті қалайды, біреулер билікті қалайды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.