21 Мамыр, 2013

Бақылау бар, нәтиже жоқ

301 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бақылау бар, нәтиже жоқ

Сейсенбі, 21 мамыр 2013 1:35

Бір кездері «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп жаппай қырылған малдай, бүгінде енді бекіре балықтарының жойылу жайы бітпес жырға айналды. Оның қашан тоқтары да белгісіз. Белгілісі Жайық-Каспий бассейніндегі бағалы балықтар түрі түгесіліп бара жатыр деген дабылдан бар қазақстандық құлағдар шығар деп ойлаймыз. Әйтпесе, осы бекірені жылан жалағандай жою жайы көршілес елдердің арасында тек Қазақстанда ғана айрықша өршіп тұрған көрінеді.

Сейсенбі, 21 мамыр 2013 1:35

Бір кездері «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп жаппай қырылған малдай, бүгінде енді бекіре балықтарының жойылу жайы бітпес жырға айналды. Оның қашан тоқтары да белгісіз. Белгілісі Жайық-Каспий бассейніндегі бағалы балықтар түрі түгесіліп бара жатыр деген дабылдан бар қазақстандық құлағдар шығар деп ойлаймыз. Әйтпесе, осы бекірені жылан жалағандай жою жайы көршілес елдердің арасында тек Қазақстанда ғана айрықша өршіп тұрған көрінеді. Сондықтан бір жыл, әрі кетсе екі жылдан кейін қорғайтын бекіре тұқымдас балық түрі қалмауы да бек мүмкін екен. Бұл туралы  баспасөз мәслихатын өткізген «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рақымбеков жария етті.

Ол қазіргі кезде елімізде бекіре тұқым­дас балық қорына қатысты күрделі жағдай қалыптасып отырғанын жоққа шығармай әрі жасырмай ашық айтты. Соңғы он жылда бекіре балығының саны 61 млн.-нан 2012 жылы 1,3 млн.-ға бірден азайып кеткен. Өз алдымызға дербес ел болдық де­ген­де, бағалы балықтың осылайша жұрттың көз алдында қырылып жатқаны қалай? Қаншама айтылса да, неліктен бір жемісін беретін нақты шара қолға алынбайды? Оның бәрі құқық қорғау органдарының дәрменсіздігі мен жауапсыздығынан көрінеді. Қылмыскерлер алақанда жүрсе де, бірде-бір ұйымдасқан қылмыстық топ анықталмаған. Ал оның салдары халық байлығының талан-таражға салынып, шет­ел асуына әкеліп соғуда. Себебі, мемлекет тарапынан қолға алынған тиісті шараларға қарамастан, бекіре балықтарын заңсыз аулау тоқтатылмай отыр. Құқық қорғау органдарының күшімен 3 жыл ішінде 991 қылмыстық іс қозғалып, оның тек 446-сы ғана сотқа жеткен. Сонда байқасаңыз, құқық қорғау органдарының салғырттығы салдарынан құқық бұзушылықтың жартысы ғана тиісті жеріне жетіп отыр, дейді Боран Ғизатұлы.

Мәселенің өте өзектілігін ескере отырып, «Нұр Отан» ХДП жағдайды тұрақты бақылауға алған көрінеді. Ең басты мәселе, балықты талан-таражға салушылармен қоғам, халық болып бірлесе күресу қажеттігі айтылды. Сондықтан да, «Нұр Отан» ХДП бұл өзекті мәселеге қоғамның, халықтың, әсіресе, құқық қорғау органдарының назарын аударуды қолға алып отыр. Өйткені, сонау 2009 жылы сәуір айында Мемлекет басшысы бекірені аулаудағы браконьерлік пен шектен шыққандық оның жойылуына әкеліп соқтыратынын айтқан еді. Алайда, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалғандықтан, биылғы жылы Бас Прокурордың төрағалығымен құқық қорғау органдарының ведомствоаралық кеңесі тағы өтті. Онда осы мәселе тағы көтерілді. Бекіре жойылып бара жатыр, шұғыл түрде тиімді де қатаң шара қажеттігі айтылды. Дегенмен, әлі де жағдайдың өзгере бастағаны көрінбейтін секілді. Себебі, «Нұр Отан» ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес пен Партияның қоғамдық қабылдауына және Партиялық бақылау комитетінің жедел шара қолдану орталығына азаматтардың арыз-шағымдары әлі де топырлап түсіп жатса керек.

Міне, осындай жағдайларға бай­ланысты Атырау облысында балық шаруашылығы саласындағы бра­­конь­ерлік­ке қарсы әрекет етуге және балық қорын сақтауға бағытталған «Нұр Отан» ХДП партиялық бақылау бекетін құру бойынша қанатқақты жоба жүзеге асырылыпты. Оның құрамына саланы жетік білетін мамандар, мәслихат депутаттары енген. Аталған бекет жұмысын ұйым­дастыру «Нұр Отан» ХДП тиісті құ­қық қорғау және бақылаушы орган­дармен бекіткен ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес әрі заң шең­бе­рінде жүргізіледі. Мәселен, осы іс бо­йынша бірлескен 16 рейд өткен. Заң­сыз балық аулап жүрген браконьер­лер қолға түскен. Нәтижесінде, 8 материал құқық қорғау органдарына жолданыпты.

Осы, дер уақытында «Нұр Отан» ХДП ұйымдастырған бекет жұ­мысының нәтижесі бойынша, балық қорын қорғау саласындағы осал тұстар анықталған. Сонымен қа­тар, осы акцияны өткізу нәтижесі аймақ тұрғындарының оң бағасына және қолдауына ие болуда екен. Енді партия жинақтаған осы оң тәжірибенің алда да келеңсіздіктермен күресте қажет болары сөзсіз.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».