«Әкімдікке келіп толтырсын»
Телефондағы адам сөзін: «Сәлеметсіз бе? «Егемен Қазақстан» газеті ме?» деп бастады. Тыңдап тұрғанымды айттым. Одан кейінгі ойын: «Сіздер осыдан біраз бұрын «Халің қалай, ауыл мектебі?» деген тақырыпта «Көкейкесті» айдарына мақала жазып едіңіздер. Біз оны мектебіміздегі мұғалімдер болып талқыладық. Әлі де әңгімемізге арқау болып келеді. Өйткені ондағы сіздер көтерген мәселе біздің бас ауруымызға айналған» деп жалғады.
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданының бір ауылынан хабарласып тұрғанын жеткізген маманның айтуынша, мектепте мұғалімдердің электронды күнделікке кіріп, баға қоюына арналған жалғыз компьютер бар. Ондағы кезектің соңы кейде түнгі екі-үште аяқталатын көрінеді. Ең сорақысы сол, бүкіл мүдделі мұғалім таласқан жалғыз компьютердің интернеті наурыз айының 15-нен бастап мүлде өшіп тыныпты.
Аудандық әкімдік пен білім бөлімі мемлекеттік сатып алу ережелеріне байланысты қызмет көрсету мерзімі аяқталғанын алға тартып, жақын жуықта интернет болмайтынын ескерткен. Содан мұғалімдер баға қойып, күнделікті толтыру үшін аудан әкімдігіне кешкі алтыдан кейін жұмысқа қатынаған.
«Интернет істемейді, жағдай жасалмаған, бірақ талап жоғары. Аудан әкімдігінен «әкімдікке келіп толтырсын» деген тапсырма келді. Содан ауылдан ауданға қатынап, әкімдіктегі қызметкерлердің компьютеріне кезекке тұратын күйге түстік. Олардың компьютерден қолы босағанын, түскі асқа кеткенін немесе кешке жұмыс біткенін күтеміз. Қысқасы, соларға ыңғайлы уақытты тосамыз» деп таңғалдырды. Арызын айтқан апай электронды журналды күн сайын пайдаланбаған соң, оған қоса технологияны жедел игеріп те кете қоймайтыны бар, жанына жас маманды жетектеп ауданға барады екен.
Бүкіл ауыл осындай
«Неге мұны енді ғана айтып отырғанымды түсінбей тұрған боларсыз. Оқу кезі дегеніңіз нағыз майдан іспеттес. Одан бас көтеру әсте мүмкін емес. Әйтеуір жылды жауып, жай тапқаннан кейін әріптестер болып келесі жылға қамданып отырғанда итшілеген тірлігіміз есімізге түсіп, ой үстіне ой жамалды. Алаңымыз арта түсті. Келесі оқу жылында да осылай сабыламыз ба?» деп қынжылды телефонның арғы жағында күрсінген кейіпкер.
Қарапайым ұялы телефонның байланысы ұстамайтын ауылда сөйлесу мүмкін емес. Сондықтан мұғалім қаладағы балаларының ұялы нөміріне үй телефонымен шығатын көрінеді. Ал қалалық байланыспен ұялы байланысқа шығу тап-таза шығын екеніне шырылдаған ол: «Бір айда үй телефонымен сөйлескеніме бірталай ақша төлейтін болдым. Ол аздай сенбі-жексенбі күндері күнделік толтыру үшін қалаға барып келеміз. Өйткені балалар компьютерді жақсы меңгергенімен, электронды журналды, біздің кәсіби терминдерді түсіне бермей қателеседі» дейді.
Осы шағымын аудандағы білім бөліміне жеткізіпті. Сөйтсе, ондағылар: «Сіздің ауыл ғана емес, Қарқаралы ауданындағы бүкіл ауылда осылай» деп шығарып салыпты. Жалғыз еместігі жанына демеу болуы керек екен.
«Атымды айтпай-ақ қояйыншы»
Мына жайтты естігенде жағамызды ұстап, жазу арқылы жоғарыға жеткізу керектігін айттық. Әрі факт, дәлел ретінде кейіпкердің аты-жөнін, қандай ауылдан хабарласып тұрғанын және қай мектепте істейтінін сұрадық. Көп мұғалімнен еститін жаттанды сөз тіпті төзіміңді тауысады: «Атымды айтпай-ақ қояйыншы. Нан тауып тұрған жерімнен айырылып қалармын!»
Еш қуғындалмайтынын, ойдан проблема құрастырып тұрмағандықтан жұмысынан айыруға ешкімнің құқы жоқ екенін айтсақ та, мәлімет беруден бас тартты. Сол себепті аталған аудандағы ауыл мектептерінің мұғалімдерін іздеп кеттік. Таныстарды, достарды, әлеуметтік желінің қолданушыларын тарттық.
Мәселені ашып айтудан жасқанбайтын азаматтар бар екен. Бесоба ауылындағы мектептің география пәнінің мұғалімі Мақсат Рысбаев ауылда 2G ғана ұстайтынын атап өтті. «Мүмкіндіктің шегі осындай болғандықтан, мектепке қуатты интернет тартатын құрылғы (тәрелке) орнатты. Наурыздың басынан бері келісімшарттың уақыты бітіп қалғаны себепті мектепте интернет жоқ. Ал күнделік толтырылуы тиіс. Сондықтан соңғы тоқсан бойы ауданға қатынадық» дейді бейнетке батқан мұғалім. Оның айтуынша, әкімдіктегі компьютерге сағат кешкі алтыдан кейін ғана отыра алады. Интернет мәселесін шешпесе, көрген күндері осы. Онлайн-тренингтерге қатысу деген мұндағы мұғалімдер үшін арман болғалы қашан.
Министрлік үшін ғана толтырамыз
Ал Талды ауылындағы №14 орта мектептің директоры Мақсат Қасым біз хабарласқан кешкі кезде еңбек демалысында болса да жұмыстан шығып келе жатқанын жеткізді. Өйткені бітпеген шаруа шаш-етектен. «Мұғалімдер мен оқушылардың өресі биік болғанын қалаймыз, соған сай жоғарыдан жауатын талап та жетерлік. Бірақ бүкіл ауыл интернетсіз отырған ақпараттық қоғамда әлемдегі жаңалықтан бейхабармыз. Мамандардың мүмкіндігіне шектеу, оған қоса оқушылар да білімнің көбін интернеттен алатын заманда өз бетінше ізденуден қалды» дейді.
Оның айтуынша, жаңартылған білім мазмұнына сай түрлі сайттардан оқуға берілетін тапсырмалар бар. Айталық, әдебиет пәнінен балаларға kitap.kz ашық кітапханасынан шығармалар оқу туралы тапсырма беріледі. Бірақ оқушылар оны орындай алмайды. «Бәрін былай қойғанда, электронды поштамен хат жібере алмаймыз ғой. Kundelik.kz-ті министрлік үшін ғана толтырып отырмыз. Ата-аналар балаларының бағаларын көре алмайды. Мұғалімдер ауданға барып толтырып отырғанда, олар қайдан ашады?» деп ашынады М.Қасым.
Ал жоғарыдағы жауапты ведомство Күләш Шәмшидинова басқарып тұрған кезде (2019 жылдың 6 мамырындағы Үкімет отырысы): « Министрлік «Күнделік» жобасын іске асырды. 6 мыңнан астам мектеп қосылды. 4 млн-ға жуық пайдаланушы бар, олардың 318 мыңнан астамы – мұғалімдер, 2 млн-нан астамы – оқушылар, 1,8 млн-нан астамы – ата-аналар» деп Үкімет басшысы Асқар Маминнің алдында есеп берді. Бұл есепке «министрлік үшін ғана күнделік толтыратын» Қарқаралының ауылдары қосылды ма екен?..