23 Мамыр, 2013

Тұтылды деген осы

281 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тұтылды деген осы

Бейсенбі, 23 мамыр 2013 2:48

Шегірткенің айтатыны бар ғой, «бір қаштым – құтылдым, екі қаштым – құтылдым, ал үшін­шісінде тұтылдым» деп. Дәл қазір сондай «не жаздым, құдайдың» күйін біздің шетелдерде сауға сұрап жүрген қашқынымыз Мұхтар Әбіләзов те кешіп жатыр.

 

Бейсенбі, 23 мамыр 2013 2:48

Шегірткенің айтатыны бар ғой, «бір қаштым – құтылдым, екі қаштым – құтылдым, ал үшін­шісінде тұтылдым» деп. Дәл қазір сондай «не жаздым, құдайдың» күйін біздің шетелдерде сауға сұрап жүрген қашқынымыз Мұхтар Әбіләзов те кешіп жатыр.

Англияның жоғарғы соты БТА-банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзовтің меншігіне жататын Ұлыбритания жеріндегі үш «люкс» класты жылжымайтын мүліктер нысанын KPMG компаниясының басқарушысына сату уәкілдігін берген түпкілікті бұйрық шығарды. Аталмыш ше­шім «БТА-банк» акционерлік қоғамының Әбіләзовтің банк директорлар кеңесінің төрағасы болып тұрған жылдарында банктен заңсыз жолмен алып кеткен активтерін қайтару мақсатында ұсынған заңды өндіріс шеңберінде шығарылып отыр.

БТА-банктің баспасөз қызметі, сонымен бірге, Лондон жоғарғы соты бұдан бұрын банктің пайдасына 3,7 млрд. долларға жуық жалпы қаржыны қайтарып беру жөніндегі басқа да бірқатар маңызды шешім­дердің жалғасы болып табылатынын атап көрсетті. Таратылған баспасөз парақшасына сәйкес, енді сот Лондонның Carlton House деп аталатын солтүстік бөлігінде орналасқан Бишоп авенюдегі кең сарайды (особняк) сатуға рұқсат етті. Особняк қабылдау бөлмесінен, кітапханадан, 9 жатын бөлмесінен, соның аумағындағы бассейн мен 12 адамға арналған түрік моншасынан тұрады. Саудаға сондай-ақ Виндзор қаласы аумағында орналасқан Oaklands Park деп аталатын өңірдегі 40 гектардан астам жер телімі де шығарылады. Бұл учаскенің ауқымында 8 үй, питомник, теннис корты, көлдер, орман алқабы мен тікұшақ қонатын алаңқай бар. Бұдан басқа, Лондонның Сент-Джонс-Вуд ауданында Alberts Court атымен танымал болған күзетке алынған пәтер сатылатын болады.

Осы жерде сауда-саттық жұ­мыстарын атқаратын компания­ны да таныстырып өткеннің ар­тықшылығы болмас. Онымен шұғылдану міндеттелген KPMG – әлемдегі осындай кәсіби қызметтегі аса ірі жүйелердің бірі. Ол аудиттік жүйедегі Deloitte, Ernst & Young және PwC компанияларымен бірге Үлкен төрттікті құрайды. Оның халықаралық штаб-пәтері Амстелвен (Нидерланды) қаласында орналасқан. Ал филиалы біздің елімізде, Алматы қаласында да бар.

«Соттың бұл бұйрығын Әбіл­әзовтің директорлар кеңесі төрағасы лауазымында жүрген кезеңінде сіңіріп кеткен банктің бірнеше миллиард долларға бағаланатын активтерін алдағы уақытта қайтару жолындағы тағы бір маңызды қадамдардың бірі деп есептейміз. Енді біз сот шешімімен шығарылған активтерді сата аламыз. Соттың шешімін бұдан ары да банктің бүкіл әлемге тарап кеткен активтерін қайтару үшін пайдалануды жалғастыра береміз», – деп баспасөз қызметі БТА-ның басқарма мүшесі, басқарушы директоры Павел Просянкиннің сөзінен дәйектеме келтірді.

Лондонның жоғарғы соты ең алдымен 2012 жылғы ақпан айында Мұхтар Әбіләзовті сот өкімін құрметтемегені үшін 22 айға бас бостандығынан айырған болатын. Сол шығарылған қаулыға сәйкес, бизнесмен билік органдарына беріліп, өзінің активтері жөніндегі ақпарды толық жеткізуі тиіс еді. Олай болмаған жағдайда оның БТА-банк беріп отырған жалпы сомасы 6 млрд. доллардан астам ақша тұратын 8 талап-арыз бойынша өзін өзі қорғау құқығынан айырылып қалатыны да ескертілді.

Алайда, Әбіләзов бұл қаулы мен ескертпеге пысқырып та қараған жоқ. Шамасы, мұның бәрін ол жәй қоқан-лоқы санап, бәрі өзінен өзі орнына келе салады деп ойласа керек. Немесе не десе айтқаны келіп тұрған өзінің баяғы бір шалқақтап Қазақстанда жүрген кезеңін есіне алған болуы да мүмкін. Сөйтті де, Британияның жоғарғы сот органының шешіміне түкіріп кете барды. Оның ең үлкен қателігі де осы болды. Сол қателік Мұхтарды соттан қашуға мәжбүр етті. Бірақ бұлайша ұзақ қаша алмасын сезгесін, ол Лондонның жоғарғы сотына қайта шағым берудің де жолын тапты. Әлбетте, сот 2012 жылғы қарашада оның апелляция­сын қанағаттандырудан үзілді-кесілді бас тартты. Сосын Мұхтар Ұлыбритания жоғарғы сотына қарай шағым жолдады. Шамасы, бизнесмен осы сотқа қатты үміт артса керек, оның апелляциялық инстанциядағы шешімді өзгертуден бас тартқанын естігенде жынданып кете жаздады…

Осыдан бастап Альбионның аумағынан аласұра қашқан БТА-банктің бұрынғы басшысының сайда – саны, құмда ізі болмай кетті. Содан бері оның қайда жер басып жүргенін ешкім білмейді. Ал біздің банк баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Әбіләзов Лондонның жоғарғы соты 2012 жылғы ақпанда өзін қамауға алу туралы қаулы қабылдағанға дейін-ақ Британия аралын тастап шыққанға ұқсайды. Сондай-ақ, сотқа тапсырылған материалдарда Әбіләзовтің бұрын сот талап еткенде көрсетуден бас тартқан құжаттарын алып, Еуропа елдерінің біріне барып тұрақтауы ықтимал екені де айтылыпты.

Осы ретте БТА-банктің Мұх­тар Әбіләзовпен есеп айырысуды 2009 жылы-ақ бастап кеткенін айта кетуіміз керек. Сол кезде оған банктің миллиард доллар қаражатын алып кетті деген талап-арыз берілген еді. Ал 2011 жылғы мамыр айында Лондон соты банктің Әбіләзовке қойып отырған талаптарын заңды деп тапты.

Қазақстанда банкті национализациялау жүріп болғасын, яғни ол «Самұрық-Қазына» егемен қоры арқылы мемлекет қарамағына қайта өткеннен кейін көп ұзамай, 2009 жылы Әбіләзовтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оған қатысты тағы бір қылмыстық іс Ресейде де қозғалды. Бұл кезде Ұлыбританияда саяси баспана алып үлгерген қашқын өзінің тарапына қойылып жатқан бұл айыптаулардың саяси астары бар деп байбалам салды. Ал қазірге дейінгі уақыт мұнда ешқандай да саясаттың исі жоқ екенін көрсетіп берді.

Руслан ИГІЛІК.