Әлем • 05 Шілде, 2019

Еуропада билік ауысты

447 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2017 жылдан бері Еурокомиссиияның төрағасы Жан-Клод Юнкер келесі мерзімге сайланбай орнынан кетуі мүмкін деген болжамдар айтылды. Оның орнына 28 еуропалық елге «билік жүргізетін» үкіметбасы болуға ниеттілер аз емес еді. Соңғы уақытта осы және басқа да орындарға талас Еуропа саясаткерлерінің арасын­да тіпті өршіп кетті. Міне, осы аптада Еуропалық Одақ ұйымның ең маңыз­д­ы қызметтеріне жаңа азаматтар­ды та­ға­йындады. Олар кімдер және алда­ғы уа­қытта қандай саясат ұстануы мүмкін?

Еуропада билік ауысты

Ұлыбритания халқы 2016 жылы Еуроодақ құрамынан шығуға дауыс беріп, Еуроотбасы құрамын тастап кетуі Еуропа басшыларының жіберген қателігі саналды. Кезінде экономикасы ортанқол Грекия қаржы дағдарысы барысында Еуроодақ құрамында қалуы үшін миллиардтаған еуроны аямаған канцлер Ангела Меркель Британиядан айырылғанда қандай халде болғанын елестету қиын емес. Сондықтан Еурокомиссия немесе Еуроүкімет төрағасы люксембурлық Жан-Клод Юнкердің орнын босатуы сол кезде-ақ шешілген мәселе еді. Алайда ол жалғыз емес екен. 2014 жылдан бері Еуропалық кеңестің басшысы болған польшалық Дональд Тусктың да қызмет мерзімі ұзартылмады.

Аталған маңызды  қызметтерді енді қай елдің өкілдері басады деген сұрақ, әрине көпшілікті қызықтырды. Себебі олар 28 мемлекетке ортақ саясат жүргізетін стратегия­лық «креслолар». Алайда Еуропалық одақтың негізін қалаған Германия мен Франция емес пе? Осы қос елдің экономикасы Еу­ро­­паның тірегі де емес пе? Сондықтан әдет­­­тегідей Париж бен Берлин ұсынған кан­­­дидаттар Юнкер мен Тусктың орнын баса­­тыны анық еді. Кезінде Жан-Клод Юн­керді де Еурокомиссия төрағалығына әкел­ген Ангела Меркель деген мәлімет бар. Себебі Ж.Юнкер Меркель мүддесіне сай келетін Еуроодақ билігін Брюссельге орта­лық­тандыруды жақтайтын саясаткер.

О баста барлығы Еуропар­ламент сайлауын күтті. Қай партия жеңсе, сол фракция үкі­мет төрағасын ұсынуы қажет деген ескі заңдылықты бас­­шы­лыққа алмақ болды. Хал­қы­ның көптігіне байланысты Еуропарламентте өзге елдерге қарағанда Германия көбірек де­путаттық мандатқа ие. Сәй­кесінше, осы елдің партиялары өзгелермен коалиция құрып, ықпалды саяси күшке айналады. А.Меркель осы механизм арқылы Еуропарламенттегі ең үлкен фракция Еуропаның халық партиясының өкілі отандасы Манфред Веберді Еуро­комиссия төрағасы етпек еді. Алайда Франция президенті Э.Макрон бұл кандидатқа келі­се қоймады. Оған қоса, Вебердің үкіметте істеген тәжірибесі жоқ болатын. Макрон өз елінің аты­нан үш кандидатты ұсынды: Брексит процесінде ЕО атынан келіссөз жүргізген Мишель Барнье, Юнкердің орынбасары Франс Тиммерманс және  Бәсеке жөніндегі Еурокомиссар даниялық Маргрет Вестагер. Біраз келіссөзден соң Герма­ния мен Франция басшылары амалсыздан Юнкердің орынбасары әрі Голландияның экс-Сыртқы істер министрі Франс Тиммер­манс­тың кандидатурасына тоқтаған. Деген­мен, бұл азаматтың төраға болуына аяқасты Вишеград тобына кіретін төрттік – Польша, Че­хия, Словакия және Венг­рия қарсы шықты. Себебі кезін­де Тиммерманс нақ осы елдерді демократиялық талап­тарды орын­­­да­мағаны және ор­тақ миг­ра­циялық сая­сат­ты қол­да­ма­ғаны үшін талай сынға алған екен. Осылайша, төрт ел Па­риж бен Бер­линнің сөзіне бас шұлғи бермейтіндігін көр­сетті. Ал Тиммерманс кезінде өз мін­детін адал ат­қарғаны үшін әрі «одан жапа шеккен елдер­дің кесірі­нен» төраға қызметінен қағылды.

Әрине, А.Меркель мен Э.Мак­рон өз ықпалдарын пай­да­ланып, тізеге басып, Ф.Тим­мерманс кандидатурасын төр­ағалыққа дейін сүйреп жет­кізуіне мүмкіндіктері бар еді. Себебі ереже бойынша төр­аға сайлануы үшін Еуроодақ құра­мына кіретін 28 елдің 21-і кандидатты қолдаса, жетіп жатыр. Алайда А.Меркель мен Э.Макрон онсыз да соңғы кезде әлсіреген Еуропаның ішкі бірлігін одан әрі құлдыратпау үшін Орталық Еуропа елдерінің үніне құлақ түрді.

Қысқасы, көп даудың нәти­жесінде Еуро­одақтағы билік­ке келесідей кісілер келетін болды. Еурокомиссия төрағалығына Урсула фон дер Ляйен тағайын­далды, Германияның қазіргі Қорғаныс министрі. Еуропа орталық банкінің басшылығына Франция азаматы, Халықара­лық қаржы қорының төраға­сы Кристин Лагард келді. Еуро­палық Кеңес төрағалығына Шарль Мишель сайланды, Бельгияның премьер-министрі. Еуропалық одақтың Сыртқы істер жөніндегі жоғары комиссары қызметін енді Жозеп Боррель атқарады, Испанияның Сыртқы істер министрі. Италиялық Давид Сассоли Еуропарламент төарағасы болып сайланды.

Өзіңіз көріп тұрғандай, «жіліктің майлы жерлерін» Батыс Еуропаның басты елдері өзара бөлісіп алды. Әдеттегідей, Балтық маңы елдері, Шығыс Еуропа, Орталық Еуропа не Скандинав елдерінің бір өкілін де билікке жақындатпады. 2021 жылы канц­лер қызметін босататын Ангела Меркель мақсатына жетті. Өз елінің өкілін әрі сая­си үзеңгілесін Еуроодаққа басшы етіп тағайын­дауға қол жеткізді.

Енді бұл азаматтар қандай саясат жүр­гізуі мүмкін? Бұл сұраққа жауап беру үшін олардың алдында қандай мәселелер тұр деген сұраққа назар аудару қажет. Дәл қазір Еуропада түйіні тарқатылмаған түйт­кіл шаш-­етектен. Ұлыбритания әлі Брек­сит процесі бойынша келісімшартқа қол қой­мады. Дональд Трамп тарифтерді көтеріп, сауда ережелерін бұза бастады. Ресейге қарсы санкцияларды ұзарта беру де оңай емес, себебі «Солтүстік ағын-2» газ құбыры ар­қы­лы сол Ресейдің көгілдір отыны Еуро­па­ға қажет-ақ. Азия мен Африкадан лап берген миг­ранттар легі тоқтар емес. АҚШ Иран ядро­лық келісімінен шыққан соң бұл ел уранды байыту жұмыстарын жалғастырмақ.

Жаңа басшылық осынша мәселеге қатысты Еуроодақ құрамына кіретін 28 мемле­кеттің ортақ ұстанымын бекі­тіп, оны халықаралық аренада қорғауы және жүзеге асыруы тиіс. Еурокомиссияның жаңа төрағасы Урсула фон дер Ляйен бұған дейін Ресей­дің агрессиялық саясатына қатыс­ты қатаң ұстанымда болған әрі санкциялық әдістерді қол­даушы деген мәлімет бар. Яғни, ертең де бұл саясатты толық жалғастыруы мүмкін. Алай­да Кристин Лагард Еуропа мен Ресейдің қарым-қатынасы тү­зе­луін қалай­тындардың бірі. Дегенмен, ол Еуро­па орта­лық банкінің төрағасы ретін­де Еуроодақтың саяси жұмыс­та­рына араласуы екіталай. Оның міндеті Кәрі құрлық эконо­мика­сының дамуына жағдай жасау.