Елбасының арқасында құрылған тұтастық пен қоғамдық келісімнің моделі әлемнің құбылмалы жағдайында өзінің өміршеңдегін көрсетіп, халықтың басын біріктіруші құрал ретінде қала береді. Дәл осы модель әралуандықта бірлікті сақтап, қазақстандық және этномәдени бірегейлікті қалыптастырды. Қазақстан – бір Отан, бір тағдыр. Осындағы барлық этнос өкілдері патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетіп, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз бүгін мүлде жаңа тарихи кезеңде өмір сүріп отырмыз. Елдің экономикасы, қоғам өмірі, технологиялар күрделі өзгерістерге ұшырады. Біз олардың көбін қабылдап, біразын үйренудеміз. Осы өзгерістердің арасында өзгермейтін қуатты құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім. Қазір ол біздің басты құндылығымызға айналған. Күнделікті өмірде біз оны байқамайтын да шығармыз, бірақ болашақта нақ осы фактор біздің бəсекелестікке төтеп бере алуымызға мүмкіндік береді», деді. Тұңғыш Президент өз сөзінде қазіргі әлемдегі орасан өзгерістер дәуірінде үш маңызды нәрсеге ерекше назар аударып, өтпелі кезең әлемді бұрынғыдан қауіпсіз ете алмағанын, этносаралық кикілжіңдер аса қуатты деген елдердің туын құлатып жатқанын және жаһан тыныштығы өте құбылмалы әрі осал болып тұрғанын айтты. Бұл әрқайсысымызға бірлікті, келісім мен өзара түсіністікті сақтауға міндеттейді. Белсенді этнос өкілдерінің басын қосып отырған этномәдени бірлестіктер ынтымағымыз бен тұтастығымызды нығайту үшін осы бағытта қарқынды жұмыс атқарып, ортақ іске ынты-шынтысымен кірісуі керек.
Этномәдени бірлестіктер барлық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді жандандыру мен дамытудың мол тәжірибесіне ие. Әрбір этномәдени бірлестік азаматтардың, әсіресе жас ұрпақтың санасында бауырмалдық, ұйымшылдық қасиеттердің қалыптасуына әсер етеді. Бірлікті, келісім мен өзара түсінушілікті нығайтуға ерекше үлесін қосады. Осындай ынтымағымыздың жарқын бір үлгісі ретінде «Дустлик» Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің қауымдастығын айтар едім. Бұл қауымдастық биыл жарты жылдың өзінде достық пен татулықтың туын көтерген айтулы іс-шараларға бастамашы болды. Мәселен, мектептерде көп тілді білім берудің халықаралық конференциясын, «Мемлекеттік тілді білу – парызым» дәстүрлі конкурсын ұйымдастырды. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында да бірқатар шара өткізді.
Біз қазақстандық өзбектердің еліміздің қоғамдық және экономикалық өміріне белсене араласатынын, олардың ел бірлігін бекіте түсетін әртүрлі салалардағы жетістіктерін мақтан тұтамыз. Арамызда халықаралық ірі спорт додаларында жүлде алып, Көк туымызды көтеріп жүрген дарабоздар бар.
Қазақстанның Өзбекстандағы жылы туысқан елдердің арасын одан сайын жақындата түсті. Бауырлас халықтың барыс-келісі артып, әсіресе оңтүстік өңірде думанды шаралар жиіледі. Соның бір айғағы Шымкент қалалық драма театры көрші елге гастрольдік сапармен барып, бірнеше аймағында мәдениет және өнер қайраткерлерінің кездесулері ұйымдастырылып, қасиетті орындарды аралады. Мұндай мерекелі, берекелі бастамалардың бәрі бауырлас елдердің ортақ құндылықтарын, үздік салт-дәстүрлерін жаңғыртады, сол арқылы жас ұрпақтың бойына ізгілік, мейірбандық қасиеттерін сіңіріп, іргеміз беки түседі.
Қазақстанда барлық этнос өкілдерінің өз тілін толық меңгеріп, ұлттық құндылықтарын сақтап, дамытуға жағдай жасалған. Бұл – осы елдегі тұрақтылық пен келісімнің діңгегі. Халықтың түгел мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысы, ынта-жігері біздің басымызды құрайтын, ой-пікірімізді бір арнаға тоғыстыратын құрал деп түсінуіміз керек. Осы тұрғыда еліміздегі әр өзбек қазақ тілінде еркін сөйлейді деп нық сеніммен айта аламын. Сөзімді нақтылау үшін мына деректі келтіргенім дұрыс болар: Түркістан облысында бүгінде біздің балаларымыз 19 өзбек мектебінде, 101 қазақ-өзбек аралас мектебінде оқиды және 14 мектепте қазақ-өзбек-орыс тілдерінде білім алады. Жалпы мектеп жасындағы 100 мыңнан аса өзбек баласы осы елде жасалған барлық мүмкіндік пен қамқорлықты сезініп өсіп келеді. Сондықтан қазақ тілінде сөйлегеніміз кезінде қиын-қыстау заманда қаншама ұлтты құшақ жая қарсы алған қазақтарға деген зор алғысымыз, құрметіміз болады әрі ауызбіршілігімізді одан сайын жарастырады.
Күрделі кезеңдер, сын сағаттар басымызды ыдыратпай, қайта ынтымағымызды нығайта түседі. Бұған – тарих куә. Соның бір дәлелі жақында ғана Арыстағы тосыннан келген апат барлығымыздың қабырғамызды қайыстырғанымен, бірлігімізге сызат түсіре алмады. Арыс халқының басына түскен ауыр жағдайды бүкіл ел өз қайғысындай қабылдап, тілек-ниеті бір болды. Еліміздің әр өңірінен, тіпті шетелдерден де алаңдаушылық білдіріп, көмек қолын созған жұрттың қарасы қалың болды. Олардың ішінде түрлі этномәдени бірлестіктер де бар. Бірлігіміз сыналатын осы оқиғаға біздің «Дустлик» өзбек қауымдастығы да бейжай қарамай, көңілі жарым ағайынның жанынан табылды. Қауымдастық ата-анасынан адасып қалған балаларды өз орталықтарында паналатып, №61, 53, 54 мектептерде көмек көрсетті. Сондай-ақ Түркістан қаласында қарт адамдарға қамқорлық жасап ас-суымен бірге 200 орындық балабақшаны дайындады. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дегендей, ел басына қандай күн туса да ынтымағы берік ел ауыртпалықты қайыспай көтере біледі. Сондықтан осы тұтастығымыздың, татулығымыздың туын тік ұстап, ел аман, жұрт тынышта өмір сүрейік, ағайын!
Икрам ХАШИМЖАНОВ,
«Дустлик» Қазақстан өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрағасы