Жетімдердің аузынан жырып жеген балалар үйінің 9 қызметкері жазаға тартылды
Сейсенбі, 28 мамыр 2013 2:59
Бұл – балалар үйіндегі өрескелдік. Ашып айтқанда, Сандықтау балалар үйінің әкімшілігі мен педагогтары «Қазақстан Республикасындағы балалар құқығы туралы» Заңды қаперге алмайтындығы анықталып отыр. Мәселен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2009 жылғы №685 бұйрығына сәйкес, тәрбиеленушілер жылына екі рет скринингтік тексеруден өтуі тиіс болса, былтыр 91 баланың 31-і ғана профилактикалық байқауға тартылған.

Республикамыздың «Білім туралы», «Неке және отбасы туралы» заңдары да бұл мекемені айналып өткендей екен. Прокурорлық тексеріс барысында осындағы ұстаздардың 30 пайызы лицензиялық талаптарға сәйкес болмай шықты. Оның үстіне, 2012 жылдың қарашасынан бері психолог пен әдіскердің орны бос тұр. Мұндай жағдайда білім беру мен тәрбие ісінің сапасы жайлы көңіл көншітерлік әңгіме болмасы хақ.
Тағдырдың тәлкегіне түсіп, онсыз да жүрегі жараланған балалардың көңіліне қаяу түсіретін мынадай жағдайларға не дер едіңіз? Заң талаптары бойынша балалар үйінің әкімшілігі сәбилерінен бас тартқан ата-аналарды құқығынан айыру жөнінде тиісті органдарға ұсыныс жасауы қажет. Бұл орайда да немқұрайдылық етек алған. Мысалы, 1997 жылы туған Ф.-нің анасы сәбиінен бас тартатындығы жөнінде 2003 жылғы 8 мамырда жазған арызы әлі күнге қозғаусыз жатыр. Ал, М.-ның анасы аналық құқығынан 2005 жылы айырылса да, оның кәмелеттік жасқа толмаған статусы жеті жыл бойы белгіленбеген. Оның анасы былтыр қайтыс болғанымен, әкесі туралы ешқандай құжат жоқ. Сондай-ақ, Жақсы ауданындағы Алғабас ауылының тұрғыны 2012 жылғы 11 қазанда С.-ны асырап алғанымен, екі айдан кейін көзін жәудіретіп қайта әкеліп тастапты. Бұл тәрбиеленушіні өзгенің қамқорлығына берместен алдын ала тиісті кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілмегендігін әйгілейді.
Облыс прокуратурасы осындағы 84 баланың біреуі ғана алимент алатындығын дабыл етіп көтерді. Бұған қоса Н. деген әлеуметтік педагог кәмелеттік жасқа толмаған К.-нің есепшотындағы 11700 теңгені жеке басына пайдаланғаны анықталды.
Прокурор пәрменімен облыстық білім басқармасы Сандықтау балалар үйінің директоры М.Молдахметов пен 8 лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.