Аймақтар • 05 Шілде, 2019

Балдырғандар бас қаланы аралады

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысы Ақмол ауданы Қажымұқан ауылындағы негізгі мектеп жанынан құрылған оқушылардың жазғы лагері оқу жылы аяқталғаннан бастап жемісті жұмыс істеді.

Балдырғандар  бас қаланы аралады

Лагерьдің Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс өткен ашылу салтанатында оқушылардың қатысуымен «Жайдары жаз бізбен бірге!» атты концерт қойылған еді. Мектептің мақтаныштары «Гәкку» бишілер тобының мүшелері арнайы «Шашу» биімен ашып, хип-хоп жанрын­дағы заманауи би би­леп, балалар ән айтып, өз өнер­лерін ортаға салды. Лагерь үш ауысымда білікті педагогтар А.Сатыпалды, Г.Ұзақбаева, Ш.Садуова жетекшілік ететін «Ша­пағат», «Балдәурен» және «Еркем-ай» атты топтар күн сайы­н үш ауысыммен жұмыс істеді. Әр ауысымда 20 баладан – бар­лығы 60 бала қамтылды.

Қажымұқан ауылының балалары елордамыз Нұр-Сұлтанға да саяхат жасады. «Хан Шатырдың» ішінде орналасқан кинотеатрында «Болашақ» қауымдастығы мемлекеттік тілге дубляж жаса­ған «Аладдин» фильмін тамашалады. Қаланың көрнекті жерлерін аралады.

Балдырғандардың қызығушы­лықтары бойынша құрылған Д.Иман­баеваның «Happy sum­mer» ағылшын үйірмесі мен  З.Ки­тебаева, Ш.Садуова жетек­шілік жасайтын «Сәлем» тіл үйір­мелері үшін арнайы «Ойнайық та, ой­лайық!» деген атаумен оқу бөл­месі жабдықталды. Оған қоса «Спорт KZ» үйірмесі құрылды. Топ жетекшілері әр күнге «Балмұздақ күні», «Қалпақтар күні», «Қолшатыр күні», «Достық күні», «Көбелектер күні», «Гүл­дер күні», тағы басқа да атау қо­йып, балаларды қызықтырумен қатар, сол күннің тарихымен де таныстырды.

Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған аудандық деңгейде ұйымдас­тырылған «Полиция – балалар көзімен!» сурет байқауында Ха­мит Бекарыс 2-орынды иеле­ніп, Ақмолда мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада марапатталды.

«Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма?» дегендей, қызық-думанға толы жазғы лагерь өз жұмысын қорытындылап,  «Қимай қоштасамыз!» деген атау­мен жабылу рәсімін өткізді. Бұл күні де балалар бір айда үй­ренген өнерлерін ортаға салды. Ағылшын, орыс тілдерінде тақпақ айтып, ән шырқады, би биледі. Осы орайда лагеріміздің жабылуында демеушілік еткен ауыл тұрғындарын ерекше атап өткен жөн. «Қажымұқан», «Мұрат», «Ләйлә» дүкендері балаларға түрлі тәтті, дәмділерін ұсынса, ауылшаруашылық фермасы да өз өнімдерін ұсынды. «Қуантсаң, баланы қуант», «Жақсылықты балаға жаса» деген қағиданы ұс­танған кәсіпкерлерге мектеп ұжы­мы да, ата-аналар да дән риза!

 

Лағыл САМАРҚАНҚЫЗЫ,

№4 мектеп лагерінің жетекшісі