Аймақтар • 05 Шілде, 2019

Қарадалаға көгілдір отын келді

470 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының аумағында газ тарту ісі қызу жүріп жатыр. Өткен жылы облыс орталығы Талдықорған қаласын көгілдір отынға қосу ісі толықтай аяқталып, қала маңындағы Ескелді, Көксу аудандары мен Текелі қаласына дейін газ құбыры тартылған болатын.

Қарадалаға көгілдір отын келді

Табиғи газ тұтынуға енді аймақтың шеткері аумағының бірі – Ұйғыр ауданы тұрғындары да қол жеткізді. Жақында Шонжы ауылында ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз ететін газ тарату қондырғысының ашылуы өтті. Шараға қатысқан облыс әкімі Амандық Баталов еліміздің газдандыруға қатысты Елбасы жүктеген міндеттің орындалып жатқанын айтты.

- Жетісу өңірінде, оның ішінде Талдықорған аймағында табиғи газ тұтыну бұрын-соңды болмаған жағдай. Біз мемлекеттің қолдауы арқасында қазір облыстағы әр үйдің көгілдір отынға қосылуына жұмыс істеп жатырмыз. Алыс аудандардан алғашқы болып Қарадалы өңірі газ желісіне қосылды. Ендігі бағыт Кеген мен Райымбек аудандары. Осы мақсаттан айнымай, Талдықорғанға жеткен газ желісін Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына дейін тартуды жалғастырамыз. Бұған мүмкіндік бар, - деді аймақ басшысы.

Шонжы ауылындағы «Шарын» газ тарату стансасының құрылысы әлі толық аяқталған жоқ. Алғашқы кезеңді іске қосу барысында-ақ ауылдағы 42 абонемент көгілдір отынға бір күнде қосылған, 150 үйдің өтініші кезекте тұр. Бұл өңірдегі көгілдір отынға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.  Жалпы, бір ғана Шонжы ауылы бойынша 5 абонемент газ желісіне қосылуға дайын отыр екен.


Алматы облысы