Экономика • 05 Шілде, 2019

Орталық Азиядағы жер ресурстары мен қоршаған ортаны зерттеу мәселесі халықаралық симпозиумда талқыланды

683 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Топырақтың тозуы ғаламдық мәселеге айналды. Жер байлығына деген тұтынушылық көзқарастың салдарынан адамзатқа ортақ игіліктің жылдан-жылға құнары азайып барады. Алматыда өткен «Орталық Азияның ауыл шаруашылық ландшафтарында қоршаған ортаға мониторинг жүргізу, жер және су ресурстарын басқару үшін зерттеудің және бағалаудың заманауи әдістері» халықаралық симпозиумында Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Ресей, Жапония, Қытай, Германия, т.б. елдерден келген ғалымдар жерді тоздырмаудың заманауи әдістерін ортаға салды.

Орталық Азиядағы жер ресурстары мен қоршаған ортаны зерттеу мәселесі халықаралық симпозиумда талқыланды

Жерді қорғау — кешенді мәселе. Ғалымдардың пікірінше, бүгінде бірқатар елдердегі заңнамалық құжаттар тәжірибесі салада қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Қазақстандық ғалымдар заң қабылданса, жер пайдаланушылардың жерге деген көзқарасы өзгерер еді деген уәжін айтады. Бүгінде агротехникаларды, су және құнарландыру тәртібін дұрыс сақтамаудың, ауыл шаруашылығына салғырт қараудың салдарынан жердің тозуы өте өзекті мәселеге айналғандығын атап өткен  ҚазҰАУ бірінші проректоры Қанат Тіреуов Қазақстанда жер ресурстарын тиімді пайдалануға байланысты 2017-2021 жылдарға арналған АӨК мемлекеттік бағдарламасына толықтырулар мен өзгерістер қажетілігін атап өтті.

«Әлем халқына ортақ игілік жерді күтіп-баптау мәселесі жаһандық мәселе» деп атап өткен «Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ» ЖШС бас директоры, академик Абдулла Сапаровтың айтуынша, жердің отыз пайызға жуығын шөл-шөлейтке бейім аймақтар түзеді. Ғалымның айтуынша, топырақ құнарлығы сақталғанда ғана өнімділікті арттыра аламыз. Қазіргі таңда Қазақстанда топырақтың табиғи құнарлылығы 40 пайызға дейін  төмендеп кеткен. Ал алдағы жүз жылда қандай жағдай орын алатыны белгісіз. Елімізде жерді қорғауға байланысты заң қабылдау мәселесі де кешеуілдеп келеді. Өзге елдердегі заңнамалық құжаттар тәжірибесіне тоқталған Абдулла Сапаров топырақтың құнарлылығы азайса, оған пайдаланушы жауапты болуы керек дейді. Жерге жауапсыз қараған жағдайда оны қайтарып алатын тетіктер де жүзеге асуы қажет.  Бүгінде әлем халқы санының өсіп бара жатқандығына байланысты жылдан-жылға азық-түлікке сұраныс та артып келеді. Сондықтан бүгінде жер күтіміне баса назар аударып отырған Америка, Ресей сияқты елдер тәжірибесін басшылыққа алу қажеттігін алға тартқан ғалым, жер тозса, 1 см топырақтың қалпына келуі үшін 100-250 жылға жуық уақыт қажет деп қынжылады. Бүгінде топыраққа тыңайтқыш беруі мәселесі де аса өзекті болып отыр. Дамыған елдер тәжірибесінде гектарына 1000-1700 кг дейін қоректік минералдар берілсе, Қазақстандағы көрсеткіш гектарына 3-5 кг арыға бармайды. Соның салдарынан топырақ та тозады, өнімділік те азаяды.  

Минералдардың тиімділігін анықтаудың нормативтері бойынша сараптама жасаған ресейлік ғалым академик Виктор Сычев тыңайтқыштардың ауыл шаруашылығы өнімдерімен үйлесімі, минералды  топырақтың әр түрлі жағдайында пайдалану мен табиғи-экономикалық тиімділігі тұрғысындағы зерттеулерін ұсынса, азотты минералдарды пайдалануға тоқталған академик Геннадий Гамзиков тауар өндірушілердің жерге деген тұтынушылық көзқарасына алаңдаушылығын білдірді. Ғалымның пікірінше, жердің тыңайтқышқа қажеттілігі 90 пайызды құрайды. Ресейдің Краснодар өлкесі, Белгород облысы мен Кубань аймағында гектарына 100-130 кг тыңайтқыш берілетін болса, керісінше азиялық бөлігінде мәселелер күрделене түскен. Минералды тыңайтқыш жердің негізгі қорек көзі деп санайтын ғалым Батыс елдерінде гектарына 200-300 кг тыңайтқыш берілетіндігін айтады. Бұл көрсеткіш Жапонияда 500 кг құрайды. Кезінде ұжымдық шаруашылықтардың бір жерге шоғырлануы нәтижесінде механикаландырудың, жоғары өнімділікке қол жеткізудің өте тиімді болғандығын жеткізген ресейлік ғалым жер пайдаланушыларды тұтынушылық көзқарастан арылту мақсатында қазақстандық агрохимик мамандардың тәжірибесін басшылыққа алу қажет дейді. Жерден өнім алып, оны экспортқа жөнелтуді ғана мақсат етумен шектелу саланы тығырыққа тірейді. Сондықтан да ғалымдар бұл мәселеге тиісті министрліктердің араласқанын қалайды.

Академик Рақымжан Елешев бүгінде жер көлемі жағынан тоғызыншы, егістік жағынан бесінші орын алып отырған Қазақстанда 80 млн гектар аумақ ауыл шаруашылығы иелігінде болса, 20 млн гектары егістік  алқаптары екендігіне тоқталды. Маманның айтуынша, 10-15 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда елімізде жердің құнарлылығы 25 пайызға дейін төмендеп кеткен. Әсіресе, қара шыңның мөлшері азая бастаған. Өсімдіктер қоректенетін жылжымалы қорек құрамы, әсіресе Орталық Қазақстандағы негізгі астық өндіретін өлкелерде топырақ құнарлылығы төмендеген. Ал оңтүстік өңірлерде дұрыс суғарылмағандықтан, тұзданған аймақтардың мөлшері жоғары. Тыңайтқыштар мен химиялық қоспаларды дұрыс қолданбаудың экологиялық салдары жоғары екендігіне алаңдаушылығын білдірген ғалым  жерді қорғайтын заң керек, дейді. Бүгінде Украина, Беларуссия, Молдавия, Ресей, Қытай елінің тәжірибесі Қазақстан үшін аса маңызды. «Елімізде жалға берілген жерлердің болашағы күмәнді» деген ғалым экологиялық тұрғыдан тұрақты бақылауды, күтімді қажет ететін Жер-ана —адамзаттың игілігі, тіршіліктің нәрі. Сондықтан жерді күтуде технологияларды пайдалану ерекшеліктеріне де аса зер салу қажет. Сонымен қатар облыстарды замануи зертханалармен жабдықтаудың да маңызы зор.

Экологиялық тұрғыдан залалданған жерлерді биологиялық мелиорациялау мәселесін қозғаған «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС бас директоры Амангелді Садановтың айтуынша,  республикадағы суармалы 1,4 млн гектар аумақтың 38 пайызы Түркістан, 29 пайызы Алматы облысына, ал 14 пайызы Қызылорда облысына тиесілі болса,  Қызылорда, Түркістан (Шардара ауданы), Алматы облысындағы (Балқаш маңы, Үштөбе) күріш өсіретін алқаптар қайта тұзданған. Мұнда топырақтың қара шың қабаты азайып, зиянды тұздардың мөлшері көбейіп, ауыл шаруашылығы өсімдіктерін өсіруде қолайсыз жағдайлар орын алып отыр. Ал алқаптарды сауықтыруда биологиялық әдістерді пайдаланудың ерекшелігі зор.  

Екі күнге созылған симпозиумда  «Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ» ЖШС, Орталық Азия экология және қоршаған орта ғылыми-зерттеу орталықтары (ҚХР және  Қазақстан), Синьцзян экология және география институты (ҚХР ҒА), Митчерлих топырақ құнарлылығы академиясы (Германия), ҚазҰАУ, «Топырақтану, агрохимия және агроэкология қоғамы», т.б. зерттеу мекемелерінің ғалымдары бірнеше жылдар бойы талқыланып келген топырақтың тозу үрдістерінің әсерін болдырмау мен тиімді пайдалануда  халықаралық жобалар әзірлеумен қатар қаржы құрылымдары мен донорларды тарту мәселесін қозғады.  


АЛМАТЫ