Аймақтар • 06 Шілде, 2019

Партия алдында тұрған басты міндеттер анықталды

580 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді. Партияның Алматы қалалық филиалының кезектен тыс XXV конференциясында Бауыржан Байбек партия жұмысын жетілдірудің басты міндеттерін атап көрсетті.

Партия алдында тұрған басты міндеттер анықталды

Алдымен ол еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтып, соған байланысты партияның алдындағы ауқымды міндеттерге назар аударды. Оның айтуынша, партия үнемі ілгері жылжып, қоғамның талаптарына сай дамып отыруы керек.

– Біздің партия барша қазақстан­дық­тарды біріктіретін еліміздегі ең бас­ты күш. Біз халықты ести де, тыңдай да бі­луіміз қажет. Бұл – Елбасы, партия Төр­ағасының тікелей тапсырмасы. Сон­дықтан адам құқықтары мен еркіндігін қорғау, лайықты өмір сүру деңгейін қам­тамасыз ету, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, оны оң шешу, қашанда елмен етене болу партия жұмысының басым бағыты, – деді Б.Байбек.

Сонымен қатар ол Елба­сы­ның бар­лық стратегиялық бағдар­ла­малары мен Қазақстан Президенті Қасым-Жо­март Тоқаевтың сайлауалды бағдар­лама­сының жүзеге асырылу барысына партиялық бақылауды күшейту керек­тігін айтты. Алдағы уақытта бар­лық партиялық жобалар қайта қара­лып, халықтың өмірін жақсартуға бағыт­тал­ған нақты бастамалар бойынша жұмыстар жандана түспек.

Үкіметтің жұмысына да тиімді пар­тиялық бақылау жүргізіліп, министрлер мен әкімдердің тек мемлекеттік органдардың басшылары ретінде ғана емес, партия мүшесі ретінде де жауапкершілігі арта түседі. Бұл сөздің Парламент пен барлық деңгейдегі мәс­­лихаттардағы депутаттық фрак­ция­ларға да қатысы бар.

– Біздің басты міндет – халықтың сенімін күшейту. Өйткені біз халықтың партиясымыз. Сондықтан біз саннан сапаға басымдық беріп, партия қатарында белсенді түрде «тазалау» жұмыстарын жүргіземіз, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ Б.Байбек партияның пікір­­талас алаңдарында қоғамды алаң­дат­қан мәселелерді ашық әрі нақты айтуы ке­ректігін назарға алды. Одан бөлек, пар­тия алдағы уақытта үкіметтік емес ұйым­дармен жұмысқа да баса мән бермек.

– Nur Otan саяси, бірақ үкіметтік емес ұйым. Сондықтан біз үкіметтік емес ұйымдармен байланысты күшей­тіп, оларға жағдай жасауымыз керек. Әсіресе, Алматы сияқты ірі қалаларда бұл басымдықтың маңызы зор. Біздің қо­лымызда билікке әсер ете алатын тетіктер бар. Соны тиімді пайдалануымыз қажет. Осыған орай Мемлекет басшысы партияға Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына белсенді қатысуды тапсырды, – деді Б.Байбек.

Жиын барысында таяуда ғана Ал­ма­ты қаласының әкімі болып тағайын­далған Бақытжан Сағынтаев партия ак­тивінің бірауыздан қолдауымен қа­лалық партия филиалының төрағасы болып сайланды.

 

АЛМАТЫ