Руханият • 08 Шілде, 2019

Ұлттық домбыра күні мерекесінде шенеунік қостанайлықтарға жырмен арнау айтты

605 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық домбыра күні мерекесін қостанайлықтар Тобыл жағасындағы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атындағы саябақта тойлады. Мерекені облыстың ең үздік домбырашыларынан құралған оркестр ашты. Құрманғазының, Тәттімбеттің, Нұрғисаның күйлері төгілді. Ал Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қолына домбыра алып, қостанайлықтарды Ұлттық домбыра күні мерекесімен құттықтап, жырмен арнау айтты.

Ұлттық домбыра күні мерекесінде шенеунік қостанайлықтарға жырмен арнау айтты

«Қалайша тойды бүгін бастамаймын

Төрінде құтты мекен Қостанайдың!

Иықта шен мен шекпен ауысқанмен

Қолымнан домбырамды тастамаймын» деп бастаған арнау жырында Ерлан Болатұлы мерекемен жиналған қауымды құттықтады. Домбыраның бабадан қалған мұрамыз, халқымыздың қасиеті екенін айта келіп арнауын:

«Күй кернеп, Тобыл-Торғай сай-саласын,

Арқаның әр қырына ән тарасын.

Төрінде әр үйімнің домбыра ойнап,

Қазағым, думан-тойың тарқамасын!» деп аяқтады.

Мерекеде аудандар мен қалалардан келген әншілер әннен шашу шашты. Тобыл жағасындағы көрікті саябақ мерекенің сәнін кіргізе түскендей. Әншілер әннен шашу шашты.

«Ұлттық домбыра күні мерекесіне біз кең ауқымда дайындалдық. Өткен жылы тек мерекелік бағдарлама дайындасақ, биыл бағдарламамен қатар әр түрлі аталыммен байқау жарияладық. Оның ішінде облыс аудандары мен қалаларынан келген дәстүрлі әншілер байқауын өткізіп, оларды марапаттадық. Мерекенің басты мақсаты домбыраны, домбыра арқылы бабадан қалған рухани мұраларды насихаттау болып табылады. Мүмкіндігінше ұлттық мәдениетті дәріптедік» деді Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

«Ұлттық домбыра күні мерекесінің белгіленгеніне өте қуаныштымын. Өткен жылы да осында мерекеге қатысып, ән мен күйге құлақ құрышымыз қанған еді. Биыл тағы да келіп отырмын. Домбырадан төгілген күй адамдардың рухын көтереді. Бұл ұлттық құндылықтардың жаңғыруына, жастар тәрбиесіне оң ықпал етеді» дейді мерекеге келген қала тұрғыны Меңзада Сәмембет.

Мерекеге І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері де көрініс қойып атсалысты.