Қазақстан • 09 Шілде, 2019

Аудармаға абай болайық

1033 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат ауқымының ұлғаюына байланысты аударма ісінің өзектілігі арта түсуде. Аудармашылар күнделікті маңызды ақпаратқа, салалық мәтіндерге, түрлі құжаттарға және т.б. қатысты тәржіма жасауға үлкен дайындықпен келу, әрқайсысына байыппен, жауапты қарау секілді талаптармен қатар, білімпаздық, ұтқырлық, ой сергектігі сынды қасиеттерді қалыптастырудың қажеттігін ұғынғандай.

Аудармаға абай болайық

Себебі тілдік қызметтің бұл түріне екінің бірінің тісі бата бер­мейді. Осы ретте аударманың ауа­ны­на бір кісідей қаныққан таны­мал қаламгер, аудармашы Әуез­хан Қодардың «Аударма деге­німіз – үлкен ілім» деген тұжы­ры­мын келтірген жөн секілді. Шы­нында да, аударматану жеке линг­вистикалық ғылым ретінде таны­лып, оның түрлі мәселелері төңірегінде жазылған пікірлер, сүбе­лі еңбектер де аз еместігін айтып өткеніміз абзал. Өзім де бұл тұрғыда азды-көпті жинаған тәжі­рибеме сүйене отырып, бірнеше мақала жаздым.

Жә, енді қозғамақшы болған тақырыпқа ауысайын. Аудар­машыға кездесетін қиын­­шы­­­лық­тардың туындауы түрлі себептерге, оның ішінде аудар­маның негізгі бірлігі саналатын жеке сөзге немесе сөз тіркесіне бай­­ланысты болып келеді. Мұны, тіпті тіс қаққан, тәжірибелі делі­нетін тәржімалаушы өзі бастан кешеді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, бірнеше дәйекке жүгі­нейік. Уақыт алға озып, тіліміз қаншалықты кемелденді десек те, білім мен ғылымның, түр­лі тех­нологиялардың дамуына бай­ла­нысты жаңа терминдер мен атау­лардың пайда болуы заңдылық, осыған орай лексикамыз да жаңғырып, толығып отырады. Түпнұсқада ұшырасатын мағынасы мүлдем беймәлім сөздер мен сөз тіркестеріне келгенде, тіпті бұрыннан таныс, әйтсе де тап осы мәнмәтіндегі баламасы келіспей тұрған сөзге кібіртектеп, бөгеліп қаласың, кейде мұндай бөгеліс тіпті ұзаққа созылып кететіні бар. Сөйтіп аудармашы өзінің сөздік қорында, тіпті сөздіктерде жоқ сөздерді іздеп, әуре-сарсаңға түседі, тіпті кейде мүлде жаңа балама табуға мәжбүр болады. Айталық, Ә.Қодар «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында жарық көрген әлем философиясының екі томын тәржімалау барысында біраз ғылыми сөздің қазақша баламасын таппай қиналғанын айтады. Бұл жөнінде ол: «Мысалы, соблазн, машиножелание, шизопотокия, мимитическое соперничество секілді сөздерді аударуға тура келді. Оны тіпті орыс тілінің өзінде түсіну қиын» деп жазады. 

Мұндай жағдайды аударманы серік еткен өзге мамандық иелері де бастан кешеді. Ұзақ жылдар бойы оқытушы болғандықтан, пе­да­гогикаға, білім беру саласы­на қатысты материалдарды аудару жеңілге түседі, соның өзінде түсініксіз сөздер ұшырасып қалады, айталық, колледждің аккредиттеуден өтуі кезінде аударуға берілген материал ішінде «студентоцентрированное обучение» деген тіркестің біраз қинағаны бар. Аудармамен айналысып жүретін астаналық әріптесіме қоңырау шалып едім, ол да жобалап айтқан болды. Кейін білдік, министрліктегілер бұл сөз тіркесін «студенттерді орталықтандырып оқыту» деп аударған екен. Өзіміз жобалаған баламаларды ысырып қойып, сол аударманы пайдаландық. Балама дегеннен шығады, кейбір аудармалар уақыт өте келе өзгертіліп, нақты атауға ие болып жататыны да тәжірибеде бар. Белгілі жазушы, көркем аударма мәселелеріне арнап «Рухани қазына» атты тамаша еңбек жазып қалдырған Әбен Сатыбалдиевті оқи отырып, оның мына бір жолдарын жадымда сақтадым: «Аударма деген – тіл ұстартудың нағыз лабораториясы. Қазақтың бар сөзі сол лабораторияның сарабынан өтіп жатыр. «Өнеркәсіп», «кәсіпорын», баспасөз» деген сияқты сөздер бір кездері аудару үстінде ойланып отырып, қолдан жасалған сөздер еді. Ал қазір ол сөздер тілімізге көп оралатын және ұғымдық нақ­ты­лығымен соншалық дәл айты­латын атауларға айналды». Аудар­ма­танушының айтуынша, аударма процесінде бір сөз әр мақамда қолданылып, сан рет салыстырылады. Кейде оғаш та қолданылып жүріп, бірте-бірте орнын табады. «Мысалы, «оборона» деген сөздің көпке дейін «отан қорғау», «ел қорғау» болып келіп, ақыры «қорғаныс» болып тұрақтануының өзі үлкен эволюциялық дамудан туған ірі жеңісіміз», дейді аударма зерттеушісі.

Сөз баламасын өзгерту – әлі күнге қолданыста жүрген құбылыс. Еліміздің бас басылымынан ертеректе бір оқығаным есімнен кетпейді. Жазушы Сәбит Досановқа «әлемнің Айтматовы» атанған қаламгердің М.Әуезов туралы орыс тілінде жазған мақа­ласын аудару жүктеледі. Мәтін ішіндегі «судьбоносный» деген сөзді аударуға қиналып, Ғабит Мүсіреповке қоңырау шалады. Ол кісі Сәбең ұсынған нұсқалардан «халықтар тағдырын арқалаған» деген тіркесті мақұлдайды. Ал уақыт өте келе бұл сөз «тағдыр­шеш­ті» болып қолданысқа енге­ні белгілі. «Өзекжарды», «көкей­кесті» сөздері секілді зат есім мен етістіктің бірігуі арқылы сәтті жасалып, жинақы да нақты баламасы табылғаны қуантады. Осы секілді кейінгі кездері «қанатқақты» («пилотный») сөзі де қолданысқа ене бастады. 

Аудару процесінде кейбір жақсы таныс сөздердің мүлде өзге мағынада қолданылып жүрге­нін байқаймыз. Мысалы, педа­гог­­терге арналған, яғни төл басылым­дары­мыздың бірінен «уақыт шақырулары» деген тіркесті оқып, бастапқыда түсіне алмадық, сөйтсек, автор «вызовы времени» дегенді осылайша аударған екен. Мен болсам осының түбі­не жетейін деген оймен «Казах­стан­ская правда» газетінен «вызов» сөзімен берілген тақырып атау­ларын жинастырып жүріп, әр мәтін­дегі мағынасын ажыратуға ты­рыс­тым. Ақыры, іздегенімді өзіме өмірлік серік еткен «Егемен Қазақ­станнан» таптым. Бүгін­де орфо­графиялық сөздіктегі «сын-сипат», «сын-сымбат» секілді сөздер қатарынан көрінбесе де, «сын-қатер» сөзі «вызовтың» аудармасы ретінде тілімізде, әсіресе, баспасөз беттерінде жиі қолданылатын болды. Сөйтіп, Ә.Сатыбалдиев айтқандай, аударма біздің өзіміздің дүниетану өрісімізді ұлғайтты. «Аудару үстінде жеке сөздерге балама із­деу арқылы тілдік қорымыздағы бар сөздер аударылып-төңкеріліп отырады. Соның арқасында тіл қазынасының қалтарыстарындағы небір байырғы сөздер, кейде тіпті ұмытылып бара жатқан атаулар да жазу, сөйлеу қызметіне жегіледі де, әдеби тілдің тұлғасы болып шыға келеді (Ә.С.). Аудармамен айналысқан соң, сөздік қорыңда жоқ, бірақ мерзімді басылым беттерінде ұшырасып қалатын немесе бұрынғыдан өзгеше жазылған сөздерге бірден көзің түседі. Мәселен, соңғы жылдары «Егемен» беттерінде тақырып аясында көзге бадырайып көрініп тұратын «үнқатысу» сөзіне назар аударып, орысшасы қалай екен деген ойдың жетегінде жүрдім. «Іздеген жетер мұратқа» демекші, аудармасын дәл сол күні, сол тақырыпта, сол мазмұнда «Казахстанская правдада» жария­ланған ресми материалдан таптым. Кең ауқымдағы, маңызды отырыстарда пікір алмасуды, диалогті қазақ тілінде осылайша атау ұйғарылған ғой деп тынышталдым. Әйтсе де аудармашыны жиі-жиі әрі-сәрі күйге түсіретін сөз азабының пайдасы да жоқ емес екен. Әлем халықтарының зерттеуінше, сөздік қорының молдығы жағынан дүние жүзінде аудармашылар 1-орында, әртістер 2-ші орында тұратын көрінеді. 

Сонымен бірге соңғы жылдары аударылған кейбір терминдер қайтадан бұрынғыша айтылып, жазылатын болып шешілгені турасында да көзі қарақты оқырман құлағдар шығар. Мәселен, «процесс» сөзін алайық. Соңғы жылдары оны «үдеріс» деп аударып, «оқу үдерісі», «аударма үдерісі» деп сөйлейтін болдық. Әйтсе де мән-мағынасы, маңызы салмақты болғандықтан ба, «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі», «Астана процесі» деп жазамыз. Осындай сөздерді жазуда екіұшты ойға қалмас үшін, бір мәмілеге келіп, нақты шешім қабылданғаны дұрыс болды деп санаймыз. Ендігі жерде гимн, процент, инвентарь, интеграция, баланс секілді бірқатар халықаралық термин аударылмай, осы қалпынша қолданылатын болды. Аудармасы орнықпаған терминдер кез келген салада кездеседі. Мысалы, заңнамаға қатысты «подзаконный акт» дегеннің «заңға қосымша акт», «заңға тәуелді акт», «заңнан төмен акт», «заңастар акт» деп түрліше аударылуы да тілімізді көркейтпесі анық. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: аударма жүгі қашанда жеңіл болмаған, оның ішінде жеке сөздер аудармасын дұрыс жасау терең ойлануды, ұзақ ізденуді, көп оқып, осы саладағы соны жаңалықтармен ұдайы танысып, біліп отыруды, яғни тынымсыз, мазасыз еңбекті қажет етеді.

Пиалаш СҮЙІНКИНА,
білім беру саласының 
құрметті қызметкері