Қазақстан • 09 Шілде, 2019

Шешімін күткен мәселелер бар

248 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдаудың қорытындысы қаралды.

Шешімін күткен мәселелер бар

Талдау қорытындысы бойынша еңбек инспекцияларының ведомстволық әлсіз бақылауы, мемлекеттік корпорацияның филиалдары мен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Әлеуметтік және зейнетақы төлемдерін тағайындау және аудару мәселелері бойынша бақылауының болмауы, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу кезіндегі мүдделер қақтығысы және тағы басқа да жүйелі проблемалар анықталды. Сонымен қатар нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде еңбек нарығының қажеттілігін сапасыз болжау және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына заңсыз орналастыруды дер кезінде анықтау және болдырмау тетіктерінің жоқтығы белгілі болды.

Жиында Олжас Бектенов: «Министрлікке, Комитетке және жергілікті атқарушы органдарға халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету бо­йынша үлкен мемлекеттік міндеттер сеніп тапсырылды. Менің ойымша, бұл жерде үлкен жүректі және лайықты адамдар жұмыс істеуі тиіс», деді. 

Ұжымға профилактикалық әсерді күшейту үшін әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдар туралы бейнеролик көрсетілді. Басқосуда О.Бектенов атаулы әлеуметтік көмекті негізсіз төлеуді анықтау бо­йынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Егемен-ақпарат»