10 Қаңтар, 2013

Жаһандық экономика Жылан жылғы жағдай қандай?

482 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жаһандық экономика Жылан жылғы жағдай қандай?

Бейсенбі, 10 қаңтар 2013 7:26

Төрткүл дүниені экономикалық тығырық құрсауына алған жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысының аяқталар кезеңін көрудің ауылы алыс сияқты. Құрлықтардың бәрін құрсаулаған бұл экономикалық күйзелісті сарапшылар сан-саққа жүгіртіп, дағдарыстың бірінші толқыны, дағдарыстың екінші толқыны, дағдарыстың созылмалы салдары деген сияқты болжамдар жасады.

Бейсенбі, 10 қаңтар 2013 7:26

Төрткүл дүниені экономикалық тығырық құрсауына алған жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысының аяқталар кезеңін көрудің ауылы алыс сияқты. Құрлықтардың бәрін құрсаулаған бұл экономикалық күйзелісті сарапшылар сан-саққа жүгіртіп, дағдарыстың бірінші толқыны, дағдарыстың екінші толқыны, дағдарыстың созылмалы салдары деген сияқты болжамдар жасады. Бірқатар дуалы ауыз сарапшылар тарих табалдырығын аттаған жылан жылы жаһандық дағдарыс құрықталып, дүние жүзінің экономикасы жаңа даму соқпа­­­ғына түседі деген сарындағы пікірлерін алға тартқан еді. Алайда, экономистердің екінші бір тобы бұл пікірді жоққа шығарып, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, экономика­лық күйзелістің кереметі әлі алда деген тұжырымдарын дәлелдеп бағуда. 


Олардың айтуынша, әлемдік экономиканың бұрынғы қозғау­шы күші боп саналатын АҚШ және Еуропалық одақ елдерінің әлеуеттері әлсіреп, жаһандық эко­номиканы барған сайын кері тартатын тежегішке айналуда. Соңғы жылдары белең алған дағ­дарыс кезеңінде экономика­лық да­мудың біршама жоғары қарқы­нын көрсеткен Қытай, Үндістан, Бразилия және Ресейдің әлемдік экономиканы дамудың жаңа соқ­пағына шығаруға мүмкіндіктері жетпейді. Сөйтіп, нақты дауасы табылмай тұрған жаһандық эко­но­микалық дағдарыс жылан жылы да ушыға түсетін сияқты. Қар­жы-экономикалық дағдарыс 2013 жылы барлық дәрежедегі экономикалар үшін күрмеуі күр­делі құқайға айналатын түрі бар. Ең алаңдатарлығы сол, дуалы ауыз сарапшылар да, ғұлама ғалым экономистер де бұл дағдарыстың 2013 жылы қандай сипатта бола­тындығын дәл болжап айта алмай отыр. Өткен жылдың соңын­дағы және басталған жылдың алғашқы апталарындағы барлық  дерек көздерін зерттей шүйліксек те, бірде-бір сараптау компания­ларының ағымдағы жағдайды тап басып, нақты болжам жасаған тұжырымдарын таба алмадық.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 2012 жылғы желтоқсан айындағы сараптамалық баяндамасы да көңілге медеу болар оң деректер келтіре алмады. БҰҰ-ның баяндамасы бойынша, әлемдік эконо­ми­каның даму қарқыны 2012 жылы өте баяулаған, соған сәйкес алдағы екі жылда да сылбыр болмақ. БҰҰ-ның болжамы бойынша, 2013 жылы жаһандық экономика 2,4 пайыз, ал 2014 жылы 3,2 пайыз өсім көрсетпек. Оның үстіне еуроаймақ қазірдің өзінде рецессияға түскен. «Әлемдік экономикалық ахуал және 2013 жылға арналған болжамдар» атты бұл баяндаманы Нью-Йоркте өткен баспасөз мәслихатында жан-жақты таныстырған БҰҰ-ның Экономика және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департамен­тінің директоры Роб Вос 2013 жылы әлемдік экономиканың жақ­саратындығы туралы ешбір жылы лебіз айта алмайтындығын атап көрсетті. Сонымен бірге, оның айтуынша, бүгінде әлемнің көптеген мемлекеттері бастан кешіп отырған жұмыссыздық ке­селінің тамырына балта шабылмайды. Еуропада және АҚШ-та орын алған қазіргі экономикалық ахуал 2008-2009 жылдардағы үл­кен рецессия кезінде жойылған жұмыс орындарын қалпына кел­ті­ру үшін кемінде әлі бес жыл уақыт керек екенін көрсетеді. Баяндама авторлары экономикалық күйзелістің тамыры бірқатар да­мы­ған елдердің экономикасын­да­ғы терең проблемаларда жатқан­ды­ғын алға тартады. Әсіресе, Еуропадағы ерекше белең алған жұмыссыздық, қаржы секторын­дағы тұрақсыздық, бүйірі солған бюджетті үнемдеу үшін шөміш­тен қысу әдістері дамыған елдер­ді саңылауы жоқ тұйыққа тіреген. Осының салдарынан еуроаймақ­тағы бірқатар елдер нақты рецессия жағдайында отыр. Еуро­аймақтағы жұмыссыздық бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жеткен. Сондай-ақ, 2012 жылы АҚШ-тың экономикасы әбден әлсіреді. Болжам бойынша, 2013 жылы АҚШ экономикасының дамуы 1,7 пайыз көлемінде ғана болады деп күтілуде.
Мамандардың пікірінше, әлем­дік экономиканың алдында тұрған қауіпті тәуекелдердің ең бастысы – дамушы экономикалардан капиталдардың шетке ке­туі, Еуропалық валюта одағының ыдырау қаупінің күшеюі, жаһан­дық экономиканың қозғаушы күштерінің әлсіреуі болып отыр. Сонымен дамушы экономикалардан капиталдың шетке кетуінің қаупі дегеніміз не? Мәселен, Ресей, Бразилия, Үндістан және Қытай сияқты елдердің дамушы экономикаларына қызмет көрсе­тетін шетел инвесторларының бұл елдерге деген қызығу­шы­лығы азаятын болса, экономикаға нәр беріп тұрған қаржы тасқыны тыйылады. Капиталдың көптеп шетке кетуі ұлттық компания­лардың акцияларының төменде­уіне, экономиканың даму қарқы­нының тежелуіне әкеп соғады. Осының бәрі түптеп келгенде, адамдардың тұрмыс дәрежесінің төмендеуіне ықпал етеді. Ал ол тұтыну сұранысын төмендетеді. Егер экономикасы дамыған ел­дер­дің тауарларын дамушы ел­дер­дің тұтынатынын ескерсек, мұндай ахуал дамыған елдер экс­порты­ның азаюына әкеп соқты­рады. Ендеше, дамушы елдердің капита­лы­ның сыртқа кетуі ұлт­тық экономикаларды құрдымға ті­рейді. Әлемдік экономикада қа­лыптас­қан мұндай жағдай 2013 жылы жаңа қаржы дағдарысы­ның белең алуына жол ашады. Кез келген ірі экономикаларда орын алған дефолт бүкіл жа­һан­дық экономикаға әсер ететіндігі даусыз.
Өткен жылдың соңғы айларында және жаңа жылдың басында қалыптасқан жағдай еуро­ай­мақтың ыдырау қаупін жақын­дата түскен сияқты. Бұл жердегі толғандырар түйін –  өткен жылы ғалымдар көп дауласқан Грекия еуроаймақта қала ма, әлде драх­маға қайта көше ме деген мәселе ғана емес, одан да ауқымды болып отыр. 2013 жылы Еуропалық одақ осы уақытқа дейін өмір сү­ріп келген дәрежесін сақтап қала ала ма? Бұл ретте Шығыс Еуропа елдері Батыс елдерінің тауарларын өткізетін қолайлы рынок болғысы келмейді. Олар өз тауар өндірушілерін қорғау мақсатында кедендік кедергілер орнатуды ойлауда. Бұрын Шығыс Еуропа елдері үшін бірыңғай одақ арзан несиелер алуға, тұрғындардың дамыған Батыс елдерінде жұмыс істеп, мол пайда табуына жағдай жасаған болса, енді мұндай мүм­кіндіктер толық жойылды. Сон­дықтан Шығыс Еуропа елдерінің де бірыңғай одаққа деген көңіл­дері суи бастады. Бүгінде Еуро­палық одақ – әлемдегі ірі эко­но­микалардың бірі. Егер, кейбір са­рапшылардың сәуегейлігі ке­ліп, 2013 жылы Еуроодақ құр­дым­ға құлайтын болса, онда жа­һандық экономика да оңалмастай есеңгі­рейтіндігі даусыз. Сондық­тан 2013 жылы жаһандық эконо­ми­ка­лық даму үрдісі қалай бо­ла­тын­дығын болжаудың маңызы зор.
Дүниені дүрліктірген 2007-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысын алдын ала дәл бол­жаған америкалық экономист Нуриэль Рубини өзінің батыл болжамдарымен тағы да назар аудартты. Жақында ол Reuters агенттігіне берген сұхбатында Қытай экономикасында 2013 жылы «қатқыл қону» жағдайының орын алатындығын атап көрсетті. «Қатқыл қону» деген термин ұш­қыштарға тән, яғни ұшақтың әл­дебір қауіпті жағдайдың алдын алу үшін шұғыл қону тәсілін біл­діреді. Ал экономикада «қатқыл қону» ұғымы дамудың тежелген­дігін, жекелеген тіпті жалпы эко­номикадағы дағдарыстың орын алғандығын айғақтайды. ҚХР эко­номикасының даму қарқы­ны­ның тежелетіндігі туралы бұрын­нан бері айтылып келеді. Алайда, Нуриэль Рубини атап көрсет­кен­дей, дағдарысты жағдайдың ор­ын алатындығы әлі айтыла қой­ған жоқ еді.
Жалпыға белгілі, бүгінде Қы­тай әлемдегі №1 экспорттаушы ел болып саналады. Соңғы жылдары ҚХР-дағы ІЖӨ-нің жыл са­йынғы өсімі 10 пайыздан төмен­деп көрген емес. Ел экономи­ка­сының жылдық өсу қарқынының 3/1-ін экспорттық өсу динамикасы құрайды. Қытай банкіндегі қауіпсіздік қорында 3,5 триллион доллар қаржы жинақталған. Еу­ро­одақ елдерін тығырыққа тіре­ген дағдарыстың Қытай экономикасына келтіріп отырған залалы зор. Кәрі құрылықты құрсаулаған дағдарыс тереңдей беретін болса, Аспанасты елінің экономикасы да күрт кері кетпек.
Өткен жылдың соңғы тоқсан­да­рындағы ҚХР экономикасын­да­ғы тежелу үдерістері әлемнің көп­теген инвесторларын ерекше алаң­­датты. Сарапшылар болжап отыр­ғанындай, Қытай экономи­ка­сы­ның өсімі 8 пайыздан төмен­дейтін болса, Аспанасты еліндегі көп­теген өндіріс ошақтары тоқ­тайды. Әлемнің ең ірі экономи­ка­сындағы мұндай тежелу жаһан­дық дағда­рыстың қалыңдауына әкеп соға­ды. Сондықтан Қытай үшін Еуро­одақ елдерінің қарыз құрсауынан шығып, экономикаларын оңалта бастауының маңы­з­ы зор.
Нуриэль Рубини өзінің сұхба­тында Шығыс Қытайға барған сапарындағы Шанхайдан Хан­чжоу­ға дейінгі жүріп өткен жо­лындағы өзінің көрген әсерлері­мен бөліседі. Ол өзі мінген жүр­дек пойыздың жартылай бос бол­ғандығын айта келіп, жолда кездескен стансалардағы жолаушы­лар­дың да қарасы тым аз екенін байқаған. Темір жол бойымен қатарласа салынған автобанның да толық қуатында пайдалан­бай­тындығын көрген. Сонымен бір­ге, бұл екі қала әуе байланысымен де толық қамтамасыз етілген. Міне, осылардың бәрін көкейіне түйген Рубини жүрдек пойыз, тамаша автобан, ұшақ бағыттары жоғары сұранысқа ие болмай отырғандығын алға тартып, ар­тық­шылық орын алғандығын дә­лелдейді. Бір жағынан алғанда, тамаша инфрақұрылымдар түзі­ліп, қолайлы тұрғын үйлер бой көтерген. Екінші жағынан алған­да, халық үшін ауадай қажет осы игіліктердің бәрі қымбатшы­лық­қа байланысты сұранысқа ие бола алмай қаңырап қалған. Бұның құпиясы Қытай басшылығының экономиканы барынша модернизациялау саясатында жатыр. Яғни ел билігі әлеуметтік тұрақты­лық­қа басымдық бере отырып, тұр­ғын­дардың жаппай жұмыспен қам­тылуына бірінші кезекте жағ­дай жасайды. Осының нәтиже­сін­­де миллиондаған шаруалар ауылдарды тастап, қаладағы арзан жұ­мыс күшінің қатарын толтыруда.
Экономист ғалымның айтуынша, бүгінде әлемдегі ең ұзын кө­пір Қытайда салынған, ең биік­тікті бағындырған темір жол торабы осы елдің үлесінде. Қазір Қытай әлемде өндірілетін барлық цементтің жартысынан астамын шығарады. Яғни қазір бұл елдегі құрылыс қарқыны бүкіл әлемді тұтастай алғандағы құрылыс қар­қынының көлемімен бірдей. Құ­рылыс саласындағы соңғы жыл­дар­дағы бүкіл рекордтық көрсет­кіштер де тек Аспанасты еліне тән. Бұлай ұзақ жалғаса беруі мүм­кін емес. Сондықтан Рубини 2013 жылы Қытай экономика­сы­ның даму қарқынының баяулай­тын­дығы сөзсіз екендігін дәлелдейді.
Жаһандық экономика жағ­да­йында қалыптасқан осындай кө­ңілсіз көріністің ішінде көңілге демеу болатын бір ғана мәселе, АҚШ Конгресінің соңғы шешімі болып отыр. Жаңа жыл қарса­ңынд­а АҚШ экономикасының тех­­никалық рецессияға ұрына­тын­дығы туралы ұзақ айтылды. Алып экономиканы бұл ауыр қатерден АҚШ президенті Барак Обаманың табандылығы құтқар­ды. Рождество мерекесі қарс­а­ңын­да Барак Обама америкалық­тардың алдында экономика туралы баяндама жасады. Ол бюджет тапшылығын тежеудің көкейкесті мәселелерін айта келіп, ел экономикасын тығырықтан алып шығу үшін байларға салынатын салық мөлшерін арттыру қажеттігін атап көрсетті. «Мен сияқты 250 мың доллардан артық табыс табатын адамдарға аз салық салып, студенттерге және зейнеткерлерге көп салық салу жағдайымен келісе алмаймын. Ауқатты адам­дар­ға байлығының көлеміне қа­рай көп салық салынуға тиіс», – деді ол. Ақыры АҚШ Конгресін­де Барак Обаманың қарсылас­тары – Республикалық партия өкіл­дері президенттің ұсынысын қабылдауға мәжбүр болды. Сөй­тіп, ауқатты америкалықтардың байлығына қарай жоғары салық салу ұсынысы қабылданып, бюджет шығынын 109 млрд. доллар­ға қысқарту ұсынысы 2 ай мер­зімге кейін шегерілді. Обаманың бұл жеңісі АҚШ экономикасын тығырықтан толық алып шыға алмайды. Дегенмен, қарызға өмір сүріп отырған америкалықтарға экономиканы оңалту үшін бай­лардың да барымен бөлісуі керек екендігін ұқтырғандай болды.
Жаһандық экономиканың қа­зір­гі жағдайын саралағанда, Ха­лықаралық валюта қорының жа­рияланған соңғы есебі де алда келеңсіздіктің күтіп тұрғанын көрсетеді. Онда әлемдік ІЖӨ-нің 2 пайызға төмендейтіндігі туралы айтылады. Сонымен бірге, ХВҚ 2013 жылы рецессияның орын алатындығын атап көр­се­те­ді. Әлемдік экономиканың төмен­де­уінің кесірі тек дамушы елдер­ді ғана емес, тұрақты экономика­лық даму жағдайындағы елдерге де кері әсерін тигізеді. 2013 жыл­ғы жаңа экономикалық дағдарыс Ресей экономикасына елеулі ық­пал етпек. Жалпы алғанда биыл­ғы дағдарыстың салқыны экономикалары шикізат экспортына тә­уелді елдерге қатты тиеді. ХВҚ-ның мәлімдеуінше, барлық мар­ка­дағы мұнай баррелінің бағасы бұрын болжалынған 4 пайыз емес, 2,1 пайызға ғана көтеріледі. Осыған байланысты Бүкіләлем­дік банк Ресейдің 2013 жылға болжалынған экономикалық даму көрсеткішін 4,2 пайыздан 3,6 пайызға дейін төмендетті. 2013 жылы мұндай рецессия салқыны барлық дамушы экономикаларды қамтитын болады. Еуроодақ ел­дері және АҚШ экономикасын­да­ғы 2013 жылғы рецессия салқы­н­ы терең болады. Қорыта айтқан­да, ХВҚ болжамы бойынша 2013 жылғы дағдарыс ауыртпалығы 2008 жылғы жағдайдан да күр­делі болмақ.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан».