Үмітімізді үкілеп отырмыз
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:17
Мен жаңа жылдағы сөзімді жермен жұмыс істейтін шаруа адамы ретінде өзімді, әрі агроқұрылымдарда қызмет істейтін барлық әріптестерімді қуантып, үміттендіріп отырған мәселеден бастағым келеді. Өткен жылдың қараша айында республика Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ақжайықтағы шаруа қожалықтары жетекшілерімен кездесіп 2013-2020 жылдарға арналған аргоөнеркәсіп кешенін дамытудың ауқымды бағдарламасы әзірленгенін әңгімелеп берді.

Министрлік өкілі бұл мақсатта, әсіресе, астық өсірумен айналысатын азаматтарға тұтас ел бойынша қомақты несие бөлінетінін де айтқан еді. Ең бастысы, біздерді бұл қаражаттардың өте тиімді түрде әрі ұзақ мерзімге берілетіні, тіпті осы арқылы бұрынғы қарыздардың орнын толтыруға да болатындығы қуантты. Жаңа жылда Үкімет елге аса қажетті осы бағдарламалық жобаны бекітсе, бұл бәріміз үшін үлкен қолдау болады деп есептеймін.
Енді мені шаруа баққан адам ретінде жаңа жылда не толғандырады, не ойландырады деген сауалға тоқталсам – республикада мал өсірумен айналысқысы келетіндерге де осындай қаржылай қолдау тетіктері жасалса ежелден мал бағуды кәсіп етіп келген қазақ елі үшін бұл баға жетпес көмек болмақ. Біз Ресеймен көршілес қоныстанғандықтан онда мал шаруашылығы кешенін дамыту ісінде тауар өндірушілер үшін өте тиімді бағдарлама іске асып жатқанының куәгері болып жүрміз. Бұл бағытта көршілер бір-бірінен үйреніп, тәжірибе алмасқанының ешқандай артықшылығы жоқ деген ойдамын.
Керісінше, ресейлік әріптестеріміз Қазақстанның агро-қаржы жүйесіндегі ілкімділік пен жеделділікке тәнті, таң-тамаша болып кеткені бар. Жағдай былай болған еді. Осы жүйе арқылы біздер егін орағы қарсаңында «Вектор-410» деп аталатын бүгінгі заманғы алымды да шалымды астық жинайтын комбайнға қол жеткізе алдық. Тіпті, олар егін орағы науқанының маңызын ескере отырып артық-ауыс құжаттарды да сұрамастан жеті жылға лизингтік тәсілмен бере салды.
Әрине, қуанышымызда шек болмады. Оның үстіне қазагроқаржылықтар әр комбайыннан 1,5 миллион теңгені кем алып тағы да қаржылай жеңілдік жасады. Жаңа техниканың ойдағыдай өнім жинауға тигізген әсері айтарлықтай. Орал өңірінде құрғақшылық орын алған өткен жылдың өзінде қожалықта әр гектардан орта есеппен 13 центнерден өнім жиналды. Шаруа адамының ыңғайына қарай икемделу деген осы емес пе?
Анатолий ДОЦЕНКО,
Зеленов ауданындағы
шаруа қожалығының жетекшісі.
Батыс Қазақстан облысы.