Руханият • 10 Шілде, 2019

Тойдағы ұлттық үлгі

550 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында иман жолында жүрген ибалы азамат анасының алты белеске шыққанына және екі ұлының сүндетке отырғанына арнап той жасады. Барлық қарекет ұлттық үлгіде болды. Улы ақ-қызылдың орнын, қасиетті қымыз бен шұбат басты. Той тізгінін қазақ өнерінің қабырғалы қайраткері, халықтық әдет-ғұрыптың туын көтеріп, ата салтты әспеттеп жүрген, қарт қалай болу керек дегенді сан қырынан астарлай ашып көрсететін, сөз құдіретінің құнын терең ұғатын Бекжан Тұрысов алды.

Тойдағы ұлттық үлгі

Шоу деп шулайтын пенделер болмады. Жиылған жұрт аталы сөз, имандылық иірімдерін айтқанда, айрандай ұйып тыңдады. Қазақтың қара домбырасының жолы болды. Күмбірлеген күй шертілді. Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір, Нұрғиса аттары аталды. Сал Бір­жан, аяулы Ақан сері, қызыл империяның құрбаны бол­ған Қапез (Байғабылұлы), «Сары­бидай» әнінің авторы Сады­қожа мақамы бірімен бірі ұштасып, қасиетті жер табиғат көріністері көз алды­нан өтіп жатты. Қазақ ән өнері­­нің шоқтығы биік айту­лы­­лары­ның бірі Нұрлан Өнер­баев өзіндік мәнерімен аналар туралы әндер тізбегін ағыт­қанда, үлкен-кіші сүйсіне тың­­дап, ақ жаулықты аналар ақ ба­т­асын берді. Сол секілді халық композиторларының туын­дыларын ерекше екпін­мен шырқаған Ерболат Шал­ды­бековтің де даусы мей­рам­хана ішін кернеп, жұрт­тың ілтипатына бөлен­ді. Қолы­ның қаруын, білегі­нің күшін, бойдағы қуатын түрлі сын үс­тінде көрсеткен қыз-жі­гіт­тер де аз болмады. Тіп­ті жұ­­­мыр ше­гені шыбық­тай иіп жү­рек бей­несін жаса­ға­н­дар­дың тап­қыр­лығы мен ше­бер­лігі жұрт­ты дүр сілкіндірді.

Айтыстың сайыпқыран­дары Балғынбек Имашев пен Жандарбек Бұлғақов өлең өрі­мі­не өмір өрнектерін сый­ғызып, арасын жеңіл әзіл­мен кіріктіргенде тойшыл қауым бірде мін болар ісімізге ір­кі­ліп, рас-ау десе, бірде күл­кі­ге көміліп, артынан күл­кі­нің күр­меуіне үңіліп, күміл­жі­ген­дей кейіпі байқалды. Бұл тойд­ы кілең мақтауға, асыра дәріптеп көрсетуге жол бере қоймады. Көп жағдайда ойланып отыруға, «Мынау бір жақсы әдет, үйренер үрдіс екен-ау!» деген байламға жете­леп отырды. Қазір той көп. Тіпті бәсекеге айналып кет­келі қашан. Тойға кім ке­ліп­ті, кім басқарыпты, әр­тіс­тер­­ден, ән­шілерден кім бол­ды деп, ата­ғы барлар­мен өл­шей­ті­ні­мізді де жоқ­қа шығара алма­сақ керек. Содан да болар ондай белгілілер той құнын арттырып, дәрежесін көтеріп, бағасын биіктетіп жүргені де шындық. Бұл үшін кейде оларды емес, бәсекенің бәсін қыздырып жүрген өзімізден көру керек жөн секілді. Дәуле­тім бар, сәу­летім жетеді деп дара­қыла­ну кісіліктің, кішіліктің белгі­сі емес, керісінше екенін түсі­не­тін уақыт болғандай.

Қазақтың тойы баласыз өтпейтіні белгілі. Оның үстіне сүндет той болған соң балдырғандар барынша жиналатыны шындық. Солардың ой өрісін білу мақсатында экраннан қазақтың ұлылары мен арыстарының, ақын-жазу­шыл­арының, қоғам қайрат­керлерінің суреттерін экраннан көр­сетіп, кім екенін сұ­ра­ған­да, балалардың бірлі-жа­ры­мы болмаса, көбі іркіліп қала берді. Жазбай таныған­дар­ға, бұлжытпай айтқандарға бағасы әжептәуір қазақ батырлары туралы, Абай, Мағжан, Мұхтар (Әуезов), Бердібек (Соқпақбаев), Мұқағали, басқа да кітаптар ұсынылды. Балалар біле қоймаған тұлғаларды кейбір үлкендер айтып, олар да құрқол қалмады. Жалпы, қазақ кітаптарының бағасы қымбат екені көпке белгілі.

Бір ойландырған тұсты да айта кетейік. Ұлт жақсы­ла­рын танып-білу жағынан то­сыл­­ған балғындар өзге жұрт­­­тар­­дың «Человек паук», «Чере­­пашки Ниндзя», «Маша и Медведь» секілді мульт­фильм­деріндегі басты кейіп­керлерді көрсеткенде ересек­терін былай қойып, 3-4 жастағы бүлдір­шін­дер де жаңылмай айтып жатты. Мұ­ның несі айып дейтіндер та­бы­лар. Білген жақсы. Деген­мен, алдымен өзіміздің ата-ба­ба­­ларымыздың аты-жөнін жаз­бай танығанға не жетсін. Қар­ға­дайынан тегінен қол үзсе, өсе келе жатқылыққа барып, жаза баспайды деп кім айта алады? Бүгінгідей аласапыранда аяғын шалыс басып, адасқандар аз ба?

Сонымен ұлт тойында осы­лай үлгі алар қадамдар жасал­ды. Заманды желеу етпей, адамдық қасиет, ұлттық салт-сана бәрінен қымбат еке­нін естен шығармасақ, алдымен жас ұрпақ «Біздерде мынан­дай бар, мынандай бар» (Сұл­тан­махмұт) екен-ау деп көз тігіп, көңіл тоқтатар еді. Осы арада ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының: «Қазақ­тың бас адамдары! Әуелі, сен­дер адас­паңдар! Адас­пас үшін ақыл­дасып, ойла­нып, ын­тымақ­пен іс етің­дер... Баланы ұлша тәр­бие­лесең – ұл болмақ­шы. Құлша тәрбие­лесең – құл бол­мақ­шы», – деген аталы сөзі ойға орала берді.