Әлем • 10 Шілде, 2019

Халықаралық туризм: бірі шақырып жатса, бірі – наразы

1723 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Туризм саласының әлемдік экономикада мұнай өндірісімен теңесе алатын қаржы көзі болғалы қашан. Сондықтан қай мемлекет болсын аталған саланы дамыту ісін стратегиялық маңызды мәселе ретінде қарастырады.

Халықаралық туризм: бірі шақырып жатса, бірі – наразы

Көптеген елдерде өмір са­па­сының жақсаруы мен адамдардың бос уақытының көбеюі, транспорт пен байланыс желілерінің да­муы адамдардың ел аралап, дү­ние кезуіне себеп болды. Туризм – XX ғасыр феномені. Содан бері халықаралық туризм дамымаса, тежелген емес. Мәселен, 1990 жылдары әлем бойынша туризмнен түскен қаржы көлемі 255 млн АҚШ долларын құраса, 1998 жылы 495 млн долларға жеткен. Ал 2020 жылы 2 млрд АҚШ дол­лары шамасында болады деп күтіледі. 

Туристер үшін тартымды ел­дер­дің көшін Франция бастап тұр. Бұл елге былтыр 86,7 миллион адам сапар шеккен. Испания мен Америка құрама штаттары да туристер жиі баратын мемлекет­тер қатарында. Халықаралық ту­ризм ұйымы жыл сайын туризм саласы 4,5-5 пайызға өсіп оты­ратынын айтады. 2018 жылы әлемдегі туристердің саны 1,32 млрд-қа жеткен. Бұл Жер ша­рындағы әрбір бесінші адамның сая­хаттайтынын көрсетеді. Ал ең көп саяхаттайтын халық – қы­тай­лықтар. Олар 2017 жылы 257,7 млрд АҚШ долларын туризмге жұмсаған. АҚШ-тықтар 135 млрд АҚШ долларын жұмсап, екінші орында тұр.

Туризмнің дамуы эконо­ми­калық, әлеуметтік факторлармен тығыз байланысты. Туризм елде жаңа жұмыс орындарының пайда болуына әсер етеді. Сонымен бірге елдің «ішкі экспорты» да дами түседі. Әлемдегі ІЖӨ-нің 10,1%-ы туризм арқылы келсе, ал жұмыс орындарының 10,5%-ы туризм секторымен тіке­лей бай­ланысты. Дегенмен, жыл са­йын миллиондап қонақ күте­тін мем­лекеттердің халқы елде­гі адам шоғырынан, қолайсыз­дық­тан шаршағанын айтып, нара­зы­лық білдіріп жатыр. Олардың қатар­ында Италия, Испания, Хорватия халқы бар.

Статистикаға сүйенсек, Ве­не­­цияға жылына 25 миллион турист келеді екен. Бұл – Аус­тралия халқының санынан да көп. Қала тұрғындарының турис­тер көрінген жерде қоқыс тас­тап, каналдарға шомылып, қоз­ғалысқа кедергі келтіретініне көңілі толмайды. «Туристерді тасымалдайтын үлкен кемелер су тіршілігіне зиян болса, олардың әсері­нен пайда болған толқындар көне үйлерге зақым келтіреді», дей­ді венециялықтар. Биылдан бас­тап Венеция қаласына кіру ақылы. Кіру ақысы маусымға байланысты 2,5 еуродан 10 еуроны құрайды. Италиялықтар туристерді жексенбі күні музейге ақысыз кіргізетін. Бұдан бы­лай туристер үшін бұл жеңіл­дік тоқтатылды. Туризм тұрғын­дардың тұрмыс-тіршілігінен бөлек, экологияға да кері әсерін тигі­зеді. Мәселен, 2018 жылы Филип­пин үкіметі теңіз суының ласта­нуынан Боракай атты таны­мал аралдарының бірін турис­тер үшін жарты жылға жауып тас­тады. Таиланд үкіметі 2016 жы­лы бірнеше аралдарын жап­қаннан әлі ашпады. Ал Эве­рест­ке қызыққан альпинистерге қо­йылар талап сәл өзгешелеу. Олар тауға шыққанда 8 кило қоқыс жинауы керек, не болмаса килосына 100 АҚШ доллары көлемінде төлем төлеуі тиіс.

Бүгінде қалаға кіруді ақылы еткен мемлекеттер кезінде турис­тер­ді тарту үшін түрлі шаралар қабылдаған болатын. Мем­ле­кеттер сан түрлі амал-айлаға барып, елінің ерекшелігін көрсетуге құштар болды. Көп мемлекет визасыз режімді енгізуден бас­тап, құжат рәсімдеуді мейілінше оңайлатқан еді. Саяхатшылар үшін тікелей рейстердің болуы да маңызды факторлардың бірі екені белгілі. Осы орайда олар көптеген елдерге тікелей әуе рейстерін ашқан болатын.

Ал Қатар бір кездері қонақ үйлер бағасын төмендетіп, турис­тер арасында ұтыс көлемі 30 мың АҚШ доллары болатын лотерея ұйымдастырған-ды. Туризмнің дамуында, өнердің де үлесі зор. Соң­­ғы жылдары көп талқыланып, кө­­рермен көз­айымына айналған «Тақ­­тар таласы» сериалынан ке­йін туын­дының түсірілген жері Хор­ватиядағы Дубровник қаласына келушілер саны күрт өскен.

Аниме отанына айналған Жа­пония жақында қонақтарын қаланы сүйікті кейіпкерлерінің образында жарыс көліктерімен аралатуды қолға алды. Мұндай қызметті Токионың өзінде 7 жерден таба аласыз. Ал Финляндия хал­қы өздерін әлемдегі «ең бақыт­ты халық» деп, келушілерге ба­қыт­ты өмірді, табиғатпен үндес­тікті үйрететінін жариялады.

Әлем назарын аудару үшін фес­тивальдар ұйымдастыру – бұ­рыннан кездесетін құрал. Мәсе­лен, «Мәскеу маусымы» фести­валін ұйымдастырғалы Ресей астанасына қызығушылар саны 65,8 миллионға жеткен.

Қалай болса да туризм көп елдің басты табыс көздерінің бірі екені анық. 2016 жылы Ре­сей­мен шиеленіс нәтижесінде Түр­кия шамамен 15 млрд АҚШ доллар кірістен қағылып қалған еді. Туризм арқылы Түркия экономикасына жыл сайын 31 млрд АҚШ доллары көлемінде кіріс түсетінін ескерсек,  бұл – үлкен мәселе.

Талдаулар мен зерттеулер ха­лықаралық туризмнің дамуы алдымен ішкі, ұлттық туризм­ді дамытумен қатар жүре­тінін көрсетті. Бүгінде туризм халықтың жұмыспен қамты­луы­ның бір құралы болғандықтан, туризм саласы бойынша білім беру де маңызды болып отыр. Елі­мізге 2017 жылы «ЭКСПО» көр­месінің аясында 7,7 млн шетел­дік келген екен. Олардың 88%-ы көршілес Өзбекстан, Ре­сей, Қырғызстан, Тәжікстан, Қы­тай елдерінің азаматтары. Дәл сол жылы туризмнен түскен кі­ріс 1,9 млрд АҚШ долларын құ­ра­ған. Kazakh Tourism Ұлттық ком­па­ниясы 2025 жылға қарай туризм ІЖӨ-нің 9%-ын құрайды деп сенеді.

Елімізде 2018 жылдың қоры­тындысы бойынша сыртқы туризм 10%-ға, ал ішкі туризм 5%-ға артқан. Кейбір деректер­ге қарағанда, 2018 жылы елімізге 8 488,3 мың адам келіпті. Ұлт­тық экономика министрлігі Ста­тис­тика комитетінің мәліметіне сүйенсек, олардың тек 81 635-і ту­ристер. Бұл 2017 жылға қара­ған­да 10,2% жоғары және 2015 жыл­дың көрсеткіштерімен салыс­тырғанда, өсім 32%-ды құрай­ды. Сондай-ақ, БАӘ (50%), Үндіс­тан (49%), Малайзия (44%), Гонконг (22%), Польша (16%), Оңтүстік Корея (15%) және АҚШ (5,8%) елінен келушілер санының артқаны байқалады. Сонымен қатар Германия, Ұлыбритания және басқа да бірқатар елдер азаматтарының келу көрсеткіші тұрақты деңгейде сақталған.

Kazakh Tourism компа­ния­сының тапсырысымен BBC World News эфиріне арнайы бейнеролик түсірілген болатын. Бейнероликке 124 млн теңге жұм­салған. Одан кейін Euronews NBC арнасында 300 мың АҚШ доллары тұратын жарнама компа­ниясы жасалған. Деген­мен, аталған шаралардан кейін туристер санының өсуі байқал­мады. Бүгінде әлем сарапшылары Қазақстанға туристер тарту жолын ұсынып әлек. Глазго уни­верситетінің ғалымы Гийом Тибергиен туристерді «Карлаг», «АЛЖИР» сынды тарихи маңызы бар кешендер арқылы қызықтыра алу мүмкіндігі барын айтады. Ра­сымен, тұмса табиғатынан бөлек, тарихы терең жерімізге турис­терді тарту жолы қандай? Бүгін олардың елімізге көптеп келуі­не мүдделі болып жүрсек, ер­тең Италияның күйін кешіп жүр­мейміз бе?