Екі кәсіпорынның тұсауы кесілді
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:29
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ел экономикасының ілгерілеуіне серпін береді. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан -2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын бұрынғыдан да кеңейту және дамыту мәселесіне баса назар аударды. Жолдауда мұнай-газ қорларына тәуелді емес қуатты индустрия құру қажеттігі алға тартылды. Өңірде Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру бойынша салмақты жұмыстар жүргізілуде. Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілген екі кәсіпорын осындай ізденістердің нақты мысалы.

«Көктас Ақтөбе» акционерлік қоғамы іске қосқан қағаз және картон өндіру үшін қайталама шикізат өңдейтін цехтың жылдық қуаты 1200,0 тоннаны құрайды. Жоба құны 180,0 миллион теңге тұрады. Мұнда жаңадан 15 жұмыс орны ашылды. Өндірісте Ресейдің «Импульс» НПК» компаниясының осы заманғы озық технологиясы қолданылады. Бұл жоғары сапалы өнім өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорынның артықшылығы қымбат емес өз шикізатының болуы, цехтың шығындығы және ішкі қажеттілікті өтейтіндігі де орынды. Өңделген қағаз өнімдері акционерлік қоғамның бөлімшелерінде пайдаланылады, сондай-ақ, аймақтың басқа да тұтынушыларының сұранысын өтейді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бұл кәсіпорынға 1,7 шақырым кірме жолдарды қайта жарақтандыру және салуға 58,0 миллион теңге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Ең бастысы, енді кез келген жерде шашылып жататын қағаз қалдықтары кәдеге асырылады.
Екінші кәсіпорын, ол – «Бекарыс» ЖШС іске қосқан кварцтан жасанды тас өндіретін зауыт. Зауыттың жылдық қуаты әртүрлі ассортименттегі 84,0 мың шаршы метр жасанды тас шығаруға мүмкіндік береді. Құны 247,0 миллион теңге болатын жобаны жүзеге асыру 22 жаңа жұмыс орнының ашылуына алғышарт жасады. Мұнда Италиянның «Bretonstone» фирмасының технологиясына негізделген Қытайдың «Рустон» компаниясының қондырғысы орнатылған. Осы заманғы зауыттың Қазақстанда теңдесі жоқ. Болашақта зауыттың өнімдерін Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына өткізу көзделуде. Өндірістік қуат арта келе, өткізу аймағы да кеңейе түспек. Бұл кәсіпорынның ашылуына да «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қолдау көрсетілген екен. «БТА банк» АҚ 110,0 миллион теңге несиенің проценттік ставкасын субсидиялайтын болыпты. 27,2 миллион теңгеге подстансасымен 2,4 шақырым электр желісі тартылып берілді, 32,0 миллион теңгеге 1,2 шақырым автожол қайта жарақтандырылды.
Бағдарлама аясында осындай қолдау-көмек алған жаңа кәсіпорындардың тез арада өндірістік қуатына шығуға мүмкіндігі мол. Жалпы, облыста өткен жылы жалпы құны 4,5 миллиард теңге болатын он үш жоба жүзеге асырылып, 451 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына қосымша серпін берді, өңдеу секторында жоғары технологиялы өндіріс орындарының қатарын көбейте түсті. Сондай-ақ, сұранысқа ие арзан дайын өнімдерге қолжетілімділікті артырды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.