22 Қаңтар, 2013

Өткен жыл қорытындылары не дейді?

329 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Өткен жыл қорытындылары не дейді?

Сейсенбі, 22 қаңтар 2013 7:06

Дүние дидарын жайлаған дағдарыстың созылмалы сырқатқа айналып бара жатқан түрі бар. Сырқат болғанда да, осы өткен мерзім  ішінде оған қарсы ешқандай дауаның табылмауына қарағанда, оның мүлде ем қонбайтын сырқат болып шығуы да әбден мүмкін. Қазіргі таңда дүниенің төрт бұрышында болып жатқан оқиғалар дәл осындай ойларға жетелейді. Рас кейбір алдын ала жасалған болжамдар жұртшылықты болашақта жағдай жақсарады дегенге сендіргісі де келеді. Дегенмен, әлемнің әр түкпірінен жетіп жататын ақпараттарда көңіл жұбатарлық жақсылықтардан гөрі, алаңдатарлық мәліметтер басымдау.

 

Сейсенбі, 22 қаңтар 2013 7:06

Дүние дидарын жайлаған дағдарыстың созылмалы сырқатқа айналып бара жатқан түрі бар. Сырқат болғанда да, осы өткен мерзім  ішінде оған қарсы ешқандай дауаның табылмауына қарағанда, оның мүлде ем қонбайтын сырқат болып шығуы да әбден мүмкін. Қазіргі таңда дүниенің төрт бұрышында болып жатқан оқиғалар дәл осындай ойларға жетелейді. Рас кейбір алдын ала жасалған болжамдар жұртшылықты болашақта жағдай жақсарады дегенге сендіргісі де келеді. Дегенмен, әлемнің әр түкпірінен жетіп жататын ақпараттарда көңіл жұбатарлық жақсылықтардан гөрі, алаңдатарлық мәліметтер басымдау.

Жаһандық қаржы дағдарысы бастал­ғаннан кейін төрт жыл өткенде әлемдік эко­номика сол баяғы тұрақсыз күйінде қалып отыр, ал табыстарының деңгейі жо­ғары елдердегі өсім бұрынғысынша әлі де оншалықты айтарлықтай емес. Осындай пікірлер келтірілген Дүниежүзілік банктің таяуда жарияланған «Жаһандық экономи­калық перспективалар» атты баяндамасында дамушы елдерге еуроаймаққа және АҚШ-тың салықтық-бюджеттік саясатына байланысты тәуекелдерді азайту үшін күш-жігерді буферлік механизмдерді ны­ғай­тумен қатар, өзінің экономикалық өсу әлеуетін дамытуға шоғырландыру қажет екендігі атап көрсетілген.
«Экономиканың қалпына келу үдерісі ахуалды тез арада жақсарту және неғұр­лым сенімді экономикалық өсімге қайта оралу перспективаларын күңгірттендіре отырып, тұрақсыз және белгісіз күйінде қалуда, – деп мәлімдеді Дүниежүзілік банк тобының президенті Джим Ен Ким. – Осы уақыттарға дейін дамушы елдер ерекше тұрақтылық танытты. Дегенмен «қол қусырып отыруға» және табыс дең­гейлері жоғары елдердегі экономикалық өсімнің қайта қалпына келуін күтіп отыра беруге болмайды, сондықтан да біз дамушы елдерге инфрақұрылымға, денсаулық сақтау мен білім беруге инвестицияларды қаржы­ландыру тұрғысында одан әрі де ықпал ете беруіміз керек. Ол, өзіміз біле­тіндей, олар­дың болашақта қол жеткізуі мүмкін экономикалық өсімін жеделдету үшін негіз қалайды».
Өткен жылы дамушы елдерде соңғы онжылдықтағы ең бір төменгі экономика­лық өсу қарқыны байқалды, оның өзі бел­гілі бір жағдайда еуроаймақта 2012 жыл­дың мамыр-маусым айларындағы дүдә­мал­дықтың өсуіне байланысты орын алды. Содан бері әлемдік қаржы рыногындағы конъюнктура айтарлықтай жақсарды. Дамушы елдерге әлемдік капиталдың құйы­луы қайта қалпына келді (2012 жылдың екінші тоқсанында оның 30 пайызға құлағанына қарамастан), ал облигациялар шамамен 282 базистік пунктке тең ұзақ мерзімді ортадан төмен деңгейге дейін төмендеді. Маусым айымен салыстыр­ған­да дамушы елдердің қор индексі 12,6 па­йыз­ға өсті, ал бұл уақытта табыс дең­гей­лері жоғары елдердегі қор рыноктарының өсуі 10,7 пайызды құрады. Дегенмен, орын алған өзгерістерге экономиканың нақты секторы тарапынан болған реакция бір қалыпты деңгейде қалды. Дамушы елдер­дегі өндіріс көлемі өсті, бірақ бұған инвес­тициялар деңгейі мен экономикалары да­мы­ған елдердегі өнеркәсіптік белсен­ділік­тің төмендігі тежеушілік келтіруде. Болжамдар, міне, осылай дейді.
«Экономиканы U үлгісіндегі траекториямен қалпына келтіруге деген үміт W үлгісіндегі траекторияға деген үмітке ауыс­ты, ендігі жерде әлемдік өсімнің «алфа­виттік» болжамы барған сайын күрделене түсуде. Әзірге табыс деңгейлері жоғары елдер үкіметтері өздерінің фискалдық сая­сатының тұрақтылығын арттыруға талпынып жатқанда, олардың өздерінің фискал­дық және ақша-кредит саясаты сенімді және ішкі рынокта қалыптасқан жағдай­ларды ескеруі үшін дамушы елдер экономикасы дамыған елдердегі әрбір тербелісті алдын ала болжауға деген ниеттен бас тартуы тиіс», деп атап өтті Дүниежүзілік банктің аға вице-президенті және бас экономисі Каушик Басу.
Дүниежүзілік банктің бағалауына сәй­кес, әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсуі өткен жылдың маусым айындағы болжам бойынша 2,5 пайыз мөлшерінде болады делінгенімен, 2012 жылы 2,3 ғана пайызды құрады. 2013 жылы өсу қарқыны іс жүзінде өзгермейді, сөйтіп 2,4 пайызды құрайтын болады деп күтілуде, ал одан кейін біртіндеп ұлғайып, 2014 жылы 3,1 пайызға, ал 2015 жылы 3,3 пайызға жетеді. Есептеулер көрсетіп отырғандай, дамушы елдердегі ІЖӨ 2012 жылы 5,1 пайызға өсті және тиісінше 2013 жылы – 5,5, 2014 жылы – 5,7 және 2015 жылы 5,8 пайызға ар­туға тиіс. Табыс деңгейлері жоғары елдер­дегі өсімді бағалау осыған дейінгі болжамдармен салыстырғанда төмендеу жағына қарай қайта қаралды және ол 2012-2013 жылдары 1,3 пайызды құрап, одан кейін 2014 жылы 2 пайызға және 2015 жылы 2,3 пайызға ұлғаятын болады. Егер еуроаймақ елдеріндегі өсімге келер болсақ, ендігі жерде оң маңызға қарай өсімге оралу тек 2014 жылы ғана болады деп болжанып отыр. Ал 2013 жылы ІЖӨ 0,1 пайызға қыс­қарады деп күтілуде, одан кейін ол 2014 жылы 0,9 пайызға және 2015 жылы 1,4 пайызға артатын болады. Бүтіндей алған­да, 2012 жылы көлемі небәрі 3,5 пайызға ғана ұлғайған әлемдік тауарлар мен қыз­меттер саудасының өсу қарқыны 2013 жылы 6 пайызға және 2015 жылы 7 пайызға жетуі тиіс. Міне, өзіміз аңғарып отырған­дай, жоғарыда келтірілген сандар нақа бөрікті аспанға ата қуанатындай цифрлар емес, тек көңілге демеу боларлықтай ғана көрсеткіштер.
«Табыс деңгейлері жоғары елдер эко­номикаларының осалдығы дамушы елдер экономикаларының өсуіне тежеу жасауда. Дегенмен, бұл жағдайда ішкі сұраныс деңгейінің жоғарылығы мен «Оңтүстік-Оңтүстік» желісі бойынша экономикалық байланыстардың нығаюы дамушы елдер экономикаларының тұрақтылығына сенім­ді тірек қызметін атқарады, соның арқа­сында 2012 жылы (осымен екінші жыл қатарынан) дамушы елдердің үлесіне әлем­дік өсімнің жартысынан астамы тиіп отыр», дейді Дүниежүзілік банктің Эконо­микалық болжамдау департаментінің директоры Ханс Тиммер.
Еуроаймақтағы дағдарысты реттеуде алға басушылықтың болмауы, АҚШ-тағы борыштық және фискалдық проблемалар, Қытай экономикасына инвестициялардың күрт қысқару мүмкіндігі, сондай-ақ әлем­дік рынокқа мұнай жеткізудегі іркілістер жаһандық экономиканың дамуын баяулатуы мүмкін тәуекелдер қатарына жатады. Дегенмен, бірқатар болжамдарға қараған­да, осынау тәуекелдердің іске асу ықти­мал­дығы мен әлеуетті теріс ықпалдары азайды, ал табыс деңгейлері жоғары елдер экономикаларының тез қалпына келу мүмкіндігі күткендегіден көрі арта түсті.
Дамушы елдердің басым көпшілігінде фискалдық тұрақтылық проблемасының болмауы жағдайында бұл елдердегі мем­лекеттік бюджет тапшылығы мен мемле­кет­тік борыш 2007 жылға қарағанда ана­ғұрлым көп.
«Өз экономикасының, оның өсуін баяулататын тәуекелдердің теріс ықпалына тұрақтылығын арттыру үшін дамушы елдер жұқарған бюджеттік және валюталық резервтерін біртіндеп қалпына келтіріп, ха­лықты әлеуметтік қорғау жүйесін ны­ғай­тып және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруы тиіс», деп атап көрсетті Әлемдік макроэкономика мәселелері жөніндегі басқарушы және баяндаманың жетекші авторы Эндрю Бернс.
Белгілі болған бағалаулар бойынша, 2012 жылы Шығыс Азия және Тынық мұхиты өңірінде экономикалық өсім баяулап, 7,5 пайызды құрады. Ол 2011 жылы 8,3 пайыз болған еді. Мұның өзі сыртқы сұ­раныстың төмен деңгейіне және Қытай­­­да инфляцияны тежеуге бағытталып қолға алынған экономикалық шараларға байланысты орын алып отыр. Ішкі сұраныстың тұрақты болуына байланысты Қытайды ескермегенде өңірдегі төмендеу онша елеулі бола қойған жоқ. Жыл соңына қа­рай қаржы рыноктарын тұрақтандыру шараларына және Қытайдың экономикалық саясатты жұмсартуына байланысты бүкіл өңір аумағында экономикалық белсенділік арта түсті. Болжам көрсетіп отырғандай, өңірлік ІЖӨ-нің өсуі 2013 жылы 7,9 пайызға өсіп, 2015 жылға қарай шамамен 7,5 пайыз деңгейінде тұрақталатын болады. Бұл жағдайда Қытай экономикасының өсімі 2013 жылы 8,4 пайызды құрап, 2015 жылға қарай 7,9 пайызға дейін қысқа­ратын болады.
Болжамдарға сәйкес, Еуропа мен Орта­лық Азия өңірінде ІЖӨ-нің өсу қарқыны 2012 жылы 2011 жылғы 5,6 пайыздан 3 пайызға дейін күрт қысқарды. Оған негізі­нен өңірдің сыртқы сұраныс деңгейінің төмендігі, еуропалық банктер тарапынан борыштық қаржыландыруды қысқарту, өткен жаздағы құрғақшылық, сол сияқты шикізат бағалары туындатқан инфляция­лық қысым сияқты проблемалар себепкер болды. Әсіресе, еуроаймақпен тығыз эко­но­микалық байланыс орнатқан елдердегі өсім айтарлықтай дәрежеде көбірек баяулады. Оның есесіне табиғи байлықтары мол мемлекеттер шикізат бағасының өсуі­нен ұтысқа шығып, соның арқасында өсім айтарлықтай тұрақты күйінде қалды. Бол­жамдарға сәйкес 2013 жылы өңірлік ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны 3,6 пайызға, ал 2015 жылы 4,4 пайызға жетпек.
2012 жылы Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдері өңіріндегі ІЖӨ-нің өсуі 3 пайызға дейін қысқарды. Ол 2011 жылы 4,3 пайызды құраған болатын. Бұған бірқатар ірі елдердегі ішкі сұраныстың құлдырауы және сыртқы конъюнктура­да­ғы қолайсыздық себепкер болды. Өңірдегі ең ірі экономика – Бразилияда есепті өсу қарқыны 2012 жылы небәрі 0,9 пайызға ғана жетті. Осыған байланысты бірқатар ірі елдер қазірдің өзінде инфрақұрылым­дық инвестициялар көлемін ұлғайту шараларымен қатар, еңбек қатынастары және салық салу салаларында реформалар жүргізуде. Мұның өзі өңірдегі өсімді тежеп отырған кейбір құрылымдық проблемаларды шешуге жағдай жасауы тиіс.
Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңіріндегі өсім қарқынына бұрынғысынша саяси белгісіздік пен кейбір елдердегі ішкі толқулар кері әсер етуде. Бағалаулар бойынша өңірлік ІЖӨ 2012 жылы 3,8 пайызға өскен. Ол 2011 жылы 2,4 пайызға қысқар­ған болатын. Өсімге біраз уақыт соғыс өрті құрсауында болған Ливия мұнайын өндірудің қайта қалпына келтірілуі мен Ирак экономикасының одан әрі сенімді түрде өсуі түрткі болды. Сонымен бірге, осы өңірдегі мұнай импорттаушы елдер­дегі экономикалық өсім сылбыр күйінде қалуда. Бағалаулар бойынша, ол 2012 жылы 2,5 пайызды құрады. Болжам көрсетіп отырғандай, 2013 жылы өңірлік ІЖӨ-нің өсу қарқыны 3,4 пайызға дейін төмендеп, тек 2015 жылы ғана 4,3 пайызға ұлғаймақ. Мұндай болжамдар қазіргі орын алған белгісіздік азайып, ішкі толқулар тынышталады, соның арқасында туристер ағымы артып, өңірлік экспорт көлемі қайтадан ұлғаятын болады деген көзқарастарға арқа сүйеп отыр.
Оңтүстік Азия өңірінде ІЖӨ-нің есепті өсу қарқыны 2012 жылы 5,4 пайызға дейін құлдырады. Оған негізінен Үндістандағы экономикалық өсімнің күрт қысқаруы салқынын тигізді. Болжамдар бойынша үстіміздегі қаржы жылында ІЖӨ өсімі 5,4 пайызды құрайтын болады. Сыртқы әлем­дік сұраныстың төмендігі өңірге тән ерекше факторларға деген ықпалды бұры­н­ғыдан да бетер күшейте түскен, дейді осы мәселеге қатысты пікір білдірушілер. Олардың қатарында экономикалық саясат­тың беймәлімдігі, сонымен бірге, муссонды жаңбырлар маусымында жылдағыдай нөсер жауындардың болмауы сияқты факторлар бар.
Сахараның оңтүстігіндегі Африка елде­рінде 2012 жылы 4,6 пайыз мөлше­ріндегі сенімді өсім сақталды. Осы өңір­де­гі ең ірі экономика саналатын Оңтүстік Африканы қоспағанда өңірлік ІЖӨ көлемі 2012 жылы 5,8 пайызға артты. Сонымен бірге, өңірдегі елдердің 3,1-і кем дегенде 6 пайыз өсімді көрсетіп отыр. Мұндай өсімге ішкі сұра­ныстың тұрақты болуы, шикізатқа жоғары бағалардың сақталуы және экспорт көле­мінің артуы мен еңбек мигранттарынан ақшалай аударымдар ағынының тұрақты болуы жағдай жасады. Болжамдарға сәй­кес 2013-2015 жылдары аталған өңірде өсім 5 пайыз шамасына тең дағдарысқа дейінгі орта жағдайда сақталатын болады.
Өткен жылдың кейбір қорытындылары мен алдағы жылдарға қатысты Дүние­жү­зілік банк жариялаған баяндамада келті­ріл­ген мәліметтер негізінен алғанда, міне, осындай. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, жағдай жақсарып келеді деуге әлі ертерек. Ал, алдағының қалай боларын, әрине, уақыт көрсетеді.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан».