Зайсан газы ауданның 24 елді мекенінің игілігіне жаратылмақ
Сәрсенбі, 23 қаңтар 2013 7:16
Осыдан бірнеше жыл бұрын қойнауы малға, қазынасы мұнай мен газға толы Зайсан өңіріндегі табиғат байлығын кәдеге жарату қолға алынған болатын. Зайсанның газын ауданның 24 елді мекендері тұтынып қана қоймай, келешекте көрші Тарбағатай ауданының және Қытайдың елді мекендері де тұтынбақ.
Сәрсенбі, 23 қаңтар 2013 7:16
Осыдан бірнеше жыл бұрын қойнауы малға, қазынасы мұнай мен газға толы Зайсан өңіріндегі табиғат байлығын кәдеге жарату қолға алынған болатын. Зайсанның газын ауданның 24 елді мекендері тұтынып қана қоймай, келешекте көрші Тарбағатай ауданының және Қытайдың елді мекендері де тұтынбақ.
– Газ қоры алдын-ала зерттеулер бойынша ұзақ жылдарға жетпек. Ал Зайсанның мұнайын тіпті Кеңес Одағы кезінде башқұрттар игермекші болып, қара алтынның қоры мол екеніне көз жеткізген. Алайда, соңынан нарық келіп килігіп, ол жүзеге аспай қалған. Қазір мұнайды зерттеп жатыр. Ал газдың сапасы жақсы, аманшылық болса, оны игеруге Қытай жағы 210 миллион АҚШ долларын салмақ. Ал Б.Еламанов басқаратын «Тарбағатай Мұнай» ЖШС мұнайды игере бастамақ. Қазіргі болжам бойынша Зайсанда 5 миллиард 200 миллион текше метр газ қоры анықталып отыр. Жақында Үкімет басшысы Серік Ахметов іссапармен Кенді Алтайға келген кезде өңір басшысы Б.Сапарбаев «Өскемен-Зырян-Майқапшағай» темір жолын салуға көмек көрсету жөнінде ұсынысын жеткізді. Егер бұл жоба іске аса қалса Қытай арқылы Азия барысы елдеріне Қазақстанның өз өнімдерін жөнелтуге мүмкіндік туар еді, – дейді Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдин.
Сонымен Зайсан газын пайдалану басталып та кетті. Өткен сәрсенбіде «Тарбағатай-Мұнай» компаниясының мәжіліс залында Зайсан өңірінде шоғырланған табиғи газ қорын пайдаға жарату мақсатында үлкен жиын өтті. Оны облыс әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев өткізді.
Алқалы жиында Мұнай және газ министрлігі газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры С.Брекешов, «ҚазТрансГаз» АҚ-тың тәуелсіз директоры, «КАТЕК» ЖШС директоры, жергілікті жердегі мұнайды өндіретін фирма басшылары, Зайсан ауданының әкімі сөз алып, газды пайдалануды жеделдету жөнінде пікірлерін ортаға салды. Мұның алдында Қазақстан мен Қытай шекарасында газ құбырын түйістіру жүзеге асқан болатын. Ендігі мәселе газды өндіру. Сонымен бірге аудан орталығы мен 24 елді мекенге газ құбырын тартуды жеделдету қажеттігі де қозғалды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы.