Қоғам • 11 Шілде, 2019

«Көрермен көзбояушылықты кешірмейді»

469 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан алыс-жақыннан алқалы жиындарға ағылған мәртебелі меймандардан босамайтын болғалы қашан. Бірде әлемдік саясат серкелері салиқалы мәжіліс құрса, бірде әдебиет, мәдениеттің әйгілі қайраткерлері алқалаған әлеуметпен кездесу кештерін өткізіп жатады. Әйтеуір Есіл жұрттағы елорданың тынымсыз тыныс-тіршілігі толғауы тоқсан оқиғаларға толы.

«Көрермен көзбояушылықты кешірмейді»

Биылғы шаһар тойына шартараптан жыпырлап «жұлдыздар» жиналмаса да, көпшіліктің көңілін көншітер көрнекті шаһарлардан кенде болған жоқ. Соның бір дәлелі ретінде Мәскеудің «Сов­ре­мен­ник» театры қазақтың кіндік қаласына арнайы ат басын бұр­ғанын айтқанымыз жөн секілді.

Бұл өзі Ресейдің мәдениетіне мәйекті олжа салып жүрген өнер ұжымы. Тағылымды тарихы Хру­щев­тің жылымық кезеңінен басталады. Сол уақытта қалыптасқан солақай қағидалардың соқтасын шығармаса да, сыздаған жараның аузын тырнап ашуға жараған жаңашыл театрдың қабырғасын қалаған – Олег Ефремов, Галина Волчек, Игорь Кваша, Лилия Тол­ма­чева, Евгений Евстигнеев, Олег Табаков, Виктор Сергачев сияқты жалын жігерлі жас актерлер еді. Онда бұлар МХАТ жанындағы сту­дияда оқитын. Олардың бәрі де кейін есімдері елге белгілі ерек тұлғаларға айналды. Кейбір кедер­гілерге қарамастан өршіл өрен­дер өздерінің мақсаттарына жетті. Өртеңге шыққан өлең шөп­тей «Современник» тез өсті. Әсіресе Олег Ефремов басқарған тұста оның сахнасында советтік өмір салтына қиғаштау келетін қиям­пұрыс спектакльдер қойылды. Дау-дамайлы драмалардың айғай-шуы кейде Орталық комитетке дейін естілетін кездер болған. Ескі көз­дер­ден естуімізше, бұлардың бағы­на қарай КСРО-ның мәдениет ми­нистрі Екатерина Фурцева Еф­ремов бастаған «есерлердің» еркелігін көтере білген көрінеді.

Ал театрдың кейінгі қырық жыл­дағы атақ-даңқы сексеннің бесеуі­не келсе де әлі тұғырынан тайма­ған тарланбоз Галина Вол­чек­­тің абырой-беделімен тік­елей байланысты. Жасының ұлғай­ғанына қарамай ұжымның шығар­ма­шылық тізгінін берік ұстап отырған ұлағатты ұстаз сахна саң­лақ­тарының бірнеше буынын тәр­бие­леді. Солардың «сортына» кіре­тін Ресейдің халық әртістері Сергей Гармаш пен Марина Неё­лова бастаған мәскеулік майталман­дар елордалықтар назарына екі спектакль ұсынды. Біріншісі – дүние жүзіне танымал талантты режиссер Римас Туминас қойған орыс классикасының озық үлгісі – А.Грибоедовтың «Ақылдың азабы» комедиясы да, екінші­сі – театр­дың көркемдік жетек­шісі Галина Волчек сахналаған А.Чеховтың «Шие бағы».

Гастроль мәнісі туралы журналистерге түсінік берілген баспасөз мәслихатына қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мухамбеталина ерекше ажарлы ел астанасының еріксіз арбар тартылыс күші арқасында талай мықтылардың осынау қонақжай мегаполиске табандары тигенін тілге тиек етіп, «Современник» сүлейлерінің сонау жақтан келіп мереке көрігін қыздыруы мерейімізді әжептәуір өсіріп тастағанын алға тартты.

Мемлекетаралық мәдени байла­ныс­тардың мейлінше өркендеуіне өзіндік үлес қосқан «Театральная Россия» жобасының жетекшісі Эльмира Щербакова әңгімені әріден толғап, «Современниктің» Қазақстанға бұған дейін де бірнеше рет сәтімен сапарлағанынан хабардар етті. Қазақстандықтардың өз­дерін қашанда жылы шыраймен­ қабылдайтындығына ризашы­лығын жеткізді. Сөзінің соңында ол аталмыш театрдың осында келуіне Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің көп еңбек сіңіргенін атап өтті. Продюсер ханымның пікірінше, отандастарына тамаша тарту әзірлеген айтулы азаматқа рах­метімізді жаудырғанымыз артық­тық етпейтін тәрізді.

«Әдетте басқа жерге барғанда театр қойылатын туындыларға қажет декорацияны, басқа да дүниелерді толық апара алмауы әбден мүмкін ғой. Сіздерде ондай қиындықтар жоқ па?» деген бір әріптесіміздің сұрағына «Современник» театрының директоры Игорь Попов қысқа әрі нұсқа жауап қайтарды. «Бас­қа­ларды білмейміз. Біз не нәр­сені де тек жақсы жасауға тырыса­мыз. Өйткені көрермен көзбояу­шы­лықты кешірмейді. Үйде де, түзде де бірдей «ойнаймыз». Бұлжы­мас дәстүрлерімізді бұзбаймыз». Спек­такльдерімізді толыққанды көр­сетуге керектінің бәрін әкелдік».

Баспасөз конференциясының басты кейіпкері болған Сергей Гармаштың төбесі көрінгеннен-ақ ақпарат құралдарының өкілдері әйгілі әртісті төңіректеді. Жүз елуге жуық киноға түсіп көрермен көзайымына айналған сабазың оған саса қоймады. Атасы бас­қа демесең, Алпамыс батырды сом­дауға лайық алпамсадай денесі, көркем фильмдерден құлаққа таныс гүжілдеген дауысы, аңқылдаған ашық мінезі, бәрі-бәрі өзіне жарасып-ақ тұрғандай. Ақжарқын актерге біз де бір сұрақ қойып көрдік.

– Біз «Современникті» де, сіз Фамусовтың бейнесін жасаған «Ақылдың азабын» сахналаған литвалық режиссер, Мәскеудегі Е.Вахтангов атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Римас Туми­насты да қатты құрметтейміз. Өйткені «Современник» жетпі­сін­ші жылдары Шыңғыс Айт­матов­тың қазақ драматургі Қалтай Мұхамеджановпен бірігіп жазған «Фудзияма басына шығу» атты пьесасын қойған болатын. Ал Римас Владимировичтің дарынды шәкірттерінің бірі Гүлназ Бал­пейісова қазақтың қызы екенін мақтан тұтамыз. Өкінішке қарай, кей­бір мәскеуліктер қазақ пен қыр­ғызды жиі шатастырады. Бұған ептеп ренжитініміз рас. Алай­да, Айтматовқа байланысты шатас­тырғанда жымың ете қаламыз.

Осы араға келгенімізде Гармаш гүж ете қалды.

– Айтматов – қырғыз, бірақ қазақтар жайында жазады!

– Рахмет! Жөн білетін адамның сөзі осылай болса керек. Артықтау кет­сек айыпқа бұйырмассыз. Кіріс­­пем көбейіп кетті білем. Әйт­­песе сұ­райын дегенім мынау еді. Гри­бое­­довтың «Ақылдың аза­бы» көп­­теген театрдың репертуары­нан орын алған. Сіздердің қо­йы­лым­­дары­­ңыз солардан несі­мен ерекшеленеді?

– Оны спектакльді көрген соң өзіңіз де байқайсыз. Өзгелерден өнеріміздің артықшылығы неде екенін негіздеу меніңше ыңғай­сыз­дау сияқты. Ең басты ерекшелігі – мұны Римас Туминас­тың қайта­ланбас қолтаңбасында. Ол Пуш­киннің «Евгений Онегинін» де орыс театрларындағының еш­қай­сысына ұқсамайтындай етіп шы­ғарды. Сұмдық спектакль! Мек­тебі бөлектеу Туминас пен орыс дәстүрлерін берік ұста­натын біздің театр өзара үндестік тауып үйлеске кеткенін көресіз бұл қойылымнан.

Сонымен қойшы, «Современ­ник» әкелген екі спектакль де елордалық ағайынның айызын қандырды. Классиканың қадыр-қасиеті оның қашанда актуаль­дылығын жоғалтпайтындығында болса керек. Себебі «Ақылдың аза­бы» мен «Шие бағы» он то­ғы­­зын­­шы ғасырда жазылса да, он­дағы проблемалардың күн тәр­тібі­нен түсетін түрі байқал­майды. Әсі­ре­се қоғамдық құры­лыс­тағы кем­ші­ліктер, адам бойын­да­ғы жа­ғымсыз мінездер бүгінде тіпті кө­бе­йіп кеткендей. Шы­ғар­ма­дағы шұ­райлы фразалар («И дым Оте­чества так сладок и прия­тен!», «Служить бы рад, при­­слу­­живаться тошно», «...Слу­жит делу, а не лицам...») да ай­­тыл­­­ға­нына екі ғасырға жуықтаса да мән-мағынасын жоймағаны таңдай қақтырады.