Мәселен, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян өз хатында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мемлекеттің халықаралық беделін нығайтуға қосқан үлесіне айрықша назар аударған.
«Елдеріміздің арасындағы дәстүрлі өзара құрмет пен халықтар достығы алдағы уақытта да армян-қазақ қарым-қатынасының екіжақты форматта да, халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер аясында да одан әрі тереңдей түсуіне ықпал ететініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.
Хорватия Республикасының экс-президенті Степан Месич өз құттықтауында Қазақстанның жетістіктері Тұңғыш Президенттің атымен байланысты екеніне тоқталған.
«Сіз әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға орасан зор үлес қосқан халықаралық беделді саясаткерсіз. Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және бақ-береке тілеймін», – деп жазады С.Месич.
Елбасы атына ізгі ниеті мен жылы сөздерін жолдаған құттықтау Татарстан Республикасының Тұңғыш Президенті Минтимер Шаймиевтен де келді.
«Сіздің Қазақстан секілді әлем мойындаған мемлекет құрған тарихи миссияңыз біздің бауырлас мемлекеттеріміздің әлеуетті мүмкіндіктерінің көрнекті мысалы. Сіз негізін қалаған сенімділік, ерік-жігер мен ақыл-парасат Қазақстан халқының табысты дамуының кепілі болмақ. Сізге барлық істе бақ-береке мен зор денсаулық жолдас болсын!» – делінген жеделхатта.