Қамкөңілдерді қолдау жалғасады
Сенбі, 26 қаңтар 2013 7:32
Қоғамдағы адамдардың барлығы бірдей емес. Олардың арасында еңбек етуге, өзін өзі қажетті жағдаймен қамтамасыз етуге жарамды азаматтармен қатар, кемтар, мүмкіндігі шектеулі адамдар да бар. Өркениетті елдерде кемтар адамдардың, мүгедек жандардың өзін өзгелерден кем тұтпай, пайдалы еңбекпен айналысуына жағдай туғызылады. Мұндай үлгілі үрдіс біздің елімізде де қалыптасып келеді. Соңғы жылдары мүгедек жандар да өз күші жететін кәсіппен айналысуға ынталы бола түсуде. Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге өз ісін ұйымдастырып, оны дамыту оңайға соқпайтындығы жасырын да емес. Осыны ескерген «Даму» қоры мүгедек кәсіпкерлерге ақысыз және қайтарымсыз негізде көмек көрсетуге бағытталған «Даму-Көмек» бағдарламасын әзірлеген болатын.
Сенбі, 26 қаңтар 2013 7:32
Қоғамдағы адамдардың барлығы бірдей емес. Олардың арасында еңбек етуге, өзін өзі қажетті жағдаймен қамтамасыз етуге жарамды азаматтармен қатар, кемтар, мүмкіндігі шектеулі адамдар да бар. Өркениетті елдерде кемтар адамдардың, мүгедек жандардың өзін өзгелерден кем тұтпай, пайдалы еңбекпен айналысуына жағдай туғызылады. Мұндай үлгілі үрдіс біздің елімізде де қалыптасып келеді. Соңғы жылдары мүгедек жандар да өз күші жететін кәсіппен айналысуға ынталы бола түсуде. Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге өз ісін ұйымдастырып, оны дамыту оңайға соқпайтындығы жасырын да емес. Осыны ескерген «Даму» қоры мүгедек кәсіпкерлерге ақысыз және қайтарымсыз негізде көмек көрсетуге бағытталған «Даму-Көмек» бағдарламасын әзірлеген болатын. Бұл бағдарлама іске асырыла бастаған уақыттан бері «Даму» қорының Ақтөбе облыстық аймақтық филиалына жұмыс жасап тұрған және ісін жаңа бастаған 60 мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер көмек алуға өтініш білдірген, оның ішінде, 26 адам өз ісін ашу және дамыту үшін қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар түріндегі көмекке ие болған.
Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің мәселелері тек тұрмыстық сипаттағы қиындықтар және қозғалыс шектеулігімен байланысты ғана емес, сонымен қатар, екінші деңгейлі банктердің несиелері бүгінгі таңда олар үшін қолжетімсіз болып отырғаны рас. «Даму-Көмек» бағдарламасы осындай кәсіпкерлерге олардың мәселелері мен оларға қажетті ресурстар туралы ақпараттандыру деңгейін арттыру жолымен қолдау көрсетуге бағытталған. Бағдарлама шеңберінде мүгедек кәсіпкерлерге демеушілер қаражаты есебінен қаржылық-материалдық көмек көрсетіледі және оларға бизнесті тиімді жүргізу бойынша кеңестер беріліп, оқыту курстары ұйымдастырылуда. Мұның өзі мүмкіндігі шектеулі адамдарды материалдық ырыс-береке және кәсіби өсудің негізі болып табылатын кәсіпкерлік қызметті жүргізуге ынталандыруға алғышарт жасауда.
«Даму-Көмек» бағдарламасы бойынша өткен жылғы соңғы демеушілік көмек Ақтөбе қаласының тұрғыны, 3-ші топтағы мүгедек Намазбай Шабақовқа көрсетілді. Оған аяқ киім жөндеу шеберханасына қажетті құрал-саймандар мен қажетті материалдар сыйға берілді. Намазбай Шабақовқа қолұшын созып, демеушілік көрсеткен Ақтөбе қаласының жеке кәсіпкерлері Ермекбай Мұстафинге және Қайрат Әбдікәрімовке «Даму» қорының арнайы алғыс хаттары табыс етілді.
Жалпы, осы уақытқа дейін «Даму-Көмек» бағдарламасы бойынша мүгедек кәсіпкерлерге Ақтөбе облысының 17 кәсіпорындары мен кәсіпкерлері көмек көрсетті. Олардың арасында «Керамика» АҚ, «Ақтөбе металл құрастыру зауыты», «Казтеплоэнергомонтаж», «Бур-Най», «Милысай», «Килико Тун», «Ақпан» , «Алекс-Компани», «Али Жас и К», «Бизнес Навигатор LTD», «Транс-Торг-РТИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен жеке кәсіпкерлер Ерлан Ниязов, Назгүл Қазиева, Жалғас Қашқымбаев, Қуаныш Түменов, Ермекбай Мұстафин, Қайрат Әбдікәрімов бар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелеріне бей-жай қарамай, оларға демеушілік көмек көрсеткен қолы ашық, қайырымды жандардың бұл өнегесі өзгелерге үлгі боларлық іс екені сөзсіз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.