Қоғам • 11 Шілде, 2019

«Халқына қызмет ету – білімнен емес, мінезден»

1838 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жақсы адам – елінің серкесіндей, Халқының қалың жүнді көрпесіндей... Жақсыға үлкен-кіші бәрі жақсы, Жасынан бірге өскен еркесіндей...

«Халқына қызмет ету –  білімнен емес, мінезден»

Жыр алыбы Сүйінбай бабамыздың әмбеге аян осы төрт шумағы ойға оралған сайын кез келген қазақ баласының көз алды­на өзі білетін жақсы азамат, жақсы аға, жайсаң мінез ерлердің бейнесі келетін бо­лар. Ақын бабамыз дала қазағының жақ­сы­лық жайлы бар пайымын төрт ауыз сөз­бен түйіндей салған. Қарапайым халық тілі­мен өрілген өлеңнің әсері қандай десе­ңіз­ші...Оқыған адам ойша өзінің ауыл ай­ма­ғы­нан,төңірегінен, қоғамдағы ортасынан өлеңдегі бейнеге сай тұлғаларды іздей жөнеледі.         

Қауым болып өмір сүрген соң жаманды көресің де, жақсының парқына барасың. Бала күнімізде әке-шешелеріміздің кейбір іні-бауырларына «айналайын, жақсының тұяғы ғой» деп сүйсініп отырғанын талай еститінбіз.

Сонда жақсы қайсы, жаман қайсы, анық ажыратып білмесек те, өзімізше бала қиялмен бұл кісінің аталары ертегі қаһармандарындай алып адамдар болған ғой деп ой түйетін едік. Өсе келе ұқтық мәнісін. Жақсы адам болмақтың өзі нағыз алыптық екен. Енді міне өзім де жігіт ағасы жасына жетіп, өмірімнің бүгінгі биігінен көз тастасам, бала қиялымыздағы сол алыптар қазір ортамызда жүрген жақсы ағаларымыз екен.

Өйткені ес білгелі жақсы атын ғана естіп, ұшырасқанда жақсылығын көр­ген аға­ларымыз бар. Мен үшін сондай алып тұлғалы ағалардың бірі де біре­гейі – Шәріпбек Жамалбекұлы. Әкесі – Жамал­бек атамыздың да өмір жолы ерлікке толы бір тарих. Ұлы Отан соғысының қан майданында жүріп бір аяқ, бір қолынан айырылған қазақ жігіті елге оралуға намыстанып, госпитальдан шығып келе жатқан жолда Ресейдің бір қаласында қалып қояды. Әпкесі артынан іздеп жүріп тауып, ауылға алып келеді. Енді қалай өмір сүремін деп жүрген сол кездегі Жа­мал­бектен жеті ұл, екі қыз өмірге келеді. Олардан бүгінде 45 немере, 102 шөбере, 8 шөпшек өрбіген Жамал­беков­тер деген үлкен әулет пайда болды. Өзі қайсарлықпен өмір сүрген, сол кездегі Шымкент облысы, Алғабас ауданында бірнеше шаруашылықтар мен ауыл кеңес­терін басқарған. Жамалбек атаның үйі бүкіл аудан, облыс басшылары түсетін киелі шаңыраққа айналады. Сол киелі шаңырақта 40-шы жылдардың соңында Шәріпбек аға өмірге келді.

Бүкіл елде соғыстың жалыны шарпы­ма­ған шаңырақ кемде-кем еді. Соғыс­тан кейінгі таршылық. Ол кездің баласы то­йып тамақ ішіп, қанып ойын ойна­ма­ғаны айдан анық. Әйтеуір қазақы ағайын­гершілік пен жоқшылық кезге тән жо­март­тықтың арқасында өсіп жетілді ол ұрпақ. Көштен озбады, көптен қалмады дейтіндей қоңырқай бір тірлік. Шәріпбек Жамалбекұлының да балалық шағы, жастық дәурені сол бір қиын-қыстау кезеңге дөп келді. Ел қатарлы жетті, білім алды. Жасынан ел өміріне етене аралас­ты. Алған білімі мен алғыр мінезінің арқа­сында орда бұзар отызға жетпей-ақ аудан­дық, облыстық деңгейде коопера­ция саласында жауапты қызметтерді атқар­ды. Сол кездегі кеңестік жүйеде коопера­ция экономика мен сауда-саттықтың күре та­мы­рындай болғаны аян. Ол кезде бү­кіл өндіріс кооперацияның төңірегіне шоғыр­ланатын. Елден өнім жинайтын да, шикізатты алып келіп қайта өңдеуден өткі­зетін де, оны халыққа жеткізетін де сол тұ­тыну­шылар кооперациясы болатын. Қазір­гі ауыл шаруашылығына жетпей жатқан дайын өнімді тұтынушыға жеткізу жүйесі сол кезде дамыған болатын. Тұтынушылар кооперациясын басқаратын адам әмбебап маман болуы керек-тұғын. Өнді­ріс­тен де, ауыл шаруашылығынан да, сау­да-саттықтан да хабары болмаса, ол сала­ның басшысы болу мүмкін емес тұғын. Шәріп­бек Жамалбекұлы дәл сондай сайып­қы­ран­дығының арқасында сол салада табаны күректей 30 жыл басшылық қызмет жасады.

Одақ ыдырап, Одақпен бірге кооперация да ыдырап жатқан уақытта облыстағы күретамырлы мекемелерді таратпай, қан­­ша­ма адамның жұмыс орнын сақтап қалды.

Қазір заман өзгерді, жүйе жаңарды. Кейінгі ұрпаққа келмеске кеткен кеңестік жүйенің сипатын сөзбен түсіндіріп жеткізу қиын. Тіпті мүмкін емес десе болады. Жаңа дәуірдің перзенттері жетістікке жетудің жаңаша критерилерін белгілеп алған сыңайлы. Қазіргінің қаһармандары да басқа. Білгір, алғыр, жан-жақты, әлем­нің алдыңғы қатарлы университетін тәмам­­дап, шет тілдерін еркін меңгерген топ менед­жерлердің дәуірі туды бұл күнде. Күрмеуі қиын күрделі салалардың білік­ті мамандардың қолында болғаны жақ­сы ғой әрине. Бір өкінерлігі, сол топ менед­жер­лердің кейбірінің өз өзіне мил­лион­дап айлық тағайындап алып, мем­лекет­тің мүлкін әкесінен қалған дүниедей шашатынын көзбен көріп, құлақпен естіп те жүрміз. Ал енді кеңестік кезде бү­тін­дей бір ауданның, облыстың коо­пе­ра­ция ша­руа­­шылығын ұршықша иір­ген Шәріп­бек Жамалбекұлы сияқты ағалары­мыз­дың қазіргі топ менеджерлерден қай жері кем?.. Иә, Шәкеңдер сол дәуірдің көшін өр­ге сүйреген нағыз топ менеджерлер еді. Бәл­кім қазіргідей әлемді аралап, тіл мең­ге­ріп, технология танымаған болар. Оған жү­йе мұрсат бермеді. Бірақ Шәріпбек аға­мыз іс­керліктің әліппесін дала дейтін дана­гөй­ден үйренген. Ел іші, ағайынның арасы оның ең алғашқы менед­жерлік мектебі болған.

Қандай қызметте жүрсе де, халықтан, қара­пайым тұтынушыдан арасы алшақ­таған емес. Елдің мүлкін шашқан жоқ, талан-таражға салған жоқ, халыққа, ұжымға пайдалы тірлік жасады.

Жалпы, осы Шәкеңдердің буыны өте еңбекқор, тегеурінді, қуатты буын болды. Жетпісінші жылдары елдегі ғылым мен өндірістің дамуы, қоғам өмірінің әр саласындағы өрлеу сол азаматтарды жас­тайынан сынға салып, шыңдады, шы­нық­тырды. Тарихымызды қанша сынаға­ны­мызбен өткен жүз жылдықтың 60-70 жылдарындағы жас буынның бойындағы интузиазм мен ерекше еңбекқорлықты жоққа шығара алмаспыз. Абай атамыздың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап», дейтін ақлиқаты сол дәуірдегі талабы бар жас буынның бас­ты ұранына, негізгі өмірлік қағидасына айналған сыңайлы.

«Еңбекқорлық – жомарттықтың екінші аты» деседі шығыс ғұламалары. Ежелде Атымтай жомарттан «Өміріңізде өзіңізден асып түскен жомарт адамды кездестірдіңіз бе?» деп сұраған екен бір диуана. Сонда Атымдай жомарт: «Атымтай жомарт атымды тағы бір мәрте әйгілейін деп бір қаланың халқын бір ай бойы ішкізіп, жегізіп, ашын тойдырып, жалаңашын киіндіріп, шүлен бердім. Қаланың бүкіл халқы бір ай бойы тегін берген асымды ішіп, Атымтай жомарт деген атыма қанықты. Бірақ сол бір айда сыпырғы түюді кәсіп еткен бір диуана менің жайған мол дастарқанымнан бірде-бір рет келіп дәм татпады. Көшімді түзеп, қаладан кеткелі жатқанда әлгі диуананы алдырып, «Мен әйгілі Атымтай жомартпын. Бір ай осы шаһардың халқына ас бердім. Жалғыз сен келмедің. Не қылған адамсың?» дегенімде, әлгі адам: «Бір түйір нанын ақ, адал еңбегімен тауып жеген адамға ешбір жомарттың сый-сия­паты керек емес», деп жауап берді. Өмірімде жомарттығымен менен асып түс­кен сол сыпырғы түюші диуана ғана», деген екен. Расында, шын жомарттық бергенмен өлшенбесе керек. Кісі ақысын жемей, ақ сөйлеп, адал жүру де мәрттіктің мың белгісінің бірі. Бұл қасиет еңбегімен еліне жаққан ерлердің бойынан ғана табылады.

Шәкең қазіргі заманның да кәсібін ерен меңгерген үлкен кәсіпкер. Жәй ғана алып-сатумен айналысатын кәсіпкер емес, өнім өндіретін, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін өндірісі бар кәсіпкер. Қаншама азаматқа жұмыс орнын ашып, нәпақасын тауып беріп отырған кәсіпкер, көптеген мәдениет, спорт майталмандарын жарыққа шығарған меценат, облыстың Азаматтық альянсын, Nur Otan партия­сы облыстық филиалын басқарған қоғам қайраткері, Түркі­стан облыстық мәслихатының депутаты, облыс­тың, Бәйдібек, Мақтаарал аудан­дары­ның Құрметті азаматы.

Шәріпбек аға жанына жаққан адамына жалғыз атын мінгізе салатын жайсаң жан. Қонақжайлылығы мен көпшілдігі де елге аңыз боп тараған. Қайда жүрсе де жақсы мен жайсаңдардың басын қосып, бүтінді бағалап, үзілгенді жалғай білетін дала дипломаты дерсің.

Қызмет бабымен тоқайласқан ел азамат­тары да ағаның осы бір қасиетін ерекше атап жүреді. Шәкеңнің өзінен кішіге деген ізеті ерекше.

Сұхбаттас бола қалсаң, сыпайылық пен сыйластықтың сабағын алғандай күй кеше­сің. Бұл ешбір кітап, дүниенің ешбір әйгілі уни­верситеті бере алмайтын ерекше тәлім.

 Қазіргі таңда Шәріпбек Жамалбекұлы жет­пістің биігіне жетіп, ұрпақ тәрбиелеп, не­мере, шөбере сүйген ардақты әке, асқа­ралы ата. «Адам ұрпағымен, ағаш жапы­ра­ғымен» деген еліміз Шәкеңдей ардақ­ты­ларды жапырағы жайқалған, тамыры терең, еңсесі биік, алып бәйтерекке теңе­ген. Әманда ағамыздың ізін жалғап, ісінен үлгі алған үрім-бұтақтары дәл өзіндей мәуелі бәйтеректің саясында жайқалып өсіп, жарқын ғұмыр кешсін.

 

Әли БЕКТАЕВ,

Парламент Сенатының депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы