Аймақтар • 11 Шілде, 2019

«Туған елге саяхат» жасады

1230 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тоғыз ай оқуын тәмамдап, тоқсан күн демалысқа шыққан кез келген баланың санасында жазғы демалысты қалай, қайда өткіземін деген сауал сарнап жататыны белгілі. Үш айлық үзіліске үлкен дайындықпен кірісіп, ауылдағылар қалаға, қаладағылар ауылға ағылатын мезгіл де осы. Мамыражай мамырдан, тамылжыған тамызға дейінгі аралықта ел балаларының еркін тынығуына түрлі жағдайлар жасалып қойылған. Соның бірі өткен жылдан бастау алған – «Туған елге саяхат» лагері.

«Туған елге саяхат» жасады

Осы жолғы сапардың өзіндік ерек­шелігі бар, себебі бұған Қырғызстан, Ресей және Беларусь сияқты елдерден келген қазақ диаспорасы өкілдерінің балалары қатысты. 9 күннің ішінде балалар 5 ірі қаланы аралап, әр қаланың тарихын тереңірек танып, жан-жақтан келген құрбыларымен танысқан. Сондай-ақ қалалар арасындағы сапар барысында түрлі үйірмелер мен шеберлік-сыныптарға қатысып, уақыттарын қызықты өткізді.

«Мен сіздерді екінші маусымның жабылу салтанатында көргеніме қуаныш­ты­мын. Әрі әлеуметтік желідегі әртүрлі пікір­­леріңізден жазғы лагерьдің жоғары деңгейде өткенін, сонымен қатар сіздерге ұнағанын байқадым. Саяхатқа толы сапар жандарыңызда жатталып қалатыны­на, уақыт өте келе қызыққа толы есте­лік­ке айналатынына сенімдімін. «Туған елге саяхат» лагері ел тарихын тануға жасалған сапарлардың бас­тауы болып, келешек өмірлеріңіз жарқын сәттермен өрілсін», деді «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қор директоры Ербол Ермұханұлы.

Естеріңізге сала кетсек, 1 маусым Ха­­лық­­аралық балаларды қорғау күні «Ту­­ған елге саяхат» балалар туристік пойы­­зы» жобасының алғашқы маусымы бас­­тал­­ған болатын. Жобаны «Самұрық-Қазы­на» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жо­балар­ды дамыту қоры жүзеге асырып жа­тыр және балалар­дың жан-жақты дамуына, қор­шаған әлем­ге қызығушылығын арт­тыруға, елдің тари­хи және сәулет ескерт­кіш­терімен таны­сып, патриотизмді нығайту­ға бағытталған. Пойыз бағдарына Нұр-Сұл­тан, Байқоңыр, Тараз, Алматы және Бал­қаш сияқты қала­лар кіреді. Жалпы, 2019 жылғы маусым жобасына 600 бала қатысты.

Аталған лагерьдің тынығушысы, Қызыл­­орда облысы, Шиелі ауданының оқу­­шысы Пернебай Ақниет ағынан жарылып, еліміздің тарихи һәм табиғи елді ме­кен­дерімен етене танысқанын жасырмады.

«Туған елге саяхат» лагері бізді Қазақ­станның ең мәдени өңірлерімен, атап айтқанда бас қаламыз, жас қаламыз Нұр-Сұлтанмен, қарт қаламыз Алматымен, көне қала Таразбен, ғарыш қаласы Бай­қоңырмен таныстырды. Маған ең қатты ұнаған қала Нұр-Сұлтан және Тараз. Нұр-Сұлтан қаласында біз Назарбаев Университетінде болдық. Бұл университетте көптеген ұлт өкілдері бір-бірімен жары­са ізденіп, біліммен сусындауда. Менде болашақта елге қызмет ете­тін азамат болу үшін дәл осы Назар­баев Университетіне түскім келеді. Ал Тараз қаласында құдыреті мен қасиеті тасыған Айша бибі, Қарахан және Бабаджа Хатун кесенелерінде болып, ежелгі дәуір мәдениетімен таныстық. Осын­дай ежелгі дәуір ескерткіштерімен қатар, осы заман мәдениетін бір-бірімен үндес­тіріп, тоғыс­тыратын жобалар көп болса, елі­міздің де тұғыры биік, ал жас патриот­тары­мыз­дың шығар шыңы аспанмен таласқан тау­лар­дың ең биік шыңы болмақ», деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, лагерь маусым, шілде, тамыз айларын қамтиды. Оған көп балалы, аз қамтылған және толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан, өндірістік кәсіпорындар мен зауыт жұмысшыларының оқу үлгерімі жақсы балалар, «Отандастар қоры» КЕАҚ-мен серіктестік негізінде шет мемлекеттерден келген қазақ диаспорасының өкілдері және шығармашылық байқау қорытындысы бойынша анықталған жеңімпаз балалар кіреді.

 Рауан ҚАЙДАР,
«Egemen Qazaqstan»