Натрий гипохлориді
Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:37
Атырауда шығарылатын бұл өнім не үшін қажет?
Қазақтың жерінде табиғи байлық өте көп. Соның бірі – Индер ауданындағы тұз. Алыстан қарағанда о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтіндей алып көлді елестетеді. Мұны аудан жұртшылығы «тұзды көл» деп те атайды. Осынау тұзды көлді игеру, одан сапалы тұз өнімдерін дайындауды 2003 жылдан бері «Тұз» серіктестігі қолға алды.
Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:37
Атырауда шығарылатын бұл өнім не үшін қажет?
Қазақтың жерінде табиғи байлық өте көп. Соның бірі – Индер ауданындағы тұз. Алыстан қарағанда о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтіндей алып көлді елестетеді. Мұны аудан жұртшылығы «тұзды көл» деп те атайды. Осынау тұзды көлді игеру, одан сапалы тұз өнімдерін дайындауды 2003 жылдан бері «Тұз» серіктестігі қолға алды. Серіктестік директоры Әбиірбек Тоқтыбаевтың газет тілшісіне мәлім еткеніндей, Индердегі тұзды көлде барланған болжам бойынша 2 миллиард тоннадай тұз қоры бар. Әрине, тұз бірден қазылып алынып, қапшықтарға қаптала салынбайды. Тұз дайындаудың бірнеше үдерісі бар. Алдымен алып экскаваторлар көл тұзын «КамАЗ»-дарға тиейді. Ал «КамАЗ»-дар тиелген тұзды «Тұз» серіктестігінің тазалау орнына жеткізеді. Бұл жерде серіктестік жұмысшылары тонна-тонна тұзды әбден тазалаудан өткізеді.
– Қазір біздің кәсіпорында тұзды көлден өндірілген тұзды, –дейді серіктестіктің директоры Әбиірбек Тоқтыбаев, –өңдіруден өңдеуге дейінгі сатылы үдерістерді атқаруға 35 адам тартылып отыр. Бұлардың барлығы да Индер ауданының тұрғындары, жұмыстары тұрақты дей аламын. Өйткені, сапалы тұз өнімдеріне сұраныс ұдайы болып тұрады. Демек, біздің өндірістің тоқтап тұруына, не кідіріспен жұмыс жасауына еш негіз жоқ.
«Тұз» серіктестігі иодталған ас және техникалық тұз дайындайды. Мәселен, 2011 жылы 21 000 тонна тұз өнімдері дайындалыпты. Әсіресе, техникалық тұзға сұраныс көлемі артып келеді. Сол себептен тұз өндіретін зауыттан айына 500 тонна ас тұзы шығарылады. Ас тұзы 10-30 келілік қапшықтарға, сонымен бірге, 1 келілік арнайы қорапқа салынып, сатылымға шығарылады. Иодталған ас тұзы Қазақстанның барлық аймағына таралады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына, соның ішінде малға қажетті тұзды арнайы станокта кірпіш тастың көлеміндей етіп дайындайды. Бұл кәсіпорынның тұзын асма ауруына қарсы ем ретінде де қолдануға болады екен. Ал техникалық тұзды «Бейкер Хьюз Сервис Интернэшнл», «Халлибуртон Интернэшнл», «Теңізшевройл», «Интергазсервис», «ЭраОйл» секілді мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы ірі компаниялар пайдаланады. Серіктестік директоры Ә.Тоқтыбаевтың айтуынша, зауыттың қуаты айына 50 000 тоннаға дейін техникалық тұз дайындауға жетеді екен. Енді осы серіктестік жаңа бір өнімді шығаруға оң қадам жасағалы отыр.
– Индер тұзынан, – деп жалғастырды әңгімесін серіктестік басшысы бізді тұз өндіру үдерісімен таныстыра жүріп, – тек ас және техникалық тұз дайындаумен шектелгіміз келмеді. Мұндағы тұз қоры мол әрі сапалық құрамы ерекше, тіпті, одан натрий гипохлоридін дайындауға әбден болады. Сол себептен, тұз құрамын арнаулы зертханаларда зерттедік. Бірақ біздің елімізде натрий гипохлоридін шығаруға лайықталған технологияның жоқтығынан ойға алған істі кешеуілдеттік. Әлемнің біраз елінен осындай өнім шығаруға лайықты технологиялардың мүмкіндіктеріне талдау жасап көрдік. Сөйтіп, Ресейдің технологиясын алуға берік тоқтам жасадық.
Серіктестік басшылығы жаңа технологияны іске қосу жобасымен екінші деңгейдегі банктерден несие алуды мақсат тұтқан екен. Әрине, әр банктің талабы әрқалай. Натрий гипохлоридін өндіру зауытын салмақ ниетті көздеген серіктестік «АзияКредитБанк» АҚ-тан 290 300 000 теңге несие алды. Содан соң ұзындығы – 54, ені – 21, биіктігі 8 метр болатын жаңа зауыт құрылысын салу, құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету үшін Ресейдің Санкт-Петербург қаласында орналасқан «Авангард» ААҚ-пен келісім-шартқа отырыпты.
– Натрий гипохлоридін шығаратын зауытты толығымен іске қосқан кезде 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтимыз. Ал жаңа зауытта жылына 30 мың тонна натрий гиппохлориді сұйығын өндіреміз. Бұл өнімнің патенті тек біздің кәсіпорынның еншісінде ғана болады. Біз осы игі іске Елбасының тапсырмасына орай жүзеге асырылып жатқан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қол жеткізіп отырмыз. Осы бағдарлама жемісі ғой, банктен алған 14 пайыздық несиеміздің 50 пайызын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы мемлекет субсидиялап отыр, – дейді серіктестік директоры Ә.Тоқтыбаев.
Қазір Индер ауданындағы «Тұз» серіктестігінің тапсырысымен жаңа зауыттың құрылысын «ОнурГрандКонтракшн» серіктестігі жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстарына жергілікті жерден 35 адам тартылыпты. «Тұз» серіктестігінің басшысы Ә.Тоқтыбаев биылғы жылдың үшінші тоқсанына таман жаңа зауыттың іске қосылып, бұған дейін Атырауда шығарылмаған таңсық өнімді шығара бастайтынына сенімді. Ал натрий гипохлориді деп аталатын өнім не үшін қажет? Мұны не мақсатта пайдалануға болады? Біз осы сауалдарымызды тұз өнімдерін өндіретін серіктестіктің директорына қойған едік.
– Натрий гипохлоридін қажет етпейтін сала жоқ деуге болады, – дейді Әбиірбек Тоқтыбаев. – Мәселен, ауыз суға тұтынатын суды залалсыздандыруға және тазалауға ұдайы қолданылатын дәл осындай өнім Ресейден тасымалданады. Көрші елден тасымалданған өнімнің бағасы әрине, тарифке әсер ететіні даусыз. Енді натрий гипохлориді өзімізде шығарылса, оның бағасы өзге елдікінен әлдеқайда арзанға шығады. Бұл өнім сонымен бірге, кәріздер мен мұнай-газ өнеркәсібінің бұрғылау жүйесінде, медицина мен химия өнеркәсібі салаларында кеңінен қолданылады. Әскери салаға да бұл өнім ауадай қажет. Сол себептен, натрий гипохлоридіне сұраныс мол болатынына сенімдімін. Әрине, өз елімізде шығарылғаннан кейін оның бағасы Ресейдікінен қымбат болмайтыны анық.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы,
Индер ауданы.