Қазақстан • 11 Шілде, 2019

Халық ықыласына бөленген гастроль

369 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының 85 жылдығына арналған мерейтойлық гастролі қала күні қарсаңына тұспа-тұс келіп, елорда жұртшылығы шығармашылық топты құшақ жая қарсы алды. «Астана Операның» үлкен сахнасында труппа репертуарының алтын қорындағы және көрермен көзайымына айналған классика жауһарлары ұсынылды.

Халық ықыласына бөленген гастроль

Мерейтойлық бағдар­ламаны П.Масканьийдің «Сельская честь» және Р.Леон­коваллоның «Пая­цы» атты XIX ғасыр­дың соңында композ­итор­ла­р­дың байқауға арнап жаз­ған бір бөлімді опералары ашты. Спектакльдерді қою үшін Италиядан арнайы шығармашылық топ шақырылып, қос опе­раның Алматыдағы тұсау­кесері 2018 жылы өткен еді. 1890 жылы Римде жа­зылған «Сельская честь» операсының тілі халық бастауына, сол дәуір­дің тұрмыстық музыка­сына сүйенеді. Басты пар­тия­ларды: Сантуцца – Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Гүлзат Дәуірбаева, Туридду – Нұр­жан Бажекенов, Лючия – Елена Никонова, Альфио – Ев­гений Шагаров, Лола – Оксана Давыденко) орындады. Руджеро Леонка­валлоның «Паяцы» операсы шындықтан қашып, жөн-жосықсыз рөлдерді сомдайтын, ал ақиқатқа тап болған кезде өздерінің мүсәпірлігін байқамау үшін мән-мағынасыз күйін қайта жалғастыратын күлдіргі кезбе актерлердің өмірін керемет бейнелейді. Мұндағы кейіпкерлерді Канио – Балуан Беркенов, Недда – Зарина Алтынбаева, То­нио – Александр Смета­нин, Беппо – Дархан Жол­дыбаев, Сильвио – Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Андрей Тре­губенко үздік бейнелеп шықты. Спектакльдің қоюшы дирижері – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Бөрі­баев, бас режиссері – Ло­ренцо Мариани (Италия), режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ләйлім Иманғазина, хормейстері – Абай атын­дағы МАОБТ бас хор­мейстері Әлия Темір­бекова. Бұдан бөлек П.И.Чайковскийдің му­зы­ка­сына қойылған Бо­рис Эйфманның «Ан­на Каренина» атты спек­так­ліндегі Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Абай атындағы ҚМАОБТ прима-балеринасы Сәуле Рах­медованың бенефисі көрермендер үшін нағыз сый болды. Комедиялық спектакльдер – Дж.Рос­синидің «Күлбике» операсы мен Л. Минкустың «Дон Кихот» балеті отбасымен келген көрерменді қызыққа толы оқиғалар ізімен Испанияға саяхатқа бастап апарды. Осылайша гастрольдік сапар арқылы әртістердің кәсіби шебер­лігін, режиссурасын, жас буын өкілдерінің аяқ алысын көрсетіп қайтқан теат­р ұжымының мәртебесі мен айбары тағы бір мәр­те асқақтаған күн болды. Абай атындағы Қазақ мем­­лекеттік академиялық опера және балет театры – қазақ халқының рухани символы деуге негіз бар. Өйткені оның тарихы ұлттық опера және балет өнерінің қалыптасуымен, дамуымен және өркен­деуімен тығыз байланыс­ты. Бүгінге дейін театр сах­насында тұңғыш қазақ опералары мен балеттері, орыс, Батыс Еуропа опера классикасы сынды 300-ден астам туынды сахналанған.