Аймақтар • 11 Шілде, 2019

«Үкілі домбыраның» үздіктері

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нағыз шебердің қолы­нан шыққан қай дүние де игілікке ұзақ қыз­мет етеді. Ғасырдан ға­сыр­ға жалғасып келе жат­қан ұлттық құнды­лық­тарымызды ұмыт қалдырмау маңызды.

«Үкілі домбыраның» үздіктері

Қазақта домбыра жасайтын шеберлер аз болмаған, қа­зір де арамызда бар. Қы­зы­ғы сол, ұлттық аспапты жа­сау технологиясы бір бол­ға­нымен, әр аспаптың үні әр бөлек шығады. Атырауда өт­кен «Үкілі домбыра» респуб­ликалық байқауына қатысушы қол­өнершілердің жасаған ас­паптарынан да осыны аңғар­дық.

Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ая­сын­да ұйымдастырылған ша­ра Ұлттық домбыра кү­ніне ар­налды. Еліміздің түк­пір-түк­пірінен келген 30 үміт­кер­дің еңбектерін бағалаған қа­зылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Шәміл Әбілтаев: «Байқауға ұсынылған домбыраның үні таза, қоңыр, тембрі жұмсақ, құлаққа жағымды болуы, сырт пішіні эстетикалық тұрғыдан үйлесімді болуы секілді бас­қа да талаптар қойылды. Бас­т­ысы, домбыраның қал­пын бұзбай, қазақы қоңыр үннің сақталуы шеберлердің қан­шалықты деңгейде екендерін көрсетеді», деп атап өтті.

– Байқау барысында му­зейдің «Этнография» және «Өлке табиғаты» залдарында қолөнер шеберлерінің дом­­быра жасаудан шебер­лік са­ғаттары және тері, ағаш бұ­йымдарынан көрме жәр­меңкесі ұйымдас­ты­рыл­ды, – дей­ді облыстық та­ри­хи-өлкетану музейі бас­шы­­сы­­ның орынбасары Сая Ға­зи­мова.

«Үкілі домбыраның» бас жүлдесін батысқазақстандық Әсима Иманғалиева жеңіп ал­ды. Жүлдегерлер қатарында есімдері аталған Азат Үзен­баев, Талант Тежекенов, Әсет Исе­кеев, Мейірбек Діл­манов, Ғани Жұмабаев, Ер­асыл Уә­лиевтер жасаған ас­паптар об­лыстық музейдің қорына қа­былданды. Айта кетейік, музей қорында 60-тан астам дом­быра жинақталған арнайы коллекция бар.

 

АТЫРАУ