07 Ақпан, 2013

Бірінші бірлескен кәсіпорын

1115 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бірінші бірлескен кәсіпорын

Бейсенбі, 7 ақпан 2013 7:35

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС еңбек пен әлеуметтік парызға  адалдықтың үлгісін танытып келеді

Жуықта еліміздің мұнай-газ саласына инвестиция тартып, шетелдіктермен бірлескен кәсіпорын құрудың алғашқы қар­­­­лығашы саналатын «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-нің құрыл­ғаны­на 20 жыл толды. Осы мәселеге орай аталған кәсіп­­­­­орынның бас директоры Нұрпейіс МАҚАШЕВТЫ әңгімеге тарттық.

 

Бейсенбі, 7 ақпан 2013 7:35

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС еңбек пен әлеуметтік парызға  адалдықтың үлгісін танытып келеді


Жуықта еліміздің мұнай-газ саласына инвестиция тартып, шетелдіктермен бірлескен кәсіпорын құрудың алғашқы қар­­­­лығашы саналатын «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-нің құрыл­ғаны­на 20 жыл толды. Осы мәселеге орай аталған кәсіп­­­­­орынның бас директоры Нұрпейіс МАҚАШЕВТЫ әңгімеге тарттық.

– Нұрпейіс Мақашұлы, ел тәуелсіздігінің, оның дербес саяси және экономикалық субъект ретінде шетелдермен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуының төлтумасы ретінде өмірге келген сіздің кәсіпорынның құрылғанына 20 жыл толып отыр екен. Сіз басқарған ұжымды осы мерейлі мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Осы 20 жыл ішінде кәсіпорын қандай жұмыстарды жүзеге асырды? Осыған тоқтала кетсеңіз.
– Біздің кәсіпорынның құрылуына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырлас түрік елімен тәуелсіздігіміздің алғашқы сәтінде-ақ ынтымақты қарым-қатынас орнатуы себеп болғандығын айта кетуіміз парыз. Екі ел басшылығының барыс-келіс жасап, экономикалық мүдделеріміздің тиімді нүктелерін айқындауының нәтижесінде біздің еліміздің Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі мен Түрік ұлттық компаниясы арасында 1993 жылдың 9 қаңтары күні бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім-шартқа қол қойылған екен. Сөйтіп, біздің елімізде мұнай бизнесі саласындағы құрылған тұңғыш бірлескен кәсіпорын ретінде «Қазақтүрікмұнай» ЖШС 1993 жылдың 4 ақпанында аталған министрліктің есебінде №1 хаттама бойынша тіркеуден өткен. Мұның өзі «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-нің еліміздің мұнай-газ саласында құрылған бірінші бірлескен кәсіпорын екендігін дәлелдейтін құжат.
1997 жылдан бастап Қазақстан тарапынан кәсіп­орын құрылтайшысы болып «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясы белгіленсе, қазіргі күні бұл мін­детті «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ атқарып келеді. Кәсіпорынның акция­лары пакетінің 51 пайызы Қазақстан жағында, 49 пайызы түрік еліне тиесілі. Яғни, басқару тізгіні Қазақстанның қолында деп айтуға болады.
Бірлескен кәсіпорынның бірінші бас директоры Бақтықожа Ізмұхамбетов оны құрып қалыптастыруда елеулі жұ­­мыстарды жүзеге асырды. Мұнан кейін оны Нұрлан Ноғаев басқарды. Осы екі азамат та қазіргі күні облыстарды бас­­­қаруда. Осыған қарап-ақ бірлескен кә­­­сіпорынның жұмысы кадрлар үшін шың­далу мектебі болғандығын аңғаруға болады.
Жасалған келісім-шартқа сәйкес кәсіпорынның алдына еліміздің батыс өңірлерінде мұнай қорларын іздестіру және барлау жұмыстарын жүргізу, ашылған кен орнын өндірістік тұрғыдан игеріп, экономикалық пайда әкелу міндеті жүктелген. Осы іске жұмсалатын шығындарды түрік жағы өз мойнына алып, кәсіпорынды қаржыландыру үшін 270 млн. доллар инвестиция салған. Бұл шығындарды мұнайды игерген кезде түсетін пайда есебінен қайтару көзделген.
«Қазақтүрікмұнай» ЖШС мұнай­­ды іздестіру жұмыстарын Батыс Қа­­зақстанның 4 облысының (Ақтөбе, Ба­тыс Қазақстан, Атырау және Маң­­­­­ғыс­­тау облыстары) 25,9 мың шаршы ша­қырымды қамтитын 45 барлау ала­ңында жүргізді. Олардың 14 алаңынан оң нәтижелер байқалып, белгілі болған көмірсутек қорлары мемлекеттік есепке енгізілді. Осы кезеңде бірлескен кәсіпорынның құрылуы көптеген еңбек ұжымдарын сақтап қалуға және бұрын басталған мемлекеттік геологиялық бағ­дарламалардың ұштасып орындалуына мүмкіндік туғызды. Өйткені, кә­сіпорын тапсырыстары бойынша бір­қатар мердігер мекемелер жұмыстар жүргізді.
Қазіргі күні кәсіпорын Ақтөбе облы­сындағы Лақтыбай және Оңтүстік Қаратөбе кен орындарында мұнайда өнеркәсіптік өндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар, Маң­­­ғыстау облысының Батыс Елемес, Ш­ы­ғыс Сазтөбе, Оңтүстік-шығыс Саз­төбе, Солтүстік-шығыс Сазтөбе кен орындарында өнеркәсіптік өңдеу жұ­­­­мыстарын қолға алып отыр. Өзі құрылған уақыттардан бері жиыны 3 млн. 780 мың тоннадан астам мұнай өндірді.
Түрік тарапынан салынған инвестицияны кері қайтару 2000 жылдан басталды және өндірісті бұдан әрі дамытуға өз қаражаты есебінен қаржы сала бастады. Өткен жылдың соңындағы мәлімет бойынша инвестиция бойынша қарыз 57 млн. долларды құрап отыр. Бұл қарызды кешіктірмей өтейтіндігімізге сенім зор.
Қазіргі күні кәсіпорында 400 адам еңбек етеді. Егер олардың отбасында 5 адам бар деп есептегеннің өзінде кәсіпорынымыз 2000 адамның тұрмыс жағ­дайына тікелей ықпал етеді екен. Мұның сыртында бюджетке төлейтін салығымыз, өзіміз еңбек ететін өңірлерге көрсететін демеушілік көмегіміз, басқа да кәсіпорындарға беретін тапсырыс­тарымыз бар. Осылардың бәрінің басын қосатын болсақ, кәсіпорын өзінің 20 жылдық тарихында ондаған мың адамның тұрмысын түзетуіне ықпал еткендігін байқауға болады. Яғни, ол өзіне жүктелген міндетті барынша адал және жүйелі жүзеге асыру үстінде.
– Кәсіпорынды соңғы 6 жылдан бері сіз басқарып келесіз. Осы 6 жылда мұндағы мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда үлкен жұмыстардың жүзеге асы­­­­рылғандығына, мұның сыртында кәсіпорын еңбек еткен өңірлерде ірі-ірі әлеуметтік жо­­­балар жүзеге асып, халықтың көзайымына айналғандығына куә болып отырмыз. Соның бір жарқын дәлелі «Қа­­­­зақтүрікмұнай» ЖШС-іне 2011 жылы Елбасының «Парыз» сыйлығының берілуі болып табылады. Осы туралы ашып әңгімелей кетсеңіз.
– «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-іне келгенге дейін де талай басшылық қызмет атқардық. Атырау қа­­­ласының әкімі, облыс әкімінің орынбасары, «Ем­­бі­мұнайгаз» өндірістік филиалының директоры, Парламент Мәжілісінің депутаты секілді қызметтерде болдық. Елмен араласа жүріп, еңбек еткендегі бір байқағаным егер басшы адам әлеумет қамын дұрыс ойлап, өзімбілемге салынбай, көп мәселені ұжыммен ақылдасып отырып шешетін болса, оның ісі өнімді болмақ.
Осы кәсіпорынға бас директор болып таға­йын­дал­ғаннан кейін ұжым жағдайымен жете танысу үшін кә­­­­сіп­орынның басшылық құрамын бірге ертіп алып, өндірістің басында болып, мұнайшылармен бірнеше кездесу жасадым. Онда кәсіпорынның алдында тұрған міндеттері туралы айтылып, сол міндетке қол жеткізу үшін ұжымға қандай жағдай керегі жан-жақты сөз болды.
Осы сапарлардың қорытындысында біз Қазақстанда алғашқылардың бірі болып кәсіпорындағы жұмыс­шы­лармен ұжымдық әлеуметтік келісім-шарт жасасу ісін қолға алдық. Осы шарт бойынша ұжымдағы барлық еңбеккерлерге көрсетілетін әлеуметтік жәрдем пакеттерінің топтамасын жасап ұсындық. Онда жұмысшыларды тегін медициналық сақтандырудан бастап, олардың еңбек және тұрмыс жағдайына әсер ететін басқа да бірқатар жеңілдіктер қарастырылды.
Мұның сыртында кәсіпорында еңбек еткен адамдардың жалақыларын әр жыл сайын 10 пайызға өсіріп отыру дәстүрін енгіздік. Сөйтіп, соңғы 5 жылдың өзінде ғана жұмысшылардың жалақылары 50 пайызға өсіп отыр. Мұның сыртын­­­да адамның кәсіпорында істеген еңбек өтіліне байланысты үстеме тағы қосылады. Мәселен, біздің кәсіпорында еңбек еткен әр жылына 1 пайыздан қо­сып отырамыз. Егер 10 жыл еңбек ете­тін болса 10 пайыз үстеме алады. Бұл үстемені 30 пайызға дейін өсіруге болады.
Біздің кәсіпорнымыз соншама үлкен емес, бар-жоғы 400 адам еңбек етеді. Бірақ, кәсіпорын жұмысшыларына біздің жасап отырған қамқорлығымыз мұнай алпауыттарынікінен кем емес. Осыны ұжым мүшелері дұрыс бағалап келе жатыр деп есептеймін.
Айта кетерлік бір мәселе, біздің компанияда бірде-бір адам жұмыстан қысқарған емес. Қайта өндірісті кеңіту негізінде жаңа адамдарды жұмысқа қабылдауды ойластырамыз. Мәселен, мен келген кезде бұл ұжымда 379 адам еңбек етіп жатыр екен. Қазір олардың саны, жоғарыда айтқанымыздай, 400 адамға жетіп отыр.
Міне, осындай жағдайлардың барлығы ұжымның тұрақтылығына, еңбек дауларының болмауына қолайлы әсер етуде.
Екінші бір айта кетер дүние, кә­сіпорын мұнай саласында қызмет ете­тін болғандықтан, оның әсерін жер­гілікті халық та сезінуі тиіс. «Құзғын бауырына басып жейді, сұңқар шашып жейді» деп айтылғандай, өз жерлерінен шығып жатқан мұнай мен газдың игілігін жергілікті халық жақсы сезінген жағдайда ғана ол ортамен толық түсіністік орнатуға болады деп есептеймін.
Міне, осындай мақсаттарды алға қоя отырып, Байғанин ауданындағы Оңтүстік Қаратөбе кен орнына жақын маңда орналасқан Жарқамыс ауылының халқын тегін газбен жабдықтау ісін қолға алдық. Осы үшін Оңтүстік Қаратөбе мен Жарқамыс ауылының арасындағы 5 шақырымдық қашықтыққа диаметрі 159 мм-ді құрайтын құбыр орнатылды. Оңтүстік Қара төбеден электр энергиясын өңдеу үшін газ поршеньді электр стансасы салынды. Жарқамыс ауылындағы қосалқы станса қайта жаңғыртылды. Басқа да жұмыстар жүзеге асты. Сөйтіп соңғы 5 жылдан бері Жарқамыс ауылының тұрғындары біздің кәсіпорын өндіретін газды тегін пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр.
Мұның сыртында газ жабдықтау жүйесінің ауыл ішіндегі құрылысы үшін Байғанин аудандық әкімдігіне қосымша 3 745 500 теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетілді. 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап Маңғыстау облысындағы кен орындарында да леспе газды кәдеге жарату жүйесі пайдалануға берілді.
Бұл жұмыстың тағы бір қыры бұрын алау боп жанып тұратын ілеспе газды кәдеге жарату еліміздің экологиясына да әсері бар. Қазіргі уақытта Үкіметтің мұнай саласындағы компанияларға қоятын үлкен бір талабы кен орындарында леспе газ арқылы жанып тұрған алауларды сөндіріп, оны өңдеп, іске жарату болып табылады. Міне, біз осы іспен толық көлемде шұғылдану үстіндеміз. Осыған байланысты газ құбырлары тартылып, компрессорлық стансалар салынуда. Қазіргі күні жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде еліміздің ішкі рыногындағы тұтынушылардың қажеттілігін өтеу үшін осы мақсаттағы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-тың газ тасымалдау жүйесіне құрғақ газ беру жұмыстарын жүзеге асыру үстіндеміз. Бұл жөніндегі өндірістік көрсеткішіміз жылдан-жылға қарқынды түрде арту үстінде. Мәселен, 2011 жылы берілген газ көлемі 7,6 млн. текше метрді құраса, өткен жылы 55 млн. текше метр болды. Ал биылғы жылғы көлемді 75 млн. текше метрге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Аталған іске 25 млн. 858 мың АҚШ долларын жұмсадық.
Сөйтіп, біздің кәсіпорын Қазақстанда бірінші болып ілеспе газды кәдеге жарату бағдарламасын жүзеге асырды. Біздің бұл жөніндегі көрсеткішіміз 95 пайызға дейін жетіп отыр.
– Компанияда басқа қандай әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда?
– Оның бәрін айта берсек, мақ­­танғандай болармыз. Бірақ, сіз сұрап отырған соң бірқатарына тоқтала ке­тейін. Компания құрылған кездегі «Қа­зақтүрікмұнай» ЖШС мен Инвес­тициялар жөніндегі агенттік арасында жасалынған келісімге сәйкес Ақтөбе облысындағы инфрақұрылымдарды дамыту үшін өңірге жыл сайын 100 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы беріліп келеді. Бұл қаржы Ұлы Отан соғысы ардагерлерін баспанамен қамтуға, бөбектерге балалар бақшаларын салуға, әлеуметтік орындар мен ауыл тұрғындарын газбен қамтамасыз етуге жұмсалады.
Мұның сыртында 1996 жылы Маңғыстау облысы­ның Ақтау қала­сында ұзақ жылдар мұнай-газ саласында еңбек еткендер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 78 пәтерді сыйға тарттық. 2010 жылы осы облыстың Бейнеу ауданындағы Бұранқұл ауылында алғашқы медициналық көмек орталығының құрылысын жүргізуге 8 миллион теңге қаржы бердік. Атырау қаласындағы спорттық сауықтыру кешенін, Геолог кентіндегі жылу орта­лығын қайта жөндеу, балабақша, оқу комбинаты ғимараттарын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Маңғыстау ауданы, Оңды ауылындағы орта мектепке кітапхана сыныбы жасақталып берілді. Басқа да көптеген әлеуметтік шараларды жүзеге асыруға демеушілік көмектер көрсетудеміз.
– Осындай еңбектеріңіз ел кө­лемінде лайықты бағаланып ке­ле жатқандығын естідік. Президенттің «Парыз» сыйлығына ие болдыңыздар. 20 жылдық мереке қарсаңында Елбасымыз арнайы хат жолдап, құттықтаған екен. Басқа да алып жатқан марапаттарыңыз бар шығар?
– Әрине, жоқ деп ауыз сүрту­ге кел­­­­мес. Компания­мыздың ел игілігі жо­лын­­да жүргізген жұмыстары отан­дық, әлем­­­­­­­­дік деңгейде оң ба­ғасын алуда. Мәсе­­лен, 1999 жылы Фран­цияның ұлттық өнеркәсіпті қол­дау ассоциациясының «Алтын» жүл­десін жеңіп алдық. 2008 жылы эко­номика саласындағы тиімді ын­ты­­­мақ­тастықты нығайтқанымыз үшін Ресей Думасында өткен арнайы шарада «Звезда Содружества» дипломымен марапатталдық. Ал «Үздік әлеу­мет­тік жыл жобасы» номинация­сы бойынша бізге Елбасының «Па­рыз» сыйлығының берілуі – біздің жұ­мы­сы­мыз үшін берілген үлкен баға.
Түптеп келгенде, біздің негізгі мақ­сатымыз компанияның алдына қойылған негізгі міндеттерді жүзеге асыру арқылы ел экономикасының да­муы­на лайықты үлес қосу. Егер жұмыс өнікті болса, тұрмыс та жайлы болатындығы ақиқат. Компаниямыз бұл қағидатты жыл өткен сайын дәлелдеу үстінде. Халқымыздың «Еңбек етсең – емерсің» деп айт­қа­нындай, осы еңбектің арқасында компания жұ­мысшыларының әлеуметтік жағдайы жақсарып келе­ді. Осы мәселені мен үздіксіз қада­ғалап отырамын. Компанияның жауапты қызметкерлері айына екі рет аймақтағы жұмысшылармен кездесуге барады. Компания жұмыс жасайтын өңірлер халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға да үздіксіз үлес қосу үстіндеміз.
Қысқасын айтқанда, өзіміздің 20 жылдық мерекемізге ешқандай бір айғай-шусыз, ың-шыңсыз еңбек пен тұрмыста өрлеу үстінде жеттік. Осыған шүкір дейміз.
Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».