08 Ақпан, 2013

Бір өзі бір қалашық

258 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір өзі бір қалашық

Жұма, 8 ақпан 2013 7:23

«О, Жаңаарқа жайнаған екен», деп бұл жақта екі-үш шақты жыл бұрын бір болған көліктес әріптес дауысы таңырқап шығып, жан-жағына сүйсіне қарайлап қалғанда аудан орталығы Атасудың көрікті құшағы ашыла берген еді. Жиі жол түсіп, жиі көріп жүрген бізге таңсық болмағанмен шынында тамсанарлықтай сән-ажары көзді үйіріп, көңілді баурарлық бола түсуі сүйінішке сүйініш қосты. Көлемі, тұрғыны шағын болса да, басқа жақтарынан қаладан қалғысыз, сағым ойнаған жапан далада кенет көкжиектен көмкеріліп шыға келер кент келбетін Қарағанды бағытынан кіреберіс жол бойында бой көтеріп, қанат жайған әдемі үйлер одан сайын әсемдендіріпті. Бұған дейін шаңы бұрқырап жататын шеткері аймақ өз алдына бір бөлек қалашыққа айнала қалыпты.

Осы тұс алғашқы тұрғын жайлар қатар түзегеннен бері қуанышты жаңалықтар лебі жиі есуімен белгілі. Жас отбасылар, жалғызілікті аналар, дамуы шектелген алыс ауылдардан қоныс аударушылар жылына көп уақыт аралатпай кезек-кезегімен баспаналы болып жатады. Жылы, суық су, жылу тартылған, іші-сырты сыңғырлаған, тұрмысқа жайлы 2-3 бөлмелі пәтерлер іле қызық-думанға толады. Әсіресе, былтыр шаттыққа бөленгендер көп болды. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы шапағаты 160 отбасына тиді.
Солардың бірі Аягөз Тәжібаева бүгінде күні кеше қол жетпес армандай көрінген жеке пәтерде тұрады. Бидайық ауылымен іргелес 69-шы разъезде мамандығына сәйкес жұмыс жоқтығына, үбірлі шаңырақтың арқа сүйеріне байланысты осы екі тілегін аудандық әкімдікке өтініш еткенде орындалуын көп күтпепті. Алдымен Ғалым Жарылғапов атындағы кәсіптік-техникалық мектепке медбике болып орналасқан соң ұзамай жаңа пәтер кілті де қолына тиген. Ал Ақтайлақ аулынан осындайлық себеппен келешегіне тірек іздеп келген Надежда Бочарова да өзін бақытты жан санайды. Жұмысы да, баспанасы да бар қазір.
– «Жаңаарқа-80» аталатын бұл қалашық тұрғындарының бірқатары он-он бес қана түтін қалған шалғай ауылдардан амалсыз ел іші ортасына қоныс аударуға мәжбүр болғандар. Мұндай топтағыларға «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына сәйкес көмек-қолдау барынша жасалып жатыр. Былтыр еңбекке қамтылғандар ішінен 104 отбасы қоныстандырылды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің, еңбек ардагерлерінің үлкен тобы олармен көрші атанып, бірге шаңырақ көтеру шаттығына бөленді. Аталған шағын ауданда тұрғын үй құрылысының құлашы биыл одан әрі кеңге сермеледі, – дейді аудан әкімінің орынбасары, осынау істің ұдайы басы-қасындағы Марат Әбдішев.
Әр жақсылық жақсылыққа қозғау. Қызу құрылыс бір жағынан жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік берген. Оған қолы жетпей қиналушылар 5-тен 3 пайызға төмендесе, таяу уақытта 0,3 пайызға түсіру көзделіп отыр.
Бір өзі бір қалашықтай жаңа мекен кішкене тұрғындарының да қуанышы бөлек. Аулада өздеріне арналған ойын алаңы бар. Бой көтермек әлеуметтік-тұрмыстық нысандар көркін сәндендіре түспек. Атасудың ертеңгі кейпін көзге елестетерлік әдемі көрінісі болмақ.
Аудан орталығы ғана емес, жалпы өңір бейнесінің күннен-күнге танығысыз құлпыруы, жергілікті жұрттың тұрмыс жағдайының қызығарлықтай жақсаруы, өскен өмір жарқын нышанының кім-кімнің жүзінен жарқырауы шет жақтағы ауылдардағы да құбылыс. Түгіскеннің, Ескененің, Ақтүбектің түленіп, түрленген келбеттеріне қарап-ақ Жаңаарқа жеріндегі жаңару лебінің қандайлығы анық аңғарылады. Мемлекеттік қолдаумен бірге өз күштерімен үй тұрғызу, ынталылықпен тұрғылықты мекендерді абаттандыру, тұрмыстық мәдениетті мәуелендіру елдік ортақ құлшыныс.
Айқын Несіпбай,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы,
Жаңаарқа ауданы.