Баға тұрақтандыруға байыптылық қажет
Сейсенбі, 12 ақпан 2013 7:21
Облыстың жаңадан тағайындалған әкімі Самат Ескендіров үшін Қызылжар өңірі жақсы таныс. Жамбыл, Қызылжар ауданын, облыс әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары лауазымдарын абыроймен атқарды. Парламент Сенатының депутаты болып жүргенде де аймақтың әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласты. Басшылық қызметке кірісуін дағдысы бойынша тұрғындардың өмір сапасын, тұрмыс-тіршілігін зерделеуден бастады. Коммуналдық базарларды, сауда нүктелерін, әлеуметтік нысандарды аралап, бірінші сұранысқа ие тауарлар мен азық-түлік бағаларының қолжетімділігін байқады. Адамдармен әңгімелесіп, өтініш-тілектерін тыңдады.
Сейсенбі, 12 ақпан 2013 7:21
Облыстың жаңадан тағайындалған әкімі Самат Ескендіров үшін Қызылжар өңірі жақсы таныс. Жамбыл, Қызылжар ауданын, облыс әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары лауазымдарын абыроймен атқарды. Парламент Сенатының депутаты болып жүргенде де аймақтың әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласты. Басшылық қызметке кірісуін дағдысы бойынша тұрғындардың өмір сапасын, тұрмыс-тіршілігін зерделеуден бастады. Коммуналдық базарларды, сауда нүктелерін, әлеуметтік нысандарды аралап, бірінші сұранысқа ие тауарлар мен азық-түлік бағаларының қолжетімділігін байқады. Адамдармен әңгімелесіп, өтініш-тілектерін тыңдады. Қалыптасқан жағдай мен проблемаларды ой таразысынан әбден иінін қандырып өткізгеннен кейін әкімдіктің кеңейтілген мәжілісін шақырды. Ондағы мақсат тиісті ведомство жетекшілерінің есептерін тыңдай отырып, кемшіліктер мен олқылықтарды шұғыл түрде түзетудің нақты шараларын қабылдау еді.
Мінбеге бірінші болып облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Зиядден Молдағанапов көтерілді. Ол өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндап берді. Өңірдің ішкі жалпы өнімінің мөлшері жарты триллион теңгеден асқан. Кедейшілік деңгейі – 0,6, жұмыссыздық 0,2 пайызды құраған. Әрине, тоқ цифрлар мен дәйекті деректер жиналғандарды бір желпіндіріп тастағанмен, мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктер мен қаржылық қолдаулардың жан-жақты пайдаланылмай жатқанын Самат Сапарбекұлы әр сөзінде аңғартып отырды. 8 аудан – ет, 10 аудан сүт өнімдерінің азаюына жол берген. Әсіресе, аудандардың өнім өндіру жөніндегі көрсеткіштерінің арасалмағы мен ала-құлалығы ойландырмай қоймайды. Мәселен, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша Айыртау, Уәлиханов аудандарына айтылатын сын көп. Кәсіпорындарға инвестиция тарту жайы да көңіл көншітпейді. Шынында да, үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде 26 жобаның жүзеге асырылуы, 22 мыңға жуық кәсіпкерлік субьектілерде 90 мыңнан астам адамдардың жұмыс істейтіні секілді жұртшылыққа онсыз да белгілі жалпылама мәліметтерді тілге тиек ете бергенше шағын және орта бизнестің бәсекелестікке қарым-қабілетін кешенді арттыру жолдары департамент басшыларын аз ойландыратын тәрізді. Менеджмент жүйесін халықаралық өлшемдерге сәйкестендірген кәсіпорындар саны 100-ден сәл ғана асады. Жеке кәсіпкерлікпен айналысушылар саны 2,6 пайызға кеміп кеткен. Өнім шығару көрсеткіші де төмен. Жұмыспен қамту жайы да қанағаттандырмайды. Кәсіпкерлікті өрістетуден облыстың ең соңғы сатылардың біріне орналасуы біраз жайтты айғақтаса керек. Облыс әкімі әр сала бойынша проблемаларды атап көрсетіп, жиналғандар назарын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына аударды. Қаржыландыру көлемінің ұлғаюына орай кәсіпкерлікпен айналысушылар қатарын 30 пайызға дейін арттыру міндетін қойды. Мемлекет шағын және орта бизнеске жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Біз осы мүмкіндіктерді қалт жібермеуіміз керек. Бір жыл ішінде бөлшек сауда айналымының 16 пайызға ғана ұлғайғанымен еш ымыраласуға болмайды, –деп нықтады С.Ескендіров.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Т.Құлжанова мен «Солтүстік ӘКҚ» басқармасының бастығы А.Ченнің негізгі азық-түлік және тауарлар бағасына қатысты хабарламалары да көңіл көншіте қоймады. Олар қырыққабаттың 8,3 пайызға қымбаттауын былтырғы өнімнің аздығымен түсіндірсе, жұмыртқа бағасының 10 пайызға жоғарылауына себеп айта алмады. Облыс жұмыртқа өндіруден елімізде алдыңғы орындардың бірін иеленетінін, жыл өткен сайын өндіріс ауқымы еселеніп келе жатқанын елемеуі түсініксіз. Бір таңғаларлығы, жергілікті тұрақтандыру қорында қырыққабаттың мол қоры бола тұра, болмашы бөлігі ғана саудаға шығарылған. Олай болса, баға ырықтанып барады деп жар салуларына жол болсын! Жарма, шай, макаронның да бағалары көтерілгені байқалады. Жеміс-жидек сататын сауда нүктелері аз деген сылтауға аймақ басшысы келіспеді. Жиында жарманың, күріштің, картоптың мол қоры жинақталып қалғанына қарамастан, саудаға шығарылуы қанағаттанғысыз күйде.
Тұрақтандыру қорын құруға Үкімет айтарлықтай қаржы бөліп отырса да, игере алмай отырғанымыз жараспайды. Онда сақтаулы көкөністің 10 миллион теңгесі ғана сатылған. Соның салдарынан ӘКҚ жарты миллиард теңге қарызға батқан. Оңтүстік аймақтардан жеміс-жидек жеткізілетін күн алыс емес. Сонда мемлекет қаражатын босқа рәсуә еткеніміз бе, деп, ұйымдастыру жұмысындағы оралымсыздықтарды дереу түзетуге пәрмен берді. Қосымша сауда нүктелерін ашып, кәсіпкерлерді тартуды міндеттеді. Аудан әкімдеріне де үлкен сұранысқа ие азық-түлік бағаларының қолжетімділігін қалыптастыруға нақты тапсырмалар жүктеді. Тұрақтандыру қорындағы азық-түлік пен көкөніс түрлерін жұртшылыққа арзан бағамен жеткізудің басқа да шаралары бекітіліп, өмірлік маңызы бар мәселелер облыс әкімінің тікелей бақылауына алынды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.