12 Ақпан, 2013

Жұмыс жағдаймен танысудан басталады

401 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жұмыс жағдаймен танысудан басталады

Сейсенбі, 12 ақпан 2013 7:33

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» де­ген аталы сөз бар халықта. Мұны неге айтып отырмыз? Қызылорда облысына Қырымбек Көшербаев әкім болып тағайындалды. Ай­мақтың жаңа басшысы ең бірінші жұмысын аудандарды аралаудан бастады. Халыққа жақын болудың, елмен етене араласудың нағыз көрінісі осы емес пе? Ауылдардағы ақсақалдармен емен-жарқын сөй­лесіп, елдің проблемасын өз ауыздарынан естіді. Оны шешу жолдарын айтты және нақты тапсырмалар берді.

 

Сейсенбі, 12 ақпан 2013 7:33

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» де­ген аталы сөз бар халықта. Мұны неге айтып отырмыз? Қызылорда облысына Қырымбек Көшербаев әкім болып тағайындалды. Ай­мақтың жаңа басшысы ең бірінші жұмысын аудандарды аралаудан бастады. Халыққа жақын болудың, елмен етене араласудың нағыз көрінісі осы емес пе? Ауылдардағы ақсақалдармен емен-жарқын сөй­лесіп, елдің проблемасын өз ауыздарынан естіді. Оны шешу жолдарын айтты және нақты тапсырмалар берді.

Әкімдік қызметке таға­йын­далған күннің ертесіне Қырымбек Көшербаев облыс орталығын аралады. Қызылорда қаласының әкімі М.Жайымбетов шаһарда атқарылған шаруалардың бар­лығын рет-ретімен таныстырып шықты. Одан кейін аймақ бас­шысының аудандарға сапары бас­талды. Бірінші бағыт  Жаңақорған ауданы еді. Жаңақорған кентінің ішінен жаз болса кеңсірікті жаратын сасық иіс шығады. Аудан орталығында Тайпақкөл деген канал бар. Жаз мезгілінде Сырдарияның деңгейі түсіп кетеді. Осыған дейін дариядан келіп жатқан ағын су жаңағы Тайпақта топтасып қалады да, жаман иіс бөледі. Оған қалың өскен қоғаны, ағайынның алысқа ұзамай төге салатын қоқысын қосыңыз. Өткен күзде аудан әкімдігі өз күш­терімен Тайпақкөлдің қос жие­гін тереңдете канал қазды. Содан бері судың ағысы пайда болып, сасық иістен де арылды. Дегенмен, сол маңда 14 гектар жер бар. Жаңақорғандықтар оны орталық парк және балаларға арналған спорт алаңдары, мәдени орталықтар орналасатын орын ретінде пайдаланғысы келеді. Ай­наласын абаттандырып, саялы ағаштар егіп, гүлзарлар жасауды жоспарлап отыр. Ал осы жұ­мыстарды толықтай жүзеге асыруға 120 миллион теңге қажет екен. Сондай-ақ, аудан орталығын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жағдайын өз дәрежесінде шешуге де қосымша қаржы көзі керек болып тұрған көрінеді.

Аудан әкімі С.Тәуіпбаев облыс басшысына Жаңақорғанда атқарылып жатқан және кезегін күтіп тұрған біраз мәселені айтты. Балабақшаның қажеттілігін, аздығын сөз етті. Сонымен қатар, №3 мектеп-интернаттың да жай-күйі назардан тыс қалмады. Мек­теп-интернат 1964 жылы салынған. Бүгінде әбден ескірген. Мұның үстіне оқушылар саны белгіленген нормадан асып кеткен. Оны күрделі жөндеу үшін 145 миллион теңге қаражат қажет. Қ.Көшербаев тиісті көмектің кезек күттірілмей берілетінін айтты.

Қызылорда облысында «Ба­тыс Қытай – Батыс Еуропа» күре­жолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Қызылорда қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысы шекарасына дейін жол толықтай пайдалануға берілді десе де болады. Дегенмен, осы арада бір мәселе бар. Күрежол барлық аудан орталықтарын айналып өтіп кетті. Ал үлкен жолдан орталықтарға кіретін ескі жол жөндеусіз қалып жатыр. Шиелі ауданын аралаған облыс басшысы ең алдымен осы мәселемен танысты. Аудан әкі­мі Н.Нәлібаев жолдың жайын, халықтың қатынауына қиындық туғызып жатқанын жеткізген. Қырымбек Елеуұлы тиісті көмектің берілетінін мәлім етті.

Шиеліде Нартай ақынның атын­дағы ауыл бар. Осы ауылда Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева тұрады. Қырымбек Елеуұлы өмірі еңбекпен өткен кейуанаға арнайы барып сәлем берді. Әкімнің арнайы келіп сәлем бергеніне разы болған Қазанбаева батасын беріп, ақ жол тіледі.

Шиелі кентінде өткен жылы мүгедек балаларға арналған 50 орын­дық интернат ғимараты пай­­далануға берілген болатын. Ғимараттың құрылысына «Қаз­атом­өнеркәсіп-Демеу» жеке ша­­руа­шылық серіктестігі мен об­лыс әкімдігінің арасындағы ынтымақтастық келісімге сәйкес 496 млн. теңге жұмсалса, оның ішкі жабдықтарына 32 млн. теңге тағы да қосымша қаржы бөлінген. Нақты кезеңде облыстық білім басқармасының қарауындағы №3 облыстық балаларды оңалту орталығы аталатын мекемеде облыс аудандарынан мүмкіндігі шектеулі көптеген балалар ем­деліп, қамқорлыққа бөленуде. Об­лыс әкімі аталмыш оңалту ор­талығының да жұмысымен танысып, өз бағасын берді.

Қ.Көшербаев Сырдария ауданында жұмыс сапарын ең алдымен Қалжан ахунның мешіт-медресесіне аялдап, мемлекет қор­ғауындағы тарихи ескерткішке жасалған жаңғырту жұмыстарымен танысты. Өткен ғасырдың басында балалардың діни сауатын ашу үшін тұрғызылған ғимарат Қалжан ахунның 150 жылдығы тұсында қайта жаңғыртылған еді.

Аудан орталығы Тереңөзек кен­тінің кіреберісінде жақында ғана «Сыр сұлуы» композициясы ашылған. Облыс басшысы атына заты сай, орталыққа көрік беріп тұрған композициямен танысты. Тереңөзек кентін ауыз су­мен қамту, кәріз жүйелерін қай­та құрылымдау және кеңейту 2010 жылы басталған. Ұзындығы 30 мың метр­ге жуық ауыз су жү­йесі, 10 мың метрден астам кәріз жүйесі салынуда. Облыс бас­шы­сына жобаны жүзеге асыру барысын таныстырған «Бақ Береке-2030» ЖШС басшысы Қайрат Ерназаров тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы есебінен жетіспейтін қаржының көлемі 55 миллион теңге болғанын айтты. Облыс әкімі бұл мәселенің орынды шешімін табатынын жеткізді.

Сырдарияда сырға толы бір кездесу болды. Осындағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектепте Қырымбек Елеуұлы білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан.

– Бүгінгі жұмыс сапарым барысында сіздермен дидарласқаныма қуаныштымын. Туған жерге қызмет етуге, перзенттік парызымды өтеу­ге мүмкіндік берген Елбасына ал­ғысым шексіз. Елге еңбек ету бір жағынан – бақыт, екінші жағынан үлкен жауапкершілік жүктейді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын уақытта жұрт­шылыққа бәтуалы сөз айтып, жастардың ерік-жігерін қайраған аға ұрпақ, сіздердің арқаларыңызда еліміз сындарлы кезеңнен сүрінбей өтті,– деді облыс басшысы. Өткен ғасырдың ортасында пайдалануға берілген мектептің жағдайы ауыр екен. Әкім оның да ретімен шешілетінін айтты.

Облыс әкімінің сапары одан кейін Қармақшы ауданында жал­ғасты. Аймақ басшысының ал­ғашқы аялдаған нысаны №79 негізгі мектеп болды. Қармақшы ауылдық ок­ругіне қарасты Қызылтам беке­тінде орналасқан бұл білім ордасы жаңа жыл қарсаңында ғана пайдалануға берілгенін айта кеткен жөн. Ауылда мұнан бөлек жаңа дәрігерлік пункт ел игілігіне берілген екен. Ендігі мә­селе – жол. Ауылға кіретін жолдың нашарлығын сөз етті ел. Облыс басшысы аудан әкіміне жолдың мәселесін реттеуді тапсырды. Сондай-ақ, Қармақшы ауылындағы №113 мектеп ес­кіріп, оқушылардың білім алуына жарамай қалған. Әсіресе, оның спорт залы апатты жағдайда тұр. Қырымбек Елеуұлы апатты мектепті де өз көзімен көріп, аралап шықты.

Қорқыт ата кешенінің жаныннан зиярат етушілерге арналған орталық салынып жатыр. Оның құрылысын «Дорстрой» ЖШС жүргізуде. Қырымбек Елеуұлы бұл жерді туризм орталығына айналдыруға болатынын айтты. Сондықтан жобаны әлі дамыта түссе артық болмайтынын ескертті.

Облыс басшысы жұмыс са­парының келесі бөлігін Жалағаш кентінде жалғастырды. Аудандық орталық ауруханада денсаулық сақтау саласының ба-рысына назар аударды. Аталмыш емдеу орнының ғимараты 1999 жылы асар әдісімен пайдалануға берілген. Ол бұрын құрылысы бітпей қалған аурухана ғимараты еді. Осының салдарынан мұнда бірқатар әлеуметтік мәселе туындаған. Аурухананың бас дәрігері А.Мыханованың айтуынша, бүгінгі таңда кәріз сулары арнайы септик арқылы жиналады. Содан кейін автокөлік арқылы сыртқа шығарылады. Әйтсе де, әрдайым мұндай жұмыстарды атқаруға мүмкіндік жоқ. Соның кесірінен кейде кәріз сулары жайылып, осы аумақта антисанитарлық ахуал туындайды. Сондай-ақ, бүгінгі заман талабына толықтай сай келетін жаңа емдеу орнын салу мәселесі де кешеуілдеп келеді. Аталмыш проблемамен жан-жақты танысқан облыс әкімі бұл бағытта тиісті жұмыстар жасалатынын жеткізді.

Қ.Көшербаев Арал ауда­нын­а сапарын «Атамекен» ЖШС балық өңдеу зауытының бүгінгі жұмысымен танысудан бастады. Облыс әкімі аудандық диагностикалық емхананың да жұмысын көрді. Осыдан 5 жыл бұрын типтік жобамен бой көтерген емхананың бү­гінгі тіршілігін және аудан көлеміндегі денсаулық саласына қатысты атқарылған жұмыстарды емхананың бас дәрігері Ш.Медетов тарқатып айтты. Аталған медицина орталығының соңғы үлгідегі заманауи қондырғылармен жаб­дықталғанын, нәтижесінде соңғы жылдары өңірде сәбилердің ше­тінеуі 2 есе азайғанын тілге тиек еткен бас дәрігер Қамбаш елді мекеніне 1 медициналық жедел жәрдем бригадасы қажеттігін алға тартты. Аралдықтар нарық сұранысына орай темір-бетон бұйымдарын шығаруды жолға қойыпты. Осы орайда, облыс әкімінің назарына «Арал құ­рылысы» ЖШС жұмысы ұсы­нылды. Бұл мекемеде бүгінде 50 адам еңбек етеді. Серіктестік басшысының айтуы бойынша, кәсіпорын өткен жылы 9 миллион теңгенің темір-бетон бұйымдарын өндіріп, 150 миллион теңгенің жұмысын атқарған.

Қазалы ауданында болған аймақ басшысы іссапар кезінде ауданның бiрқатар өндiрiс орындары мен әлеуметтiк нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

«Арал-Сарбұлақ» топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндiрiстiк бөлiмшесiнiң №7 су тарату бе­кетiне аялдады. Бүгінде осы топтық су құбырынан ауыз суды ауданның 22 елдi мекені және 129 кәсіпорны алып отыр. Алайда, осындағы сыйымдылығы 7 мың текше метрлік су сақтау қоймасы аздық етуде.  Оны 20 мың текше метрге жеткізу қажет. Осы мәселелерді Қ.Көшербаевқа «Арал» салынып жатқан кәсiп­орындардың бiрлескен дирекциясы филиалының директоры И.Оңғарбаев пен аудан әкімінің орынбасары С.Мақашов тарқатып айтты. Аса маңызды стратегиялық нысанның тозғанын көзбен көрген облыс әкімі өз тарапынан тиісті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Сонымен, облыс басшысы жеті ауданды толықтай аралап шықты. Көптеген мәселе қозғалды. Оларды шешу жолдары да қарастырылды. Әкімнің аудандарға алғашқы сапары көп нәрседен үміттендіреді. Лайым елдің үміті ақталсын деп тілейміз.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.